2024 жылғы қаңтар айынан бастап еліміздің Ұлттық қорынан 18 жасқа дейінгі әр балаға арнайы есепшот ашылып, ал кәмелеттік жасқа толған балаларымыз аталмыш қордан белгілі бір сомада ақша ала бастайды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еді.
Мемлекет басшысы әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін айтып: «Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», – деп мәлімдеген болатын. Сондай-ақ биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқталып, 2024 жылдан бастап осы жобаның жүзеге асырылуын тапсырды. Естеріңізге салып өтейік, биылғы маусым айында Парламент Мәжілісі Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері туралы заң жобасын қарап, бірінші оқылымда мақұлдаған.
Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленгенін мәлімдеді. Әзірленген жобаға сәйкес, Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсынылып отыр.
«Біріншісі – тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу. Бұл мақсатта қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етіледі. Екіншісі – білім алу. Бұл мақсатта баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар шетелдік оқу орнында да оқу ақысын төлеуін шектемеу қажет деп пайымдаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл кәмелетке жаңа толған қазақстандықтарға ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық балаға теңдей бөлінеді. Инвестициялық табыстың жекелеген уақыт аралықтарындағы ықтимал теріс мәндерін болдырмау мақсатында оның 18 жылдағы орташа жылдық мәні негізінде (2,6 % мөлшерінде) айқындау жоспарланып отыр.
Бала 18 жасқа толғанға дейін аударылған қаражат ұлттық қорда сақталады, ал Ұлттық банк оны қаржы құралдарына инвестициялайды. Бұл қаражатты бала 18 жасқа толған кезде ғана ала алады.
«18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Көрсетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағдайда шоттағы қаражатты сол адамның зейнетақы шотына аудару ұсынылады», – деді Үнзила Шапақ.
Заң жобасына сәйкес, егер бала Қазақстан азаматтығынан шықса, ұлттық қордан берілетін төлемдерді ала алмайды. Сондай-ақ қаражаттың қолды болуына, қаражатты өндіріп алуға, қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға, клиенттің келісімінсіз ақша алуға, банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді.
«Ұлттық қор – балаларға» жобасына қатысу үшін қандай да бір мемлекеттік органға жүгінудің қажеті жоқ, есептеулер автоматты түрде жүзеге асырылады, есепке алуды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жүргізеді.
Келесі жылдан бастап балалар Ұлттық қордан өз үлесін ала бастайды. Қазір тиісті заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Заң қабылданып, Президент қол қойған соң, еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарына арнайы шот ашылып, жыл сайын ақша аударылып тұрады. Заң жобасындағы негізгі жаңалықтарға қысқаша тоқтала кетейік.
Кімге ұлттық қордан ақша берілмейді?
2024 жылғы қаңтардан бастап, кәмелетке толған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде қазір 18 жасқа дейінгі 6 млн. 700 мың бала бар екен.
Егер 18 жасқа толмаған бала шетелге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.
Берілетін ақша сомасы қанша?
Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот балаларға автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын алуға тыйым салынады.
Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде орташа 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін, бәрі Ұлттық қордың кірісіне байланысты.
Ал бағдарламаға мысалы, 2024 жылы 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі.
Айта кетері, шоттағы ақша АҚШ долларымен есептеледі және бала 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.
Ақшаны жеке мүддесіне жаратуға бола ма?
18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады.
Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі.
Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.
Заңда қаражатты емге және басқа да қажеттілікке жұмсау қарастырылмаған.
Қордың кіріс ақшасы қалай есептеледі?
Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.
Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін есепшотқа ақша аударылады.
Ақшаны мүлде алмаса не болады?
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.
Бірігіп пәтер сатып алуға бола ма?
Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады.
Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.
Бұл бастама тек ақша алуға ғана емес, бір жағынан демографиялық өсім жағдайына да оң әсер етуі мүмкін деп болжайды әлеуметтанушылар.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Дана Әшімханова: «Ұлттық жобаларды тиімді іске асыру үшін халықтың демографиялық даму ерекшелігін, демографиялық қауіпсіздікті ескеру қажет екеніне назар аударғым келеді. Себебі Президенттің бұл бастамалары болашақта бала туу көрсеткішінің өсуіне немесе қазіргі деңгейде сақталуына себеп болуы мүмкін»,– екенін айтады.
Ұлттық қордан берілетін бұл ақша мектеп бітірген әрбір балаға ертеңге деген сенім сыйлары сөзсіз. Сондай-ақ болашақта әрбір қазақстандық Ұлттық қордағы ақшаның еселеніп көбеюі өздерінің болашағы үшін аса маңызды екенін сезініп, қор ақшасының артуына күш салуға атсалысары анық.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».