Өңірдің медицина қызметкерлері республикалық спартакиададан олжалы оралды. “Жедел жәрдем” бригадасы Семей қаласында өткен бәсекеде жарыстың ең биік тұғырына көтеріліп, 20 команданың арасынан топ жарды.
Облыстық жедел медициналық көмек орталығының директоры Юрий Белоногтың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын сайыстың мақсаты – жедел медициналық көмек көрсету сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын жетілдіру. Тапсырмалардың ешқайсысы таңсық емес, күнделікті өмірде орын алатын жайттар. Қызылжарлық ақ халатты абзал жандар барлық сыннан мүдірмей өтті. Команда бір дәрігер мен екі фельдшерден құралған. Жарысқа бір айдай дайындалған олар жедел коронарлық синдром, жарақат, нәрестені үйде босандыру, шұғыл медициналық көмек көрсету, реанимациялау бойынша сынға түскен. Топты жедел медициналық көмек орталығының дәрігері Дастан Оразаев бастап барды. Фельдшерлер Әсет Қасенов және Вадим Бойко “бәрі бірі үшін, бірі бәрі үшін” ұранымен үйлесімді жұмыс істей отырып, жеңіске деген құштарлықтың арқасында көздеген нәтижеге қол жеткізді.
“Мен – Қарағанды медицина университінің түлегімін. 6 жылдық тәжірибем бар. Осы уақыттың ішінде біраз нәрсені үйрендім. Ширақтылық, мұқияттылық, біліктілік әрқайсымызға тән қасиет болуы керек. Бұл жолы да спартакиадаға қатысушылар санының молдығымен ерекшеленді. Медицина саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасының төрелігінен мүдірмей өту оңай болған жоқ. Кубок пен диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталдық”, – дейді ол.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.