Бала – ата-ананың айнасы. “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер”, дейді дана халқымыз. Алайда көп жағдайда ересектер бұл тәмсілді естен шығарып, баласының теріс іс-әрекетінің себебін сырттан іздейді. Петропавлдағы “Центр личности” орталығының психологы Мария Гейн жаңа оқу жылы қарсаңында бала тәрбиесіне қатысты кей мәселенің басын ашты.
“Мен 5 жастан 21 жасқа дейінгі адамдармен жұмыс істеймін. Ата-аналар балаларын түрлі мәселе бойынша алып келеді. Оларды көп жағдайда сәбиінің балабақшаға барғысы келмеуі, қатарластарымен төбелесе беруі, басқаларды тістеп, тәрбиешімен дөрекі қарым-қатынаста болуы, сабақ үлгерімінің нашарлауы мазалайды. Бала сыныптастарымен тіл табыса алмаса, ата-аналар біздің көмегімізге жүгінеді. Он сегіз жасқа дейінгілердің басым бөлігі қатарластарымен араласпайды, достары жоқ, тіпті ата-аналарымен де ашылып сөйлеспейді”, – дейді психолог.
Маманның айтуынша, тәрбиеде кеткен олқылық баланың мінезіне, болашағына әсер етеді. Үйдегі ұрыс-керіс, жанжал, ата-аналардың ажырасуы сәбилерге өте ауыр тиеді. Ата-ана тәрбиесі балаға екі бағыт бойынша ықпал етеді екен. Біріншісі – психологиялық, яғни ата-ана баланың ішкі жан дүниесіне зақым келтіреді, дұрыс тәрбиелемеудің салдарынан сәбидің эмоционалдық жағдайын нашарлатады. Мұның бәрі психологияның көмегімен түзетіледі немесе уақыт өте келе жойылады. Екіншісі, психопатиялық әсер ету, ата-ананың тәрбиесі психикалық бұзылуға әкеледі. Мұндайда психиатрдың көмегі және медикаменттер керек.
“Тәрбие беру кезінде жиі кездесетін қателіктер – инфантилизация, симбиоз. Инфантилизация – ата-ана баласын тым қамқорлыққа алып, мәселен, он жастағы балаға 5-6 жастағы бала сияқты қарайды. Ал бала мұны өзінше түсінеді, “қандай да бір жұмысты істетпесе, шынымен де бұл шаруа менің қолымнан келмейтін шығар, яғни әлі кішкентаймын” деп ойлайды. Инфантилизация арқылы баланың өзін-өзі бағалауы түседі, ата-анасы оған сенім артпайды деп ойлауы мүмкін. Симбиоз – ата-ананың баласымен бір бүтін сияқты өмір сүруі. Ата-ана баласы үшін бәрін шешеді, не кию керектігін, қалай тамақтану, қай жерге бару қажеттігін айтады. Соның салдарынан бала өз бетінше түк істей алмайды. Мектепке барады, ал мектептің өз талабы, міндеттері бар. Ал баланың қолынан түк келмейді, өйткені ол үшін үйде бәрін әке-шешесі атқарады”, – дейді Мария Гейн.
Маманның пікірінше, баланы авторитарлық тұрғыда тәрбиелеу де қате. Ата-ана тәртіпке үйретіп жатырмын деп ойлағанымен, балада үрей қалыптасады. Тәртіпке үйретудің ең дұрыс жолы – оның міндеттерін бөліп беру, орындамаған жағдайда шара қолдану. “Мысалы, “менің міндетім – тамақ пісіру, сенің міндетің – өсімдіктерді суарып, мысықты тамақтандыру” деген сөздерді жиі естіген бала болашақта жауапкершілікті сезіне алатын болады. Ата-ана сәбиіне талап та қоя білуі керек. Реті келгенде оның жақсы көретін тәттісін бермей қою арқылы жазалауға да болады”, – дейді психолог.
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ата-анада жылда баланы неше жастан 1-сыныпқа беру керек деген сұрақ туындайды. Маманның айтуынша, әр бала ерекше. Біреуі ерте, енді бірі кешірек жетіледі. Сондай-ақ бір балада неврологиялық дерт болып немесе перинаталдық кезең ауыр өтуі мүмкін. Ең бастысы – баланың дайындығына қараған дұрыс. Балалармен қарым-қатынасы қандай, есте сақтап, тақпақтарды жаттай ала ма, әлде жаттағысы келмей ме? Осы жайттарға да мән берген абзал.
“Бала ер жету барысында кезең-кезеңмен дамиды, мәселен белгілі бір жас аралығында оның миы жетіледі, дағдылары қалыптасады. Сондықтан балаға балалық кезеңнен өту өте маңызды. Мәселен, жасөспірімге достарымен араласу керек, өзі қатарлас балалармен қыдырып, қарым-қатынас орнатқаны жөн. Ал балабақша жасындағы, бастауыш сыныптағы балалар үшін негізгі іс-әрекет түрі – ойын. Бала ойнағысы келеді. Біз баланың барлық уақытын ересек сияқты оқумен, түрлі үйірмелермен толтырып тастасақ, оның осы балалық шағын, ойынға деген қажеттілігін алып қоямыз. Бала бір-екі үйірмеге барса, жеткілікті. Оның психикасына, миына салмақ салудың қажеті жоқ. Егер күні бойы ақпарат алатын болса, оның миы алған ақпаратты қорыту үшін энергия жұмсайды, жүйкесі жұқарады, салдарынан психо-эмоционалды жағдайы нашарлайды”, – дейді Мария Гейн.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.