Облысымызда ірі қараның бруцеллезге шалдығу фактісі анықталды. Биыл өңірде соңғы жеті айдың ішінде қауіпті ауру 170 малдан анықталса, өткен жылы дәл осы мерзімде 722 ауру тіркелді.
Облыстық ветеринария басқармасы мамандарының айтуынша, барлық мал бірден сою алаңына жіберілді. Биыл бруцеллезге шалдыққан ірі қара санының көптігі бойынша Аққайың ауданы көш бастап тұр. Онда қауіпті ауру 91 Зеңгі баба төлінен анықталды. 63 жағдай Ленинское ауылында орын алды.
– Мамырдың 5-сі мен тамыздың 7-сі күндері аралығында Ленинское ауылында жоспарлы ветеринарлық шаралар кезінде бруцеллез 54 ірі қарада анықталып, сауықтыру жұмыстары барысында тағы 9 жануарда ауру расталды. Қазіргі уақытта сойылған 41 малдың иелеріне облыс бюджетінен 5,3 млн. теңге көлемінде өтемақы берілді, – дейді облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Өңірде ірі қарадан бруцеллездің анықталуына байланысты үш елді мекенде шектеу шаралары енгізілді. Осылайша Аққайың ауданының Камышлово, Ленинское ауылдарында, Ақжар ауданының орталығы Талшықта малдың еті мен сүтін саудалауға тыйым салынды.
Мамандардың сөзінше, бруцеллез анықталған ауылдарда республикалық эпизотиялық жасақ өкілдері сауықтыру шараларын өткізуде.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.