Биыл дауылпаз жырау, атақты қолбасшы Қожаберген Толыбайұлының туғанына 360 және тарихи тұлғаның қазақ елі тарихында “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” деген атаумен қалған заманды суреттеген “Елім-ай” дастанының жазылғанына 300 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры көрермендер назарына “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты қойылымды ұсынды. Бұл жолы спектакль театрдың жаңа ғимаратында қойылды.
Қойылымның қоюшы режиссері – Баатырбек Шамбетов, инсценировкасын жасаған – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар, қоюшы суретшісі – Садыр Ниязакунов. Қойылымда даңқты қолбасшының образын Нұрбол Асқаров сомдайды.
Қойылым сюжеті бабамыздың “Елім-ай” тарихи дастаны желісі бойынша дайындалған. Алғаш рет 2015 жылы көремендерге жол тартқан спектакль бүгінге дейін театр репертуарынан түспей келеді.
Спектакльде сол кездегі заман қасіреті ғана емес, Қожаберген жыраудың болмысы, ақындығы мен батырлығы, көсемдігі мен көрегенділігі, ұлтшылдығы оқиғалар желісі арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ орыс патшалығынан көмек сұраған сатқындардың сұрқия істері мен айласы да спектакль желісіне арқау етілген. Қожаберген жыраудың Тәуке ханның “Жеті жарғысын” дайындауға зор үлес қосқандығы да қойылымда үйлесімді көрініс тапқан.
“Бұл қойылымның ішкі мазмұнын, әртістердің образды сомдау шеберліктері “Елім-ай” дастанының ішкі мазмұнын тереңдете түскендей. Қазақ театрының ұжымына ерекше алғыс айтқым келеді. Жас ұрпақ осындай тарихи туындылардан нәр алса, елжанды жастардың қатары артады деп ойлаймын”, – дейді көрермендердің бірі Жангүл Мұратқызы.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.