АЛҒА БАСҚАН АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуде үкіметтік емес ұйымдардың атқарар рөлі зор. Соңғы жылдары мұндай бірлестіктерге  мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде. Оқушылар сарайында «Жастардың бойына патриотизм мен азаматтықты қалыптастыруда мемлекеттің, қоғамның және отбасының ресурстарын біріктіру» деген атаумен  өткен  үкіметтік емес ұйымдардың XI  азаматтық форумында  бірқатар мәселелер ортаға салынды. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Қазақстанның Азаматтық Альянсы” облыстық  филиалының мамандары бірлесіп ұйымдастырды.

Форум жұмысына қатысқандар ең алдымен  өңіріміздегі үкіметтік емес ұйымдар өткізген  үздік әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінің көрмесін тамашалады.   Көрме сөресіндегі 15 қолөнершінің туындыларына меймандар жоғары бағасын берді.

Атқарушы билік пен халықтың ортақ мүдде орайында ықпалдасуында қоғамдағы азаматтық белсенділігі жоғары адамдардың заң шеңберінде, белгілі ұйымдар аясында бірлескен іс-қимылының маңызы жоғары. Өйткені бұл ортақ әрекеттер кезегінде елдегі азаматтық қоғамның дамуына жол ашады. Атқарушы билік пен аза­маттық қоғам – мемлекеттің қос қана­ты. Бұлар бірлеспей іс ілгері баспайды. Дамыған мемлекеттерде осы қос тарапқа теңестірілген мүмкіндіктің берілуі олардың өркендеуінің негізі болып отыр. Ал жалпы билігі, оның тармақтары монополистік қағидат­тарына сүйенген, азаматтық қоғамның дамуына мүдделі емес елдер көптеген мәселелерде артта қалуда. Форумда сөз сөйлеген спикерлердің айтқан ойлары осыған саяды.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 20 мыңға жуықтапты. Мамандардың айтуынша, олардың 2 мыңдайы жұмыс істеп тұрған көрінеді. Ал өңірімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың саны 500-ді маңайлайды.  Олардың 50-ден астамы ғана белсенді түрде жұмыс атқарып келеді. Басым бөлігі тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуда.  Ерекше қажеттілігі бар балалармен, көпбалалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылармен   жұмыс істейтін ұйымдар да бар.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Олжас Ыдырысов жиналғандарды форумның ашылуымен құттықтап, бұл  басқосудың берері мол екенін атап айтты.  Ол  Президенттің  саяси жүйені модернизациялау туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқанына тоқталып,  біздің облысымызда бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік тапсырысты орындауға 228 млн. теңге бөлініп, біраз шара өткізілген. Олжас Ыдырысов көптеген жобаларды үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып қана жүзеге асыруға болатынына баса назар аударды. Бұл ретте аудан әкімдері мен бизнес өкілдерін ауылдардағы бастамаларды қолдауға шақырды. «Мемелкеттік әлеуметтік тапсырысты қаржыландыру көлемін  жылдан жылға арттырып келеміз. Мәселен, 2022-ші жылы өңір бойынша  94 жоба қолға алынса, биыл 303 млн.  теңгеге 97 жобаны  іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда үкіметтік емес сектор элеуметтік сипаттағы мәселелерді қарайтын кеңестерге белсенді қатысып жүр», – деді ол.

Биыл Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетудің 2025-ші жылға дейінгі мемлекеттік тұжырымдамасы жасалынды. Оның аясында  жастар саясаты, гендерлік білім беру, жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласында  көптеген жобалар жүзеге асырылмақ.

Форумның  екінші бөлімінде үкіметтік емес ұйымдардың бәсе­кеге қабілеттілігін арттыру, «ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рым­дамасын дамыту, қоғам­дық ба­қылау жүргізу үшін азаматтар­дың дұрыс шешім қабылдау сынды мәсе­ле­лер бойынша диалог алаңдары ұйымдастырылды. Оны  жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков жүргізіп отырды.

«Қазақстанның болашағы»  қоғамдық бірлестігінің  төрағасы Рүстем Арманов өз сөзінде еліміз бойынша бес мыңға жуық пікірталас клубы жұмыс істейтінін, олардың өкілдері қоғамдағы өзекті мәселлерді шешуге атсалысып жатқанын айтты. «Жастар арасында жаман әдеттерге әуес жандар көбейіп барады. Оның бір себебін, Абай атамыз ашына айтқан  жұмыстың жоқтығымен байланыстыруға болады. Электронды темекіге құмартқандардың да саны азаймай отыр. Біз алдағы уақытта   нашақорлыққа қарсы телеграмбот жасап шығармақшымыз. Ойымыз жүзеге асса жаман әдеттерден жиренетіндердің қатары артпақ» –   деді ол.

Жиын соңында бірқатар белсенді жастар марапатталды.

Аманжол ЗАҒЫПАР

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp