«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІНЕ СІҢГЕН ЕҢБЕГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақжар ауданында дүниеге келген тележурналист, жазушы, бұқаралық ақпарат құралдары саласының топменеджері Мақсұтжан (көптеген деректерде Мақсұт деп айтылады – С. Қ.) Әубәкіровтің есімін жерлестері ұмытпағаны абзал. Еліне ерен еңбегі сіңсе де, есімі елеусіздеу қалған қаламгердің туғанына биыл 85 жыл толып отыр.

Мақсұтжан Әубәкіров 1938 жылы Ақжар ауданындағы Қарабұлақ ауылында өмір есігін ашып, 1996 жылы Алматы қаласында дүние салған. 1960 жылы ҚазМУ-ді бітіре салысымен еңбек жолын Алматы облысындағы “Коммунизм таңы” газетінде бастайды. 1963 жылы Қазақстан теледидар және радиохабарлары жөніндегі комитетте қызмет істеген. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда БАҚ-ның дамуына үлкен еңбек сіңірді. Қазақ теледидарындағы “Құрдастар” бағдарламасының редакторы, “Қазақтелефильм” студиясының бас редакторы, Мемлекеттік телерадиохабарларын тарату комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1972-1979 жылдары Қазақстан КП-ның ОК үгіт және насихат бөлімінде нұсқаушы, теледидар жөніндегі сектордың меңгерушісі, 1986-1990 жылдары КСРО Орталық теледидарының бас редакциялар бағдарламасының бас редакторы, 1994-1996 жылдары “Қазақстан” баспасының бас редакторы қызметтерін атқарған.

Мақсұтжан Әубәкіров көзі тірісінде кино өнерінің дамуына да зор үлес қосты. “Өнер”, “Қаржы-қаражат” баспаларын ұйымдастырып, басқарушылық қызмет атқарып, кітап шығару ісінде 10 жылдай жемісті еңбек еткен. Белгілі неміс қаламгері Макс Вальтер Шульцтің “Жел ұшырған шаңдақ емес” романын, әйгілі теледидар жұлдызы В. Леонтьеваның көрермендердің ықыласына бөленген “Шын жүректен” сынды ғажайып хабарларын экранға шығару жолындағы ізденістері мен сахналық рөлдері таразыланып, оқырмандар жүрегінен орын алған “Махаббат, сырымды айтам” новеллалар жинағын қазақ тілінде сөйлеткен. Өмірінің соңғы сәттерінде “Қазақстан” баспасында күнтізбелер редакциясын басқарып, тұңғыш рет 1997 жылғы “Қазақстан күнтізбесін” жарыққа шығарды.

“Мақсұтжан Әубәкіровтің “Бір үмітпен өмір сүр” атты роман жазғанын оқырмандардың өзі біле бермеуі мүмкін. Ол текті тіл, толғаныс тереңдігімен, сыршылдық сұлулығымен, жер пендесін ұлтына, түртегіне бөлмей, тағдыры тамырлас кейіпкерлерінің қай-қайсын да адамзат әулетінің біртұтас, бірегей жұрағаты деп аялай арулаған шын мәніндегі интернационалдық, бауырмалдық, жан-жүрегімен халқына қалтқысыз қызмет етіп, бірге жасайтын сирек құбылыстардың бірі”, – депті журналистика саласының майталманы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлы. Ол “Тума дарын” кітабының алғысөзінде аталмыш туындының “қолжазба күйінде сондай бір сүрлену жолынан өткенін” айтып, 1989 жылдың сәуір айында автордың өзі журналистік жолын бастаған редакциясы – “Жетісу” газетінің сандарында “Бал-маскарад” тарауынан үзінділер, қыркүйек, қазан айларында “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінің 7-8 санында “Бір үмітпен өмір сүр” деген тақырыппен роман тарауларын, кейін Жезқазған облыстық “Сарыарқа” газетінде романның кейбір бөлімдері жарияланғанын атап өткен. З.Серікқалиұлының жазуынша, романның тарауларынан алынып, жеке туынды түрінде мүсінделген “Бір қарын май, қозы қарын жент” әңгімесі “Қазақ әдебиеті” газетінің 1990 жылы 3 тамыздағы нөмірінде, “Серінің сарқыты” хикаяты “Жұлдыз” журналының 1993 жылғы №3 нөмірінде басылып, әдебиетсүйер қауымның қолына тиді. Әттеген-ай, “Мұз бен шоқ” романын жазуға мықтап дайындалып жүргенінде сұм ажал келіп, шығармашылығы түгіл, өміріне көп нүктені қоя салды. Осылайша болашақ көркем шығарманың тамырына балта шабылып, бір қаламгер әдебиет әлемінен келмеске сапар шекті.

“Жатақханада жататын “миллионер”, “Сталиннің суреті”, “Той”, “Антип пен Марфа. Жанбағар мен Малбағар”, “Бесінші палата”, “Саяжайдағы әңгіме”, “Үнсіз адам”, “Талқы”, “Бал-маскарад”, “Адам тағдырын арыз шеше ме?”, “Ағытылған сырлар”, “Міһәйіл мен Қажымұрат”, “Сенім”, “Бір қарын май”, “Араша”, “Оралу” бөлімдерінен тұратын роман Сейіт Әріпбеков пен Көгенбай Кенжеғұловтың достығын баяндай отырып, Қазақ ұлттық университетінің елуінші жылдардағы “жылымықтан” кейінгі жаңа толқын студенттерінің өмірін айна-қатесіз қағаз бетіне түсіргендей. Бұл – Алаштың ақталмаған қайраткерлері Ахмет, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың өмірі мен шығармашылығын сүйіп оқитын жастар арқылы ел, жер тағдыры, ұрпақтар сабақтастығы жайында толғанып, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Қ. Сәтбаев, Т. Рысқұлов, М.Тухачевский сынды алыптардың шынайы достығын, адами құндылықтарын ұлықтаған шығарма. Достары мен құрдастарынан бірінші болып отау құрған Паңғали мен Тәттіқыздың үйіне жастар жиналатын сәттер өмірде де кездесді. Достардың әзіл-қалжыңдары, бір-біріне жасаған “әпенділігі”, бас қосып, сауық-кештерге баратыны, қыз бен жігіттің хат алмасуы, сабақтағы тәртіп бұзушылық, оқу орнына жұмысқа тұрған жас маман қызға студент жігіттердің қырындап, тиіскені, оқытушыны тыңдамай кетуі, деканатқа бағынбаған ректордың алдына баратыны романның шырайын кіргізе түседі. Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат қызық мол жылдары” мен Сафуан Шаймерденовтің “Инешінен” кейін студенттер тақырыбында жазылған шығарма – М.Әубәкіровтің төл туындысы осы – “Бір үмітпен өмір сүр”.

Мақсат Әубәкіров– сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Екі тілде де еркін сөйлейтін, өз пікірін ашық білдіретін, алды – жарық, жолы – тар талант болған.

Ол КСРО халық әртісі, бұлбұл үнді Бибігүл Төлегенованың орындауында танылған “Қызқарағай” әнінің мәтінін жазғанын білсек те, айта бермейтініміз рас. Ескірмейтін есті әннің екінші авторы композитор, жерлесіміз Жоламан Тұрсынбаевпен телефон арқылы хабарласқанымызда ол кісі екеуі бірге екі ән жазғанын айтты.

– “Қызқарағай” да, “Есіл бойы – Қызылжар” да қазақ халқының бағына туған жазушымыз Ғабит Мүсіреповке арналған. 1981 жылдың жазында Ғабеңнің 80 жылдығына Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жүнісов, Мақсұт Әубәкіров, Ғабеңнің өз қызы және немерелерімен бірге бардық. Қасымызда Жамбыл ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы Мәркен Ахметбеков, облыстан биліктен Ніл Болатбаев болды. Бізді алқапты даланың көрікті жерінде, Есеней бүркеуіндегі “Қызқарағайдың” жанында дастарқан жайып күтті. Ол кезде меймандарға сол орында құрмет көрсету дәстүрге айналғанды. Ғабең “Қызқарағайдың” тарихын баяндады. Алматыға барған соң көп кешікпей Мақсұт Әубәкіров екеуіміз “Қызқарағай” әнін жаздық. Сол жылдың қазанында Бибігүл апамыздың орындауында елге тарап, туындының бағы жанды. Іле-шала “Есіл бойы – Қызылжар” әні дүниеге келді. Әннің екі нұсқасын жаздым. Біріншісі – эстрадалық, екіншісі – оркестрлік. Алғашқы орындаушысы баритон әнші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Жұмат Махамбетов болды. 1982 жылы Ғабең бұл әнді “Құрманғазы” оркестрінің орындауында тыңдап, ұнатты. Екі әннің де бірінші музыкасы, кейін мәтіні жазылды. Мақсұтжан осы екі туындыдан бөлек, әнге сөз жазған емес. Екі әннің жарық көруіне де жағдай жасады”, – дейді Жоламан ағамыз. “Есіл бойы – Қызылжар” туындысы былай өріледі:

Тарихы дастан, аңыз боп асқан,

Ағайын, жұртқа дос құшақ ашқан.

Батырдың елі, батырдың жері,

Көрмесем бір сәт, сағынам сені.

Есіл бойы – Қызылжар,

Ну-орманды Елтінжал.

Көк сағымды ән өлкем,

Шөбің – шүйгін, суың – бал!

Есілді емген, қайыңды өлкем,

Жігітің – батыр, қыздарың – көркем.

Махаббат, еңбек саздарын шертем,

Келешек нұрлы бүгіннен ертең.

Аязды қысы, күншуақ жазы,

Жасампаз еңбек өмірдің мәзі.

Достықтың мұнда жарасқан сәні, –

Халқымның, өлкем,

Сен – алтын тәжі.

Бұл шумақтарды оқып отырып туған жердің қайыңды өлкесіне, шүйгін шөбіне деген аңсарың ауады.

Ж.Тұрсынбаев Мақсұт Әубәкіровтің ел дегенде жүрегі дүрсілдейтін, көңілі елеңдейтін, жаны елжірейтін патриот азамат екенін еске алды. Жары Сәбира екеуі дүниеге ұл-қыз әкеліп, ұрпақ қызығына бөленген.

Ақжар ауданындағы ел тұтқасын ұстап отырған азаматтар аты ұмытыла бастаған көрнекті жазушымызды еске алып, мерейтойын республикалық болмаса да, ақын-жазушыларды жинап, облыстық іс-шара өткізсе деген тілегіміз бар.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp