Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Айнаш Сағандықова Мағжан Жұмабаевтың 100-ден астам өлеңін жатқа біледі. Ақиық ақынның өлеңдерін насихаттап жүрген ол – Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тумасы. 2010 жылы ауыл мектебін бітіргеннен кейін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің колледжіне түсіп, аталмыш білім беру мекемесін, кейін жергілікті университеті құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
“Бала кезде форма киген адамдарға қызыға қарайтынмын. Арман қуып, заңгерлік мамандық алып шықтым. Алайда уақыт өте келе ойым өзгерді, бұл сала көңіліме жақпайтынын түсіндім. Оқуымды аяқтағаннан кейін 2 жылдай заңгердің көмекшісі болып қызмет атқардым. 2015 жылы мемлекеттік қызметке келдім”, – дейді Айнаш Жұмағалиқызы.
Отбасында үш қыз, Айнаш – ортаншысы. Әпкесі мен сіңлісі өмір жолын әдебиет саласымен байланыстырған екен.
“Бала кезімнен мен де әдебиетке жақынмын, өлең оқу, шығарма жазу өте ұнайтын. Бастапқыда өлең жаттауға туған әпкем Сәлиманың ықпалы болды. Ол менен бір сынып жоғары оқитын. Сәлима 5-сыныптан бастап “Абай оқуларына” қатысты. Үйде оның күн сайын өлең жаттап, байқауларда орын алып жүргенін көріп: “Менің қолымнан да келеді ғой”, – деген ой келді. “Кейін кім қанша өлең жаттады?” деп өзара жарысатынбыз. Содан 7-сыныпта оқып жүрген кезде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін ұстазым Самал Нұрмаханбетова қабілетімді байқап, қолыма Мағжан Жұмабаев атамыздың кітабын ұстатып: “Мағжан оқуларына қатысасың, дайын дал”, – деді. Ұсынысқа қуана-қуана келістім. Ең бірінші жаттаған өлеңім – “Туған жер”. Бір жыл ішінде ақынның 100-ден артық өлеңін жаттап, аудандық байқауда жеңіске жеттім”, – дейді ол.
Айнашқа ақын шығармаларын жаттап алу соншалықты қиын емес. Мағжан – сыршыл, лирик ақын. Сұлу жырлары арқылы кең-байтақ жерімізді мадақтап өтті. Дара тұлғаның артына қалдырған мол мұрасының тақырыбы әр алуан. “Домбыра”, “Зарлы сұлу”, “Тілегім” сияқты өлеңдері арқылы өз заманының өткір мәселелерін көтерді. “Сарғайдым”, “Түс”, “Анама”, “З-ға” сияқты өлеңдері түрмеде отырғанда туып, жан арпалысын суреттеді.
Айнаш Жұмағалиқызына Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңі ерекше ұнайды. Бұрын қолынан кітап түспесе, қазір бос уақыты болғанда ғана сүйікті ақын-жазушыларымен қауышады. Мағжан шығармашылығынан басқа Абай Құнанбаев, Ғабит Мүсірепов, Жүсіпбек Аймауытов, Қасым Аманжоловтың туындыларына басымдық береді.
“Өлең жаттаудың пайдасы зор, сөздік қорың молаяды, есте сақтау қабілетің жақсарады. Мектепте, колледжде оқып жүргенде 20-25 беттік шығармаларды бір рет қана оқып, мазмұнын зуылдатып айтып беретінмін. Қасымдағылар таңғалатын. Ауызша емтихандарда да пайдасы тиетін.Осы күнге дейін талай байқауларға, қатыстым. Соның арқасында біраз адаммен танысып, достар таптым. Әрбір байқаудан кейін ашыла, шыңдала түстім. Жеткен жетістіктерім де аз емес. Мемлекеттік қызметшілер арасында да өлең оқудан, эссе жазудан қалалық, облыстық, республикалық байқаулар өткізіліп тұрады. Сол байқауларда бағымды сынап тұрамын. Әдебиеттен бөлек, спортқа деген қызығушылығым бар. Қазақтың ұлттық ойыны – тоғызқұмалақтан аудандық, қалалық, облыстық жарыстардың жүлдегерімін”, – дейді Айнаш Сағандықова.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.