«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Буын ауруы жасарып барады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Остеоартроз – әзірге толық емі жоқ ауру. Бұрын кәріліктің дерті са­налса, қазір оған отыз жастан енді ас­қандар да шалдығатын болған. Өңі­рімізде 2021 жылы 1309 адам ос­теоартрозбен дәрігер бақылауында болса, былтыр 1355 сырқат есепке алынған. Ауырғандар саны жылдан жылға артып келеді.

Облыстық көп бейінді аурухана кардиологиялық орталығының ревматологы Ольга Ишинаның айтуын­ша, остеоартроз – әртүрлі шығу тегі бар аурулар тобы. Қол-аяқ, омыртқа жотасы буындарының шеміршегі за­қымданып, уақыт өте келе жойылып, сүйектердің беті жалаңаштанады. Шеміршектерін жоғалтқан сүйектер мен буындар бірін-бірі қажап, ауы­рады.

“Жалпы остеоартроз кезінде сырқатта күндіз физикалық белсен­діліктің әсерінен ауырсыну пайда бо­лады, ал түнде тынышталып, маза­сын алмайды. Кейде керісінше, ты­ныш күйде ауырып, қозғалғаннан кейін басылуы мүмкін. Негізгі белгі­лері – жүріп-қозғалғанда буындар­дың ауыруы, қозғалыстың шектелуі, таңертең сүйек сықырлап, бойды жаза алмау және ұзақ демалғанда ауырсынуды сезіну. Сондай-ақ бұл дерт жүргенде, еңкейгенде, отырған­да пайда болады. Әдетте күш түсетін – тізе, жамбас буындары ауырады”, – дейді Ольга Ишина.

Дәрігердің айтуынша, остеоарт­роз баяу дамиды және бір буын ауруы ретінде басталады, бірақ біраз уақыттан кейін басқа буындар да қосылады, көбінесе алғаш­қы зақымдалған буынға түсетін ауыртпалықты жеңілдету үшін компен­саторлық түрде механикалық жүктемені алған басқа буындар ауырады.

Остеоартроз кезінде тамыр ауру­лары – тамырлардың варикозды ау­руы, тромбофлебит қатар жүреді. Кө­бінесе тізе, қол буындары, бел және мойын омыртқалары, жамбас буын­да­ры, тобық, иық буыны зардап ше­геді.

“Қазір 30-дан енді асқан жастарда да остеоартроз анықтала­ды. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ал жалпы ауруды тудыратын себептерге келсек, оларға мына­лар жатады: ең алдымен, кәрілік жас, тұқым-қуалаушылық, ағзада зат ал­масудың бұзылуы, семіздік, остеопо­роз, дұрыс тамақтанбау, эндокриндік жүйенің бұзылуы, менопауза, жиі тоңу, жарақат алу, артрит, созылма­лы тонзиллит секілді созылмалы ау­рулардың болуы, аяқ тамырының кеңеюі”, – дейді ревматолог.

Остеортроз ауруына негізінен әйелдер бейім келеді, себебі олар­дың тізе буындары осалдау. Сондай-ақ бұл дерттен белгілі бір мамандық иелері зардап шегеді, соның ішінде кәсіпқой спортшылар да бар. Балалық немесе жастық шақта алған жарақат та қартайғанда аурудың дамуына әкелуі мүмкін.

Маман остеоартроз диагнозын растау үшін травмотолог-ортопедке көрініп, бірқатар зерттеу­ден өту қажеттігін айтты. Мұндайда жалпы және биохимиялық қан талда­масын жасап, синовиалық сұйықтық зерттеледі, ауырған жер рентгенге түсіріледі. Буындар ультрадыбыстық әдіспен тексеріледі. Нәтижесінде ос­теоартроздың түрі, сатысы анықта­лады. Егер де диагноз қоюда қиын­дық туса дәрігер сырқатты ревмато­логқа жібереді. Өйткені артроз бен артрит белгілері ұқсас келеді.

Маманның айтуынша, остеоарт­роз­дан толық жазылып кету мүмкін емес. Дерттің төрт сатысы бар. Бас­тапқы кезеңде буынның қатты құ­рылымы өзгеріссіз қалып, қо­ректік орта саналатын сұйықтық бұ­зылады. Ал соңғы сатысында буын қозғалудан қалады, шеміршегі жойы­лып, ісіп қызару процесі жүреді, сүйек шеміршектің жоқтығынан өзгеріске түседі.

“Емделудің бір жолы тәртіпке бағынып, диета ұстау. Дене салма­ғын азайту арқылы буынға түсетін механикалық жүктемені кемітуге болады. Артық физикалық жүктеме­ге, буындардың жарақатына жол бер­меу керек. Жұмсақ орындықтан бас тарту, тік арқалығы бар орындыққа отыру денсаулыққа пайдалы. Ке­реует­тің негізі қатты болып, ағаштан жасалғаны жөн. Зақымдалған буын­ға күш салмау үшін арнайы корсет, тізеқап киіп, таяққа сүйеніп жүруге кеңес беремін. Ал алдын алу үшін дене салмағын бақылауда ұстап, се­міздікке жол бермеу, дене шынықты­рып, күнделікті жаяу жүруді әдетке айналдырған жөн. Майтабан болған жағдайда арнайы ыңғайлы аяқ киім кигеннің маңызы зор”, – дейді Ольга Ишина.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp