“Dauletten” қайырымдылық қорының өкілдері Қызылжар ауданындағы “Қызылжар Абай” орта мектебіне барды. Олар “Ауылдағы ағайынның балаларына” атауымен ерекше қайырымдылық жобасын жүзеге асыруда.
Балаларын мектепке қажетті киім-кешекпен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету кейбір ата-аналардың қалтасына салмақ салатыны сөзсіз. Жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп формасы, оқу құралдарының қымбаттайтыны жасырын емес. Ауылдың көбінде жұмыссыздық басты мәселенің бірі екені белгілі. Қорадағы аздаған малына қарап отырған ата-аналардың балаларын киіндіру, мектепке дайындау оңайға соқпайды.
“Ауылдағы ағайынның балаларына” қайырымдылық жобасының мақсаты – облыс, аудан орталықтарынан шалғайда тұратын оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету. Қайырымдылық керуені Қазақстанның барлық өңірлерін аралауда. Республика бойынша кемі 1000 оқушы көмек алады. Әр оқушыға сөмке және оқуға қажетті құралдар берілуде. Көмек алушы оқушылардың тізімі жергілікті білім басқармаларымен келісіле отырып, алдын ала жасалады.
“Біздің қайырымдылық керуеніміз Маңғыстау облысынан бастау алды. Қостанай, Түркістан облыстарында да болдық. “Қызылжар Абай” мектебінің өрендеріне сөмкелер табысталды. Бұл жоба көмекке мұқтаж жандардың жағдайына бейжай қарай алмайтын жұртшылықтың арқасында жүзеге асуда. Қол ұшын созған әрбір жанға алғыс айтамын”, – дейді қор президенті Жасұлан Бостандықұлы.
Мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мәнсия Осипова қор өкілдеріне ризашылығын жеткізді. Ол ұжым ақылдаса келіп, көмекке мұқтаж елу баланың тізімін қорға алдын ала жібергендерін айтты. “Біздің өтінішімізді жерге тастамаған мамандар талай сәбидің көңіліне қуаныш сыйлауда. Жаңа, сапалы сөмкелер мен құрал-жабдықтарға ие болған оқушылардың, олардың ата-аналарының қуанышында шек жоқ”, – деді ол.
“Dauletten” қоры мұқтаж жандарға баспана алып берумен және білімді жастарды қолдаумен айналысады. Қор былтыр оқушыларды мектепке даярлау үшін “Зейінді 1000 бала” атауымен ел бойынша 1000 өренге 30000000 теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.