Григорий Потанин “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді”, дегенді бекер айтпаған ғой. Расында да ұшқан құстың қанаты, арындап шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламыздың өзі тұнып тұрған ән емей немене?! Солардың ең шырқау шыңында ғасырлар бойы санаға да, көңілге де, жүрекке де сіңіп қалған, қазақтың бүкіл болмысымен де, табиғатымен де біте қайнасып кеткен Ақан сері Қорамсаұлы туындыларының тұратыны хақ.
Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Арқаның ақтаңгері, өнер майталманы, ақын, сазгер, әнші Ақан серінің туғанына 180 жыл толуына орай “Сымбаты бөлек сырлы әлем” деген атаумен ұйымдастырылған әдеби кеште даңқты тұлғаның өмірдариясы, шығармашылық мұрасы жан-жақты сөз болды.
Өзіне дейінгі ән кемеңгерлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері жасынан қолына домбыра алып, шабыт самғауына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәулесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Оны шара барысында облысымыздың құрметті азаматы, күйші Серікбай Құсайынов айтып берді.
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Марал Оспанова әкесі Зейнел-Ғаби Иманбаевтан естіген Ақан серінің “Қараторғай” әні туралы естеліктерімен бөліссе, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманжол Зағыпар арнау өлеңін оқып берді. Жиынның өзге де қонақтары серінің сан қилы тағдырын талқылап, алтын қазынасын саралап, әдебиетсүйер қауымға рухани нәр сыйлады.
Баялы Мырзалыұлы, Қоқыш Шыңғысұлы, Ысмағұл Бозайұлы, Қазы Самыратұлынан мәліметтер жинап, Ақан серінің шығармашылығы мен өмір өткелдерін таразылаған Алаштың жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев: “Өмірді өлеңмен ғана емес, өзінің өмірімен суреттей білу ірі жанды адамның ғана қолынан келмек”, – деген екен. Ұлы Мағжаннан кейін ардақты тұлғаның өмірін Ғафу Қайырбеков, Сәкен Жүнісов, Тұрсынбек Кәкішев сынды азаматтар зерттеді. Жерлес ақын Зейнолла Әкімжановтың “Ақан. Мағжан. Құлагер” атты туындысы ойлы оқырманның олжасына айналды. Кеш қонақтары ақын Ілияс Жансүгіровтің “Құлагер” поэмасындағы “Ұнайды өмірімен Ақан маған” деген жыр жолын айтып тарқасты.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.