«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘР СӨЗІ — ӨСИЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген тарихи тұлғаның қайраткерлік, адами болмы­сы болашақ ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына өзіндік әсерін тигізері сөзсіз. Дауылпаз Қо­жаберген бабамыздың батырлық, жыраулық, тарихи тұл­ғасы рухани сана қалыптастыруыма ерекше ықпал етті.

Мен бастауыш сыныпта оқып жүр­генде-ақ аңыз-ертегілер мен батырлар жырын қызыға оқи бас­тадым. Елін, жерін, ұлтын қорғау жолында жан алысып, жан беріс­кен батыр бабаларымыздың есі­мін ардақтау үшін бай мұ­ралары­мыз арқылы тұлға болмы­сын жан-жақты тану басты мақса­тым болды. Сабақтан тыс уақытта кітап оқуды әдетке айналдырған­дықтан ба, 7-сыныптан бастап өлең жазып, мектепте өтетін мә­дени іс-шараларға белсенді қаты­сып жүрдім. Жетекшім – дирек­тордың тәр­бие ісі жөніндегі орын­басары Са­мал Үмітбаева маған ал­дағы өте­тін байқаулар жөнінде ақ­парат бе­ріп, тақырыпты тереңірек зерттеп, жан-жақты мағлұмат алуы­­ма мүм­кіндік жасады. 2021 жылы “Дауыл­паз баба – Қожабер­ген” атты Қо­жаберген оқуларына қатысудың сәті түсті. Жерлесіміз, өңіріміздің мақ­танышына айнал­ған даңқты тұлғаның өмірі мен бізге жеткен рухани мұрасы қатты қы­зықтыр­ды. Үш жүздің басын қос­қан Абы­лай ханға бата берген, бар ғұмы­рын ұлан-байтақ жерімізді, қара ормандай елімізді қорғау жо­лына арнап, өмірінің соңына дейін аты­нан түспеген атақты тұлғаның ғұ­мырдариясы алып мұхит дерсің.

Қожаберген Толыбайұлы 1663 жылы Жамбыл ауданының Гүлтө­бе деген жерінде дүниеге келген. Жы­­рау араб, парсы тіл­дерін жетік біл­гендігіне байланыс­ты Әз-Тәукенің сенімді елші­лерінің бірі бол­ған. Сондай-ақ ше­жі­реші, білім­дар атаныпты. Анасы Ақбілек – Айдабол бидің қызы. Қожаберген қазақ халқының шығу тарихын жыр­ға қосып, “Ататек” де­ген дас­тан жазады. Өз ауылында ме­шіт-медресе ашып, бала оқытып, ис­лам дінін насихаттайды, шебер­хана салдырып, елді қолөнерге бау­лиды.

1688 жылдың маусым айында Түркістан шаһары маңында Әз-Тәуке бастаған барша қазақ жақ­сылары 25 жастағы Қожаберген бабамызды Ордабасы, яғни хан ор­дасының бас қолбасшысы, әрі ба­с ақын етіп сайлайды. Ол сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағ­дайды, қазақ хандығының ішкі-сыртқы саяси хал-ахуалын жете біліп, әр­дайым өз жырларына ар­қау етіп отыр­ған. Қожаберген жы­раудың елші әрі сынықшы болға­ны жайлы деректер кездеседі. Оған ақынның “Елшілік” деген өлеңі дәлел.

Қожабергеннің әдеби мұрасын жинап, сақтаған – Сегіз сері баба­мыз. Ол жыраудың “Елім-ай”, “Ба­ба тіл”, “Жеті Жарғы”, “Қабанбай ба­тыр”, “Ер Көкше”, “Асан ата”, “Ер Қо­сай”, “Ер Жәнібек”, “Қорқыт ба­ба”, “Ер Едіге”, “Орақ батыр” сын­ды тағы да басқа шығар­маларын жинап, бізге жеткізген. Осы дас­тан­да­рының барлығында ақын елді сыртқы жауға қарсы азаттық жолындағы күреске шақы­рып, қа­зақ халқының бірігіп, іргелі ел бо­луын армандап, соны жырға қоса­ды. “Дабыл”, “Аңырақай”, “Бо­зай­ғыр”, “Күлдірмамай”, “Шұбы­рын­ды”, “Сұлама” күйлерін шы­ғаруы Қо­жабергенді күйшілік қы­рынан та­нытады. Атынан белгілі болып отырғанындай, күйлерінің тақыры­бы да күрес, майдан, ел басына туған қиын кезеңді арқау етеді. Жырау сол кездегі халық зарын күй тіліне айналдырады.

Бабамыздың ақындық талан­тын танытқан, тарихқа атын қал­дырған “Елім-ай” жыр-дастаны. Ел басына түскен ауыр апатты “Ақта­бан шұбырынды, Алқакөл сұлама” кезеңін жыр тіліне көшірген. Шы­ғарма 7 бөлімнен тұратын 3683 шу­мақ, яғни 14732 жол өлең. Дауыл­паз бабамыздың өмірімен танысу барысында “Бір адамның бойына осыншалық қасиет пен қабілет, білім мен талант, өнер мен дана­гөйлік, қайраткерлік қалай сый­ған?” – деп таңырқайтынымыз жал­ған емес.

Мен “Жорықты жырау” атты өле­ңіммен “Дауылпаз баба – Қо­жаберген” атты облыстық байқау­дың бірінші орын иегері атандым. Сонымен қатар жыраулар поэзия­сына деген ынта-ықыласым арт­ты. Абай, Шал ақын оқу­ларында да қатыстым. Биыл республика­лық Мағ­жан оқуларында “Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған” номи­нациясы­ның облыстық кезеңінен сүрінбей өтіп, республикалық сайыс­та 3 орынға табан тіредім. “Менің осы күнге дейінгі аздаған жетіс­тікке жетуіме дауылпаз жы­рау Қо­жаберген бабамыздың мұ­ралары­ның әсері мол”, – деп нық сенім­мен айта аламын. “Болмасаң да ұқ­сап бақ” деп Абай атамыз айт­қандай, жыраудың қайраткерлік тұлғасын үлгі тұту өмірлік ұстаны­мыма айналуда. Өзіммен қатар­лас құрбыларыма да айтарым елі­мізді, жерімізді қорғау жолында бар ғұмырын сарп еткен бабамыз­бен мақтанып, өмір тарихын таны­ғанымыз абзал. Болашағымыз жар­­қын болсын десек, өткенімізді ұмытпауымыз керек. “Өзің шыққан жеріңмен, барар бағытыңды бол­жайсың” дегендей, біздің бола­шақта кім атанарымыз осындай та­рихи тұлғаларымызды ұлықтау­мен айшықталады. Сондықтан да бабаларымыздың өсиеті­не адал болайық.

Арай МАРҚАБА,

Бәйтерек орта мектебінің оқушысы.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp