Петропавлда жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін биыл 400-ден астам тұрғын жауапкершілікке тартылды. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Айдын Ақмағамбетов қызмет атқару барысында Қазақстан Конституциясы мен Горький көшелерінің қиылысында ит серуендетіп жүрген әйелді байқайды. Стаффордшир терьердің тұмсығында тұмылдырығы, мойнында бауы болғанымен полиция қызметкеріне ит иесінің жүріс-тұрысы күмән тудырып, тексермек болады. Екі әйел полицейлердің заңды талабына бағынбаған. Нәтижесінде 1984 және 1988 жылы туған әйелдер медициналық куәландыруға жеткізілді. Нәтижесі олардың мас болғанын көрсетті.
Кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері итті уақытша орталықтағы торға орналастырды. Әйелдер полиция басқармасына жеткізіліп, оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 407-2, 434 және 667-баптары бойынша бірнеше хаттама толтырылды. Процесстік шешім қабылдау үшін жиналған материалдар сот органдарының қарауына жіберілді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.