«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азаттық туын көтерген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Азаттық туын көтерген ардақты тұлға – Сырым Датұлы” тақырыбында іс-шара өтті. Шараға тарихшы ғалымдар мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Сырым Датұлы – Ресей патша­сы­ның отарлау саясатына қарсы кү­рескен Кіші жүз қазақтары көтерілі­сінің көрнекті басшысы, атақты ба­тыр, әйгілі шешен. Жасынан ел ара­сында “Бала би” атанып кеткен тұл­ға 1753 жылы дүниеге келген. Ол өзі­нің қайсарлығымен, ақылымен, тар жерден жол табатын шешендігімен тарихта қалды. Бар өмірін кү­респен өткізіп, отаршылдыққа ашық қарсы тұрған, қол жиып, әскер бас­таған Сырым Датұлы өмірінің соңғы жылдары қуғынға ұшырап, Хиуа же­ріне өтіп кетеді.

Шара барысында М.Қозыбаев атын­дағы СҚУ-дың профессоры, та­рих ғылымдарының кандидаты Зы­ли­қа Бимақанова атақты батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлының шық­қан тегі, өмірі және ол бастаған көтеріліс туралы жан-жақты баяндады. Ғалымның сөзінше, ұлтымыз­дың сан ғасырға созылған ұлт-азат­тық қозғалысында Сырым батырдай әрі әділ, әрі батыр тұлғалардың орны ерекше.

ХХ ғасырдың басында ағартушы ақын, ойшыл, публицист Ғұмар Қа­раштың (1875-1921 ж.) 1911 жылы Уфа қаласында басылып шыққан “Бала тұлпар” жинағында “Сырым батыр” тарихи жыры жарияланды. Ақын ба­тырдың болмысын былайша жыр­лайды:

Сырым деген ер болған

Халқының қамын жер болған.

Ал Мұрат Мөңкеұлы:

Хандардың ең ақыры Нұралы еді,

Төренің Арқар деген ұраны еді.

Хан ұлын Сырым батыр шабарында,

Ақылды Алдар биден сұрап еді, – деп жырлайды.

Сырым Датұлының қоғамдық-саяси қызметі тақырыбына қалам тартқан жазушы, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов (1902-1985 ж.) 1980 жылы “Бо­лашаққа аманат” атты Сырым ту­ралы төрт перделі тарихи драмасын жазды. Тарихи драма 1981 жылы “Жұлдыз” журналының №1 санында жарияланды.

Бұл тарихи драма халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысы мен ұлттар­дың өзін-өзі билеу идеясын қазақ әдебиетінің ғасырлық жаңа дәуірін­де ашық та батыл көтерген шығар­ма. Ғ.Мүсіреповтің бұл тарихи дра­масының негізгі идеясы ұлт азат­ты­ғы, халықтың өзін-өзі билеуі жөнін­дегі идеямен ұштасып жатады. Жа­зушы кейіпкеріне, яғни Сырымға: “Қай ел болса да өзінің қандай ел екенін өз тізгіні өз қолында тұрғанда ғана көрсете алады”, – деген өте батыл сөз айтқызып, батырдың асқақ арманы мен аманаты халқының тәуелсіздігін жазушы асқан шеберлікпен қалың оқырманға жеткізе білді.

Шарада 6637 әскери бөлімі тәр­бие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесі бастығының мем­лекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, лейтенант Бақыт Сә­дуақасов “Сырым Датұлы – әйгілі ше­шен” тақырыбында баяндама жа­сады. Шара барысында Сырым Дат­ұлы бастаған көтеріліс жайында бейнефильм көрсетіліп, кітап көр­месі таныстырылды.

Дамира СЕРІКБАЕВА,

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp