«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тілге құрмет — елге құрмет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тіл қарым-қатынас құралы болуымен қатар тұтынушы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, дүниетанымдық ерекшелігін, ұлттық болмысын, рухани-мәдени байлығын, сан ғасырларға созылған даму тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, жеткізуші, жинақтаушы қызмет атқарады. Сондықтан да қандай ұлттың болмасын болмысын туған тілінен бөліп қарастыруға болмайды. Сол сияқты біздің мемлекетіміздің де бірлігінің нығайып, бұртұтас ел болуында қазақ тілінің алар орны зор.

Ата Заңымызға сәйкес қазақ тілі еліміздің бүкіл аймағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс қағаздарын жүргізу тілі болуы тиіс. Алайда “Тіл туралы” Заңда айдан анық айқындалғанымен, қазақ тілі мемлекеттік басқару тіліне айнала алмай келе жатқаны рас.

Республикамызда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту бәрімізді алаңдатып отырған өзекті жайт. Қазақ тілі Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымызбен қатар біздің елдігіміздің басты белгілерінің бірі болып саналады. Мемлекет болған жерде оның мемлекеттік тілі де болуы керек. 1997 жылы 11 шілдеде “Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы” Заң қабылданды. Онда Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі қазақ тілі болып белгіленген. Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді. Елімізде қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта сот жүйесінде мемлекеттік тілді қолдану аясы жыл өткен сайын артып келеді. Сонымен қатар мемлекеттік тілде сот ісін жүргізу мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Бұл бір күндік немесе бір кезеңдік іс-шара емес, тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы жұмысымыздың басым бағыты болуы тиіс.

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа азаматтық істер бойынша 2023 жылдың тамызына дейін 6 талап-арыз келіп түсті, өткен жылы осы уақыт аралығында 5 талап қазақ тілінде жазылған.

Қазіргі таңда сот жүйесінде барлық құжаттар, іс қағаздары мемлекеттік тілде орындалады. Сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілге басымдық беруге деген талап күшейтілді. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда, атап өтсек, сот жүйесінде қазақ тілін үйрену мақсатымен тілдік курстар ашылып, судьялар мен сот қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік меңгеруге тырысуда. Сот жүйесі мемлекеттік тілдің маңызын әрқашан басты назарда ұстайды. Аталған саладағы мемлекеттік тілдің дамуы – сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектілердің бірі.

Қазақ тілін білу – әр қазақстандықтың парызы, өйткені тілге құрмет – елге құрмет. Сондықтан да әр азамат өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін мемлекеттік тілге деген құрметі арқылы көрсетуі керек. “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деген Қадір Мырзалиевтің сөзі осы күні де аса өзекті.

Жұлдыз ТӨРЕНОВА,

кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әкімшісінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp