Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында “Ауылдағы әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін қалыптастыру” атты семинар өтті. Іс-шара әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды, елді мекендегі қыз-келіншектердің экономикалық әлеуетін дамытуды көздеді. Аталған семинар облыстық ішкі саясат басқармасының “Отбасылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы құндылықтарды насихаттау жөніндегі іс-шаралар кешені” әлеуметтік маңызды жобасын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.
Шараға қатысушыларды аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алиса Рогожкина таныстырып өтті. Семинарда Қызылжар, Мамлют, Тайынша, Аққайың, Есіл аудандарынан келген қонақтар бас қосты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсел Есжанованың айтуынша, ауылдағы әйелдердің әлеуметтік мәселелерін шешуге, шағын кәсіпті қаржылай және қаржылай емес қолдауға, олардың бизнес-бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін халықаралық ұйымдардың гранттық бағдарламаларының артықшылықтарын елді мекендегі қыз-келіншектерге жеткізу керек. Олардың өз идеяларын іске асыруына барынша жағдай жасалуға тиіс. Себебі ауыл әйелдері бизнеспен айналысса, елді мекеннің де әлеуеті артады, отбасылар көмекке мұқтаж болмайды.
Зерттеушілердің айтуына қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан халқының басым бөлігі ауылда тұрады, кәсіпкерлердің шамамен 42 пайызы – әйелдер, ал ауылдағы қыз-келіншектердің көбі бизнестегі сәтсіздіктен қорқады. Оларды қаржы табуға немесе бар ақшадан айырылуға байланысты қорқыныштар мазалайды. Психологиялық факторлар, нақты айтқанда есеп беру мен тексерудің қиындықтарынан жасқанатындар да аз емес.
– Бұл семинарда біз қыз-келіншектердің ішкі сенімін арттыруға тырыстық. Олар жаңа жұмыс орындарын құруға қатысса, нұр үстіне нұр емес пе? Нәтижесінде әйелдердің әлеуметтік жағдайы жақсарады, – дейді Әсел Есжанова.
Әйелдер негізінен сауда, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану және қонақүй бизнесі сияқты салаларға басымырақ көңіл бөліп отыр. Өкінішке қарай ауылдағы әйел кәсіпкерлердің фермерлік қызметпен айналысуы кемшін түсуде. Семинарда болашақ бизнесмендерге осы бағыт жан-жақты түсіндірілді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.