Облыс орталығында жүзім фестивалі өтті. Оның аясында қонақтар армяндардың ұлттық тағамдарын әзірлеуді үйренді.
Жүзім фестивалі – армян халқының ежелгі мерекелерінің бірі. Оның пайда болуы христиан дәстүрімен тығыз байланысты. Осы мереке тойланған күннен бастап жүзімді тағам ретінде де, шарап жасау үшін де жинауға болады деген түсінік қалыптасқан.
“Кентрон” армян мәдениеті облыстық орталығы” қоғамдық бірлестігінің мүшелері фестивальге өзге этнос өкілдерін шақырыпты. Олар ең алдымен сәндік-қолданбалы өнер көрмесін тамашалап, армян шараптарының түрлі сорттарымен танысты. Жүзім жапырақтарынан дайындалатын дәстүрлі армян тамағы – долма пісіру бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылды.
“Біз бұл мерекені алғаш рет атап өткізудеміз. Жүзім Арменияның барлық өңірінде өсіріледі. Бұл жемістің “Кангун”, “Воскеат” және “Арени” деп аталатын түрлері ерекше танымал. Шарада өңіріміздегі барлық этномәдени бірлестіктердің басын қосуға тырыстық. Еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтуда осындай шаралардың көмегі зор”, – деді “Кентрон” армян мәдениеті облыстық орталығы” төрағасының орынбасары Светлана Малхасян.
Думанды шара барысында армян халқының ұлттық биі биленді. Оны мың бұралған биші Карине Сафарян орындады. 24 жастағы ару бірлестік жанындағы хореграфиялық топтың көркемдік жетекшісі болып жұмыс істейді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.