Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Азаттық туын көтерген ардақты тұлға – Сырым Датұлы” тақырыбында іс-шара өтті. Шараға тарихшы ғалымдар мен 6637 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.
Сырым Датұлы – Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен. Жасынан ел арасында “Бала би” атанып кеткен тұлға 1753 жылы дүниеге келген. Ол өзінің қайсарлығымен, ақылымен, тар жерден жол табатын шешендігімен тарихта қалды. Бар өмірін күреспен өткізіп, отаршылдыққа ашық қарсы тұрған, қол жиып, әскер бастаған Сырым Датұлы өмірінің соңғы жылдары қуғынға ұшырап, Хиуа жеріне өтіп кетеді.
Шара барысында М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиқа Бимақанова атақты батыр, әйгілі шешен Сырым Датұлының шыққан тегі, өмірі және ол бастаған көтеріліс туралы жан-жақты баяндады. Ғалымның сөзінше, ұлтымыздың сан ғасырға созылған ұлт-азаттық қозғалысында Сырым батырдай әрі әділ, әрі батыр тұлғалардың орны ерекше.
ХХ ғасырдың басында ағартушы ақын, ойшыл, публицист Ғұмар Қараштың (1875-1921 ж.) 1911 жылы Уфа қаласында басылып шыққан “Бала тұлпар” жинағында “Сырым батыр” тарихи жыры жарияланды. Ақын батырдың болмысын былайша жырлайды:
Сырым деген ер болған
Халқының қамын жер болған.
Ал Мұрат Мөңкеұлы:
Хандардың ең ақыры Нұралы еді,
Төренің Арқар деген ұраны еді.
Хан ұлын Сырым батыр шабарында,
Ақылды Алдар биден сұрап еді, – деп жырлайды.
Сырым Датұлының қоғамдық-саяси қызметі тақырыбына қалам тартқан жазушы, жерлесіміз Ғабит Мүсірепов (1902-1985 ж.) 1980 жылы “Болашаққа аманат” атты Сырым туралы төрт перделі тарихи драмасын жазды. Тарихи драма 1981 жылы “Жұлдыз” журналының №1 санында жарияланды.
Бұл тарихи драма халқымыздың ұлт-азаттық қозғалысы мен ұлттардың өзін-өзі билеу идеясын қазақ әдебиетінің ғасырлық жаңа дәуірінде ашық та батыл көтерген шығарма. Ғ.Мүсіреповтің бұл тарихи драмасының негізгі идеясы ұлт азаттығы, халықтың өзін-өзі билеуі жөніндегі идеямен ұштасып жатады. Жазушы кейіпкеріне, яғни Сырымға: “Қай ел болса да өзінің қандай ел екенін өз тізгіні өз қолында тұрғанда ғана көрсете алады”, – деген өте батыл сөз айтқызып, батырдың асқақ арманы мен аманаты халқының тәуелсіздігін жазушы асқан шеберлікпен қалың оқырманға жеткізе білді.
Шарада 6637 әскери бөлімі тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстары бөлімшесі бастығының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі аға көмекшісі, лейтенант Бақыт Сәдуақасов “Сырым Датұлы – әйгілі шешен” тақырыбында баяндама жасады. Шара барысында Сырым Датұлы бастаған көтеріліс жайында бейнефильм көрсетіліп, кітап көрмесі таныстырылды.
Дамира СЕРІКБАЕВА,
Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың қызметкері.