ЖОЛАУШЫҒА ЖАЙЛЫ ВАГОНДАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұған дейін жүк вагондары мен тұғыр жасауға маманданған  «ЗИКСТО»  зауыты  қазір жолаушылар тасымалына қажет үш түрлі – плацкарт, купе және штабтық вагондар өндірісін қолға алған.   Жуырда   зауыт негізгі тапсырыс берушісі –  «Қазақстан темір жолы»  ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны «Жолаушылар тасымалына»  50  жаңа жолаушылар көлігін табыстады. Бұл – тапсырыс  берушілер алып жатқан екінші партия.  Алғашқы 11 вагон үстіміздегі жылдың басында пайдалануға берілген болатын.

Қазіргі таңда отандық   жолаушылар вагондары рельске қойылды. Енді олар «Алматы–Маңғыстау», «Алматы–Өскемен»  сынды бірнеше бағытт бойынша  жолаушы тасымалдайды.

Вагондар  жолаушыға жайлы етіп жасалған.  Кондиционер, ауаны тазарту фильры, түтін дабыққақышы, биодәретхана,  тамбурларды  бейнебақылау жүйесі, купеде электр розеткамен қатар   USB жалғағыш бар.  Вагондар күтім көрсе, 40 жылға дейін қызмет етеді.

Биыл зауыт 100-ге тарта вагон жасап шығарады, ал ендігі жылы өндіріс көлемін 300-ге жеткізу көзделген. Сонымен қатар зауыт жаңа корпус салып жатыр.  Оның аумағы 20 мың шаршы метр.   Жаңа корпустың құрылысы аяқталса,  жылына  4500 вагон жасап шығармақшы.  Оның үстіне  «Қазақстан темір жолы»  ұлттық компаниясынан да, жеке кәсіпорындардан да тапсырыстар бар. 

Қазіргі таңда зауытта 500 адам жұмыс істейді. Жаңа корпус  өндіріске қосылған кезде жұмысшылар саны 1000-ға жетпек.

–Біздің зауыттың басты байлығы – жұмысшылары. Біз оларсыз ешқандай өнім шығара алмаймыз. Әсіресе, дәнекерлеушілер, металл конструкторды  жинаушы слесарлар – аса қажет мамандар.  Олар 2018 жылы сатып алынған заманауи қондырғыларда жұмыс істейді. Өндіріс көлемі артқан кезде жаңа мамандар қажет.  Осы заманауи, технологиялық қондырғылар жастарды  қызықтыруы тиіс.  Зауыт жұмысшыларына  жаңа үйлер саламыз,  лайықты еңбекақымен қамтамасыз етеміз, – дейді «ЗИКСТО»  АҚ-ның бас директоры Ренат Шамсутдинов.

Қазіргі таңда зауыт жұмысшыларының орташа еңбекақысы –220  мың теңге. Қазақстандық шикізатты қолдану деңгейі жолаушылар вагонын жасауда 10 пайыздан,  теңіз контейнерлерін тасымалдауға арналған 80 футтық тұғырларды даярлауда 65 пайыздан басталады. 

– Болашаққа деген сенім бар. Себебі нақты іспен, яғни өндіріспен айналысып жатырмыз. Зауыт – қалақұраушы  кәсіпорын. Мұндағы әр жұмысшы  – отбасының асыраушысы.  Бір кездері  рубль бағамы өскенде  құрағыштардың бағасы күрт қымбаттап, қиындық тудырғаны бар.  Қазір бұл  мәселелердің барлығын шештік, тапсырыс берушілермен түсіністік таптық. Қазір жұмыс барысы тұрақтанды, тапсырыс та бар, – дейді «ЗИКСТО»  АҚ-ның бас директоры Ренат Шамсутдинов.

Өткен сегіз айда  «ЗИКСТО»  зауыты облыс бюджетіне 400 млн. теңге  аударыпты. Жыл аяғына дейін 35 млрд.теңгенің өнімін өндіру көзделген.  

Аманжол НҰРТАЗИН,

«Soltüstık Qazastan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp