Кез келген тарихи тұлғаның қайраткерлік, адами болмысы болашақ ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына өзіндік әсерін тигізері сөзсіз. Дауылпаз Қожаберген бабамыздың батырлық, жыраулық, тарихи тұлғасы рухани сана қалыптастыруыма ерекше ықпал етті.
Мен бастауыш сыныпта оқып жүргенде-ақ аңыз-ертегілер мен батырлар жырын қызыға оқи бастадым. Елін, жерін, ұлтын қорғау жолында жан алысып, жан беріскен батыр бабаларымыздың есімін ардақтау үшін бай мұраларымыз арқылы тұлға болмысын жан-жақты тану басты мақсатым болды. Сабақтан тыс уақытта кітап оқуды әдетке айналдырғандықтан ба, 7-сыныптан бастап өлең жазып, мектепте өтетін мәдени іс-шараларға белсенді қатысып жүрдім. Жетекшім – директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Самал Үмітбаева маған алдағы өтетін байқаулар жөнінде ақпарат беріп, тақырыпты тереңірек зерттеп, жан-жақты мағлұмат алуыма мүмкіндік жасады. 2021 жылы “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты Қожаберген оқуларына қатысудың сәті түсті. Жерлесіміз, өңіріміздің мақтанышына айналған даңқты тұлғаның өмірі мен бізге жеткен рухани мұрасы қатты қызықтырды. Үш жүздің басын қосқан Абылай ханға бата берген, бар ғұмырын ұлан-байтақ жерімізді, қара ормандай елімізді қорғау жолына арнап, өмірінің соңына дейін атынан түспеген атақты тұлғаның ғұмырдариясы алып мұхит дерсің.
Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы Жамбыл ауданының Гүлтөбе деген жерінде дүниеге келген. Жырау араб, парсы тілдерін жетік білгендігіне байланысты Әз-Тәукенің сенімді елшілерінің бірі болған. Сондай-ақ шежіреші, білімдар атаныпты. Анасы Ақбілек – Айдабол бидің қызы. Қожаберген қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, “Ататек” деген дастан жазады. Өз ауылында мешіт-медресе ашып, бала оқытып, ислам дінін насихаттайды, шеберхана салдырып, елді қолөнерге баулиды.
1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз-Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген бабамызды Ордабасы, яғни хан ордасының бас қолбасшысы, әрі бас ақын етіп сайлайды. Ол сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайды, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саяси хал-ахуалын жете біліп, әрдайым өз жырларына арқау етіп отырған. Қожаберген жыраудың елші әрі сынықшы болғаны жайлы деректер кездеседі. Оған ақынның “Елшілік” деген өлеңі дәлел.
Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған – Сегіз сері бабамыз. Ол жыраудың “Елім-ай”, “Баба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай батыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қосай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт баба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” сынды тағы да басқа шығармаларын жинап, бізге жеткізген. Осы дастандарының барлығында ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақырып, қазақ халқының бірігіп, іргелі ел болуын армандап, соны жырға қосады. “Дабыл”, “Аңырақай”, “Бозайғыр”, “Күлдірмамай”, “Шұбырынды”, “Сұлама” күйлерін шығаруы Қожабергенді күйшілік қырынан танытады. Атынан белгілі болып отырғанындай, күйлерінің тақырыбы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезеңді арқау етеді. Жырау сол кездегі халық зарын күй тіліне айналдырады.
Бабамыздың ақындық талантын танытқан, тарихқа атын қалдырған “Елім-ай” жыр-дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңін жыр тіліне көшірген. Шығарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шумақ, яғни 14732 жол өлең. Дауылпаз бабамыздың өмірімен танысу барысында “Бір адамның бойына осыншалық қасиет пен қабілет, білім мен талант, өнер мен данагөйлік, қайраткерлік қалай сыйған?” – деп таңырқайтынымыз жалған емес.
Мен “Жорықты жырау” атты өлеңіммен “Дауылпаз баба – Қожаберген” атты облыстық байқаудың бірінші орын иегері атандым. Сонымен қатар жыраулар поэзиясына деген ынта-ықыласым артты. Абай, Шал ақын оқуларында да қатыстым. Биыл республикалық Мағжан оқуларында “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” номинациясының облыстық кезеңінен сүрінбей өтіп, республикалық сайыста 3 орынға табан тіредім. “Менің осы күнге дейінгі аздаған жетістікке жетуіме дауылпаз жырау Қожаберген бабамыздың мұраларының әсері мол”, – деп нық сеніммен айта аламын. “Болмасаң да ұқсап бақ” деп Абай атамыз айтқандай, жыраудың қайраткерлік тұлғасын үлгі тұту өмірлік ұстанымыма айналуда. Өзіммен қатарлас құрбыларыма да айтарым елімізді, жерімізді қорғау жолында бар ғұмырын сарп еткен бабамызбен мақтанып, өмір тарихын танығанымыз абзал. Болашағымыз жарқын болсын десек, өткенімізді ұмытпауымыз керек. “Өзің шыққан жеріңмен, барар бағытыңды болжайсың” дегендей, біздің болашақта кім атанарымыз осындай тарихи тұлғаларымызды ұлықтаумен айшықталады. Сондықтан да бабаларымыздың өсиетіне адал болайық.
Арай МАРҚАБА,
Бәйтерек орта мектебінің оқушысы.
Қызылжар ауданы.