Остеоартроз – әзірге толық емі жоқ ауру. Бұрын кәріліктің дерті саналса, қазір оған отыз жастан енді асқандар да шалдығатын болған. Өңірімізде 2021 жылы 1309 адам остеоартрозбен дәрігер бақылауында болса, былтыр 1355 сырқат есепке алынған. Ауырғандар саны жылдан жылға артып келеді.
Облыстық көп бейінді аурухана кардиологиялық орталығының ревматологы Ольга Ишинаның айтуынша, остеоартроз – әртүрлі шығу тегі бар аурулар тобы. Қол-аяқ, омыртқа жотасы буындарының шеміршегі зақымданып, уақыт өте келе жойылып, сүйектердің беті жалаңаштанады. Шеміршектерін жоғалтқан сүйектер мен буындар бірін-бірі қажап, ауырады.
“Жалпы остеоартроз кезінде сырқатта күндіз физикалық белсенділіктің әсерінен ауырсыну пайда болады, ал түнде тынышталып, мазасын алмайды. Кейде керісінше, тыныш күйде ауырып, қозғалғаннан кейін басылуы мүмкін. Негізгі белгілері – жүріп-қозғалғанда буындардың ауыруы, қозғалыстың шектелуі, таңертең сүйек сықырлап, бойды жаза алмау және ұзақ демалғанда ауырсынуды сезіну. Сондай-ақ бұл дерт жүргенде, еңкейгенде, отырғанда пайда болады. Әдетте күш түсетін – тізе, жамбас буындары ауырады”, – дейді Ольга Ишина.
Дәрігердің айтуынша, остеоартроз баяу дамиды және бір буын ауруы ретінде басталады, бірақ біраз уақыттан кейін басқа буындар да қосылады, көбінесе алғашқы зақымдалған буынға түсетін ауыртпалықты жеңілдету үшін компенсаторлық түрде механикалық жүктемені алған басқа буындар ауырады.
Остеоартроз кезінде тамыр аурулары – тамырлардың варикозды ауруы, тромбофлебит қатар жүреді. Көбінесе тізе, қол буындары, бел және мойын омыртқалары, жамбас буындары, тобық, иық буыны зардап шегеді.
“Қазір 30-дан енді асқан жастарда да остеоартроз анықталады. Бұған не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ал жалпы ауруды тудыратын себептерге келсек, оларға мыналар жатады: ең алдымен, кәрілік жас, тұқым-қуалаушылық, ағзада зат алмасудың бұзылуы, семіздік, остеопороз, дұрыс тамақтанбау, эндокриндік жүйенің бұзылуы, менопауза, жиі тоңу, жарақат алу, артрит, созылмалы тонзиллит секілді созылмалы аурулардың болуы, аяқ тамырының кеңеюі”, – дейді ревматолог.
Остеортроз ауруына негізінен әйелдер бейім келеді, себебі олардың тізе буындары осалдау. Сондай-ақ бұл дерттен белгілі бір мамандық иелері зардап шегеді, соның ішінде кәсіпқой спортшылар да бар. Балалық немесе жастық шақта алған жарақат та қартайғанда аурудың дамуына әкелуі мүмкін.
Маман остеоартроз диагнозын растау үшін травмотолог-ортопедке көрініп, бірқатар зерттеуден өту қажеттігін айтты. Мұндайда жалпы және биохимиялық қан талдамасын жасап, синовиалық сұйықтық зерттеледі, ауырған жер рентгенге түсіріледі. Буындар ультрадыбыстық әдіспен тексеріледі. Нәтижесінде остеоартроздың түрі, сатысы анықталады. Егер де диагноз қоюда қиындық туса дәрігер сырқатты ревматологқа жібереді. Өйткені артроз бен артрит белгілері ұқсас келеді.
Маманның айтуынша, остеоартроздан толық жазылып кету мүмкін емес. Дерттің төрт сатысы бар. Бастапқы кезеңде буынның қатты құрылымы өзгеріссіз қалып, қоректік орта саналатын сұйықтық бұзылады. Ал соңғы сатысында буын қозғалудан қалады, шеміршегі жойылып, ісіп қызару процесі жүреді, сүйек шеміршектің жоқтығынан өзгеріске түседі.
“Емделудің бір жолы тәртіпке бағынып, диета ұстау. Дене салмағын азайту арқылы буынға түсетін механикалық жүктемені кемітуге болады. Артық физикалық жүктемеге, буындардың жарақатына жол бермеу керек. Жұмсақ орындықтан бас тарту, тік арқалығы бар орындыққа отыру денсаулыққа пайдалы. Кереуеттің негізі қатты болып, ағаштан жасалғаны жөн. Зақымдалған буынға күш салмау үшін арнайы корсет, тізеқап киіп, таяққа сүйеніп жүруге кеңес беремін. Ал алдын алу үшін дене салмағын бақылауда ұстап, семіздікке жол бермеу, дене шынықтырып, күнделікті жаяу жүруді әдетке айналдырған жөн. Майтабан болған жағдайда арнайы ыңғайлы аяқ киім кигеннің маңызы зор”, – дейді Ольга Ишина.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.