«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МУАЙ-ТАЙ — ЖҮРЕКТІЛЕР СПОРТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы жылдары облыста экзотикалық спорт түрлеріне жататын тай боксының дамып келе жатқанын айқын аңғаруға болады. Оған дәлел – өңір спортшыларының әлемдік деңгейдегі және құрлықтық жарыстарда топ жаруы. Мәселен биыл облыс тарихында тұңғыш рет жерлесіміз Шамиль Ермағамбетов муай-тайдан әлем чемпионы атанды. Аталмыш спорт түрі бойынша Петропавл қаласының аға жаттықтырушысы Руслан Молдыбаевты әңгімеге тартып, солтүстікқазақстандық спортшылардың бағындырған шыңдары, алда тұрған міндеттері туралы сөйлестік.

– Руслан Қажыбайұлы, муай-тай – шығыс жекпе-жектерінің бірі екені белгілі. Бірақ көбі ережеле­рін біле бермейді. Олай болса, сіз оқырмандарымызға тай боксы жайлы түсіндіре кетсеңіз.

– Иә, сырт көзге тай боксы ере­жесіз төбелеске ұқсайды. Бірақ шы­нында олай емес. Оның да қалыптас­қан дәстүрі, өз ережесі бар. Егер муай-тай деген атауына тоқталсақ, “мавя” және “тай” сөздерінен шыққа­нын байқаймыз. Аударғанда “шай­қас” және “еркіндік” дегенді білдіреді. Жекпе-жек кезінде аяқ пен қолдан бөлек, тіземен және шынтақпен соққы жасауға болады.

Муай-тайда ортада төреші бола­ды. Ал шаршы алаң сыртында отыр­ған қазылар әр соққыны есептейді. Тай боксы еркіндік деген мағынаны білдіргендіктен, әр жарыста әдемі әндер қосылады. Спортшы әуен ыр­ғағымен билей жүріп, жекпе-жек өткізеді. Тіпті кейбірі бұл спортты биге де балайды.

– Сіздің муай-тайдан жаттық­ты­ру­шы болып қызмет етіп жүрге­ніңізге қанша жыл болды? Тайланд халқының ұлттық спорт түрі саналатын жекпе-жектің біздің өңірдегі даму деңгейіне тоқтал­саңыз.

– Мен осыдан 18 жыл бұрын  муай-таймен айналыса бастадым. Мектептердегі шағын залдарда жаттығып, республикалық жарыстарға қатысатын едік. Кейін көрші елдерге барып, одан асып, Тайландтағы сайыстарда бағымызды сынай бас­та­дық. Өзімізді көрсетіп, облыста бұл спорттың болашағы бар екенін өзге­лерге дәлелдей алдық.

Мен жарыстарға спортшы ретінде қатыса жүріп, бапкерлік кәсіпті меңгере бастадым. Бүгіндері шәкірт­терім ересектер арасында өтетін до­даларға қатысып жүр. Алғашында үйірмеге 4-5 бала ғана келетін. Қазір жасөспірімдер мен жастар сана­тын­да өнер көрсететін спортшылардың саны 40-тан асты. Төрт жігіт ере­сек­тер арасында халықаралық сайыстарға қатысып, жүлдегер атанып жүр.

– Биыл Шамиль Ермағамбетов Тайланд елінің Бангкок қаласында өткен әлем біріншілігінде топ жар­ды. Осы шәкіртіңіз туралы айта кетсеңіз.

– Шамиль бала күнінен бері ме­нің қарамағымда жаттығады. Биыл жұлдызы жанды. Ол муай-тайдан эли­талық “А” дивизионындағы спортшылар арасында күш сынасты. Сәтті өнер көрсетті.

54 килограмм салмақ дәрежесін­де топ жарды. Финалда Макао мем­лекетінің өкілін жеңді. Шамильден бөлек, 2021 жылы ТМД елдерінің ойындарында Евгений Зимин, Рус­лан Заякин жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жарыстарға муай-тайдан облыс құрамасының аға бапкері Иван Ван-Хон-тун апарған бола­тын.

Солтүстікқазақстандық спорт­шы­лар Азия ойындарына, әлем халықтары ойындары мен әлем және Азия біріншіліктеріне қатысады.

– Жақында сіздің еңбегіңіз об­лыс басшылығы және спорт бас­қар­масы тарапынан жоғары бағаланды. Үздік бапкер атандыңыз. Құтты болсын!

– Иә, спорт күніне орай өткен шарада “Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша үздік бапкер” ата­лымында марапатқа ие болдым. Дауыс беру әлеуметтік желі қолда­нушылары арасында өтіп, жерлес­теріміз онлайн дауыс берді. Бұл марапатты алуыма шәкіртім Шамиль Ерма­ғамбетовтің жарыстарда жақсы нә­тиже көрсетуі әсер еткені анық және бұл облыс бапкерлерінің ортақ жеңісі деп білемін. Мұндай марапат қазір­гіден де биік белестерді бағындыруға ынталандырады.

– Жалпы муай-тайға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле ме?

– Алғашында жарыстарға ата-аналарымыздың қаржысына барып жүрдік. Кейін облыстық спорт басқар­масы көңіл аудара бастады. Ақырындап залдар бөлініп, кейін қаржылай демеу де көрсетілді. Бүгіндері бар­лық әлемдік және құрлықтық дода­ларға облыс бюджеті есебінен барамыз. Биыл да халықаралық ойын­дарға спортшыларымыз қатысады. Бұл додаға бару үшін де спорт басқармасы қаражат бөлді. Енді жеңіске жету үшін барымызды саламыз.

– Сәттілік тілеймін!

Әңгімелескен

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp