Облыс орталығында “Сізге ынтымақ керек!” (“You neet unity”) деген атаумен өткізілген көрмеде қаламыздың суретшілері жиналған қауымға өз туындыларын ұсынып қана қоймай, оларды сатуға мүмкіндік алды. Қылқалам шеберлерінің шығармалары әртүрлі стильдер мен тақырыптар бойынша салынған. Сөредегі картиналардың ең арзаны 10 мың теңгеге бағаланды.
“Бұл шара петропавлдық суретшілердің өз өнерлерін шыңдауына мүмкіндік береді. Өткен жылғы жобамыз жақсы жаңалықтарға толы болған еді. Біз жұртшылыққа жаңа есімдерді танытуға тырыстық. Заманауи бағыттағы суреттер салатын өнерпаздармен таныстық. Ал биылғы шара мүлдем өзгеше бағытта өтіп жатыр. Жергілікті жұртшылық суретшілердің еңбектерін ғана емес әншілер мен бишілердің өнерлерін де тамашлай алды”, – дейді көрмені ұйымдастырушы Лиа Мкртчян.
Көрмеге қатысқан суретшілердің бірі – 18 жастағы Карина Маруан. Ол сурет салумен бала кезінен айналысады. Карина әртүрлі материалдар мен әдістерді қолданғанды жақсы көреді. Ол жиналғандар назарына 4 туындысын ұсынды. Картиналарының бірі – “Әйелдің көз жасы” деп аталады. Суреттегі нәзік жанның жанарына қарап отырып Табиғатананың әйел баласына көптеген қиындықтарды үйіп бергенін аңғаруға болады.
Көрмеге Алматыдан арнайы шақырылған құрметті қонақтардың бірі – Мария Ильницкая суретшілерге шығармашылықты коммерцияға қалай айналдыру керектігін айтты. Жас суретшілерге қажетті құрал-жабдықтар, идеялар туралы мәлімет берді.
Аманжол ЗАҒЫПАР,
“Soltüstık Qazaqstan”.