Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауын ерекше ықыласпен тыңдадым. Президентіміз ел дамуын айқындайтын маңызды құжатта білім беру жүйесіне қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды.
Жолдауда көтерілген мәселелер барлық қазақстандықтарды, бірінші кезекте ұстаздар құрамын бейжай қалдырмады деп ойлаймын. Біз еліміздің әл-ауқатын арттыру мен экономикасын жетілдіру жолындағы ұстанған басты басымдықтарға қанықтық.
Жалпы мемлекеттің орнықты дамып, өркениетті елдер көшіне ілесуі үшін үш тетік керек. Олар: халықтың денсаулығы, білімі және әлеуметтік жағдайы. Бұл мәселелер шешімін таппай біз ешқашан өркениетті қоғамға жете алмаймыз.
Президентіміз атап көрсеткендей, мемлекет тарапынан мектеп мұғалімдеріне айрықша қамқорлық жасалуда. 2020 жылдан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы екі есе өсті. Қазір елімізде мұғалімдердің, дәрігерлердің табысы еліміздегі орташа жалақыдан әлдеқайда жоғары. Ал мектептерде орын жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін “Жайлы мектеп” жобасы аясында 400-ге жуық білім ұйымы бой көтереді.
Бұл жобадан біздің өңіріміз шет қалмақ емес. Оның аясында облысымызда 3300 оқушыға шақталған төрт мектептің іргетасы қаланбақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 21 миллиард теңге бөлінеді. Атап айтсақ, “Копай” шағынауданында – 600, “Орман” шағынауданында – 600, “Жас өркен” шағынауданында – 900 және “Береке” шағынауданында 1200 орындық мектеп салынады. Мемлекет басшысының: “Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – “сапа”. Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет”, – деген сөзі барлық мұғалімге қаратыла айтылғандай. Біз шәкірт тәрбиелеу ісінде адалдық пен темірдей тәртіпті ту етсек, бағындырар асуларымыз көп болмақ.
Қазіргі таңда елімізде балалардың қауіпсіздігі басты назарға алынуда, бұл мәселеге немқұрайлы қарамаған жөн. Балалардың қатысуымен көптеген қайғылы жағдайлардың орын алып жатқаны жалған емес. Осы орайда Мемлекет басшысы қоғам арасында бала құқығын қорғау жөніндегі ауқымды мәселелерді шешу керектігін баса айтты.
“Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Сондай-ақ өскелең ұрпақтың психикалық саулығы – өте маңызды мәселе. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек”, – деді Президентіміз.
Алдағы уақытта балабақшадан түлеп ұшқан, бірақ мектеп табалдырығын әлі аттамаған балдырғандарымызға арналған бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізілетін болады. “Мемлекеттің білім саласына қатысты жұмысында тұтастық, яғни жүйе жоқ. Тіпті, өзара байланыс жоқ деуге болады. Сондықтан бес жастан асқан балаларға арналған “Келешек” атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырамын”, – деген Президентіміз бұл ретте мемлекет тарапынан бастапқы білім беру капиталы, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс қарастырылатынын жеткізді. Осы жинақ пен “Ұлттық қор – балаларға” жобасының қаражаты қосылғанда жас ұрпақтың сапалы білім алуына мүмкіндік тумақ.
Айнагүл ЕСҚАЛИЕВА,
Қожаберген жырау атындағы №6 мектептің директоры.