Облыс әкімі Айдарбек Сапаров қаладағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы ең алдымен “Жас өркен” шағынауданында салынып жатқан емханаға барды.
Айдарбек Сейпілұлы аталған нысанға өткен айдың аяғында да ат басын тіреп, мердігер компанияға мекемені барынша тез қолданысқа беру керектігін айтқан болатын. Ал бүгінде нысандағы жұмыстардың басым бөлігі атқарылған. Жақын арада жаңа емхана тұрғындарды қабылдай бастайды. Бұдан соң Айдарбек Сапаров аумағы әлі абаттандырылмаған көпқабатты үйлерге барды. Баспаналардың тұрғындары біраз мәселелерді алға тартты. Төселген тротуарлардың сапасы сын көтермейді. Өңір басшысы жауапты мамандарға үйлердің ауалаларымен қатар ішкі жұмыстарын да жылдамдатып аяқтауды тапсырды.
Өңір басшысы Горький көшесінде орналасқан жаңа үйлерге барды. Тұрғындар баспана кілттерін тамыз айының соңында алуы керек болған. Мердігер жұмыстарды жоспардан кешіктірмей аяқтайтындарын жеткізді. Айдарбек Сапаров көрші үйлердің жанында жүргізіліп жатқан жұмыстармен де танысып, абаттандыруға жауапты компания басшыларымен кездесті.
Облыс әкімі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 244 орынға шақталған жатақханасына да барды. Қазір мұнда жұмыстар қарқынды жүргізілуде, бірақ кестеден артта қалушылық байқалады. Ғимарат қыркүйек айына дейін тапсырылуы керек болған. Қазір нысанда 100-ге жуық адам еңбек етуде.
– Жұмыс аяқталуға жақын. Жуырда ішкі әрлеуді аяқтаймыз. Қазір сырлау, есіктерді, өрт дабылын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жатақхананы 20 қыркүйекке дейін пайдалануға береміз деп жоспарлап отырмыз, – дейді “Пилон” құрылыс компаниясының басшысы Оксана Грибанова.
Облыс басшысы қалада жөнделіп жатқан жолдардың жағдайымен де танысты. Айдарбек Сапаров Уәлиханов, Чкалов пен Ғабит Мүсірепов көшелеріндегі жұмыстарды тексерді. Көшелер кеңейтіліп, тротуарлар пайда болады. Бұл мақсатқа 330 миллион теңге бөлінген.
Содан кейін Айдарбек Сейпілұлы Копай шағынауданындағы құрылысты аралады.
– Мұндағы құрылысқа жауапты адамдар өткен жылы да жоспардан артта қалып, қосымша қаржы сұрады. Біз жоспарға керекті түзетулерді енгізіп, қаржы бөліп, сараптама жүргіздік. Сонда да жұмыс баяу атқарылуда, – деді Айдарбек Сейпілұлы.
Жауапсыз мердігерлер “Береке” шағынауданындағы жұмыстарды да тежеп отыр. Шағынауданда абаттандыру мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту ісі жоспардан кешігуде.
“Жас өркендегі” сияқты “Береке” шағынауданында да емхана құрылысы баяу жүргізілуде. Мердігер ұйым басшысының айтуынша, бәріне маман жетіспеушілігі себеп. Қазірге дейін тиісті жұмыстардың 90 пайызы аяқталған.
Дана АСЫЛХАНҚЫЗЫ.