Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы қабырғасында қазақтың ұлы ақыны, ғұлама Абай күніне орай рухани шара ұйымдастырылды.
Абай күні – руханият мерекесі. Дәл осы күні қазақтың әр баласы “Абайды қаншалықты тани алдым, жүрегінің түбіне терең бойлап жүрмін бе?” деп, өз-өзіне сұрақ қойып, соған жауап беруі тиіс. Өйткені заманалар ауысып, дүние дидары күнде өзгерсе де, халқымыздың данышпанына деген құрмет сезімі еш кеміген емес. Ақынның мол мұрасы баға жетпес, рухани асыл қазынамыз болып қала береді. Қалың елін, қайран жұртын “жеті қараңғы түнде” адастырмай, “бес дұшпаннан” бой суытып, “бес асыл іске” асықтырған Ұлы Абай туған халқымен мәңгі жасайды.
Анығында, Абай күні рухани жаңғырудың жарқын үлгісі. Шара барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері мектеп оқушыларымен бірге Семей қаласындағы Абай мұражайына виртуалды саяхат жасады. Қамза Дарханұлы “Абай жаңа цифрландырылған әлемде” тақырыбында Абайдың өмірі мен шығармашылығы бойынша викториналық сайыс өткізді. Мектебіміздің дарынды оқушылары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Қазақ тілі мен әдебиеті әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Жадыра Қасқырбаева “дөңгелек үстел” отырысын өткізді. Оған қатысқандар “Әнді сүйсең, менше сүй” тақырыбында өрбіген әдеби-музыкалық караоке арқылы Абай әндерін нақышына келтіре орындап берді.
Мектеп жанындағы кітапхана меңгерушісі Райгүл Тұрсынқызы “Абай мұрасы – халық қазынасы” тақырыбындағы кітап көрмесіне шолу жасап, оқырмандарды Абай Құнанбайұлының шығармаларымен, оның өмірі мен қызметі туралы әдебиеттермен, сондай-ақ “Абай әлемі” кітаптар сериясымен басылған еңбектермен таныстырды.
Абай мұрасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Оның әділдік, адалдық, адамгершілік идеяларына негізделген, тағылымы мол шығармашылығы – қазақ әдебиетінің жауһары. Сөзі – қазақтың бойтұмары, мұрасы – қазақтың қазынасына айналған Абай халқымызды Отанды сүюге, ұлтжандылыққа тәрбиелейді.
Айгүл ЕСЕНҒАЛИЕВА,
Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары.