Облыстық прокуратурада атқарушылық іс жүргізу органдарының алимент төлемдерін, еңбекақыны және мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселесі бойынша ведомствоаралық кеңес өтті. Аталған іс-шараға облыстың мемлекеттік және уәкілетті органдарының өкілдері қатысты.
Бүгінде өңір бойынша алимент төлеуден жалтарып жүрген 170 адамның жалпы берешегі 166,3 млн. теңгеге жеткен. Облыс бойынша 7 933 бала және 7 қарт ата-ана алимент алушы ретінде тіркелген. Алимент төлеушілердің қарыздарының өсіп, балалардың құқықтарының бұзылуына сот орындаушыларының әрекетсіздігі мен немқұрайдылығы да себеп болып отыр. Бұған дейін функционалдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін прокурорлар 71 сот орындаушысын әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартқан.
8 қасақана алимент төлемеуші қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 14 қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. 98 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 52 борышкер қамауға алынса, 46 борышкерге айыппұл салынды. Қарызы бар 69 адамға қатысты жүргізуші куәлігінен уақытша айыру шаралары қабылданды. Өңірде өз міндетінен жалтарып, жасырынып жүргендер де көп. Осындай 95 адамға іздестіру жарияланып, 42-сінің орналасқан жері анықталды. Ал 53-і бойынша іс тіркеліп, жедел-іздеу іс-шаралары жүргізілуде.
– Алименттерді өндіріп алу біздің ерекше бақылауымызда. Бұл мемлекеттік және уәкілеттік органдардың бірлескен жұмысына айналуы керек. Кейде сот орындаушылары балалардың құқықтарын қорғауға келгенде жұмсақтық танытып жатады, – дейді облыстық прокуратураның прокуроры Павел Семенов.
Жалпы бүгінде сот орындаушылардың қолында мемлекет кірісіне 103 млрд. теңгені өндіріп алу бойынша 28853 құжат бар.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.