«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚҰДІРЕТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мерейлі мереке – Конституция күніне арналған шаралардың бірқатары облыстық тарихи-өлкетану музейінде ұйымдастырылды. Бұл күні руханият ордасына бас сұққандардың қатары қалың. Тұрғындардың бірі кіріп, бірі шығып жатты. Олар суретшілердің қабырғаға қатар-қатар ілінген туындыларын тамашалап, алған әсерлерімен бөлісуде. Көрме “Ботай – ұлы дала мәдениеті” деп аталыпты.

Осыдан екі апта бұрын Айыртау ауданындағы “Ботай” мем­ле­кеттік тарихи-мәдени музей-қорығында ұлттық бірегейлікті нығайту, “Ботай қонысы” археология­лық ес­керт­кішін танымал ету, мәде­ни ту­ризмді да­мыту, жастар арасын­да шы­ғарма­шылық және еңбек мә­дениетін іл­герілету мақсатында II Халықа­ра­лық суретшілер симпозиумы ұйымдасты­рылған болатын. Оған Канада, Гер­мания, Франция, Бенин, Румыния, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақ­станнан 20 суретші қатысты. Қылқа­лам шеберлері Ұлы дала мә­дениеті­мен, археологиялық ескерт­кіш­тері­мен танысып қана қоймай, әйгілі Бо­тай қонысында жүргізіл­ген қазба жұ­мыстарын бейнелеп, сол­түстіктің сұлу табиғатын қағаз бетіне түсірді. Киелі Сырымбет баурайын­дағы ар­хеология ескерткішінің тари­хымен та­нысуға келген шетелдік және отан­дық қылқылам шеберлері тұрғындар наза­рына сиясы кеппеген 100-ден астам суретін ұсынды. Сим­позиум жұмысы­ның қорытындысы бойынша су­ретшілер шығармалары топтасты­рылған католог шығары­лыпты.

Көрменің ашылуымен өңір бас­шы­сының атынан орынбасары Рүстем Құрманов құттықтады.

– Ұлы дала әлемге жылқы ша­руа­шы­лығын сыйлады. Музей қо­рын­да осы фактіні растайтын Ботай қонысының археологиялық қазба ма­териалдары сақталған. Қазақстан­дық­тар, әсіресе, жас ұрпақ өз та­рихын біліп қана қоймай,  онымен мақтануы керек. Бүкіл әлемге Қа­зақстанда тарихи-мәдени мұраның бірегей нысандары орналасқанын айту зор сүйініш, – деген ол “Ботай” мәдениетінің бейнелеу өнері сала­сында көрі­ніс табуына себепкер болған жобаның ав­торы Болат Әсербековті, “Союз ЖАСА” қоғамдық қорының директо­ры, меценат Денис Лукянчукты об­лыс әкімінің Алғыс хатымен мара­пат­тады.

Республиканың киелі жерлер кар­тасынан айшықты орын алатын Бо­тай тарихи мекенінің маңызы зор. Ол жайлы жер­лесіміз, саяси ғылым­дар­дың докто­ры, профессор Әмір­жан Шалтықов бірнеше томдық кітап жа­зып, артына өшпес мұра қалдыр­ды. Энеолит дәуіріне жа­татын ежелгі адам­дар тұрағын төрт­күл дүниеге та­нытуда белгілі тарихшы-ғалым Вик­тор Зайберт зор еңбек сіңірді. “Ботай мәдениеті” атауы қалыпта­сып, бұл әлемдік сенсация ретінде қа­былдан­ды. Бүгінде Ботай – жылқы ең алғаш қолға үйретілген, арбаға же­гіл­ген, қы­мыз өндірілген жер ретінде таны­мал.

Кеш барысында Денис Лукянчук әр суретшінің еңбегін бағалап келген қауымға жүрекжарды лебізін білдір­се,  Болат Әсербеков ойлаған ісінің жү­зеге асуына қолдау көрсеткен об­лыс әкімдігі мен мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына алғысын айтып, мұндай халықара­лық деңгейдегі шара болашақта да жалғасын табатынын жеткізді.

Өңіріміздің тұмса табиғатын, қа­сиетті орындарын, тұрғындардың тұр­мыс-тіршілігін өз жұмыстарында басты тақырып еткен бениндік су­ретші, бейбітшілік, экология және ба­лаларды қорғау саласындағы көпте­ген халықаралық көрмелер мен жо­ба­лардың қатысушысы Франк Хан­тан мен Әзірбайжанның еңбек сі­ңірген суретшісі, көптеген халықара­лық көрмелердің қатысушысы Асмар Нариманбеков көрмені тамашалау­шы­лар алдында сөз сөйлеп, көне өр­кениеттің бастауында тұрған Ботай қонысынан алған әсерімен бөлісті.  “Жер көлемі жөнінен әлемде тоғы­зыншы орын алатын Қазақстанның ақ қайыңдар өлкесіне ат басын бұр­ғаныма қуаныштымын. Небір тарихи орындарды араладық. Сырын ішіне бүккен мекендер суретшілердің ғана емес, қаламгерлер шығармалары­ның да басты арқауына айналуы тиіс”, – деді Франк Хантан.

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, республикалық және халық­аралық көрмелердің қатысушысы Се­рікбай Әлжан мұндай шаралар елі­мізді дүние жүзіне танытатынын ай­тып, шетелдік меймандарға ризашы­лығын білдірді.

Көрмеге келушілер суретшілер­дің туындыларын ғана тамашалап қой­май есімдері өңірімізге белгілі өнер­паздардың өнеріне тәнті болды. Отбасылық жұп Асхат пен Динара Тауышевтар, Любовь Зорина ән­дерін айтып, жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады.       

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp