ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

«Amanat» партиясының облыстық филиалында  «Құқықтық көмек» жобасы аясында  қоғамдық қабылдау өтті.   Бұл жоба аясында заңгерлер  азаматтарға заңгерлік көмек көрсетеді. Яғни сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.

Құқықтық көмекке мұқтаж жандардың бірі – Кристина Эрейзер. Ол 2016 жылы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін тамамдаған.  Кристина жоғары оқу орнына ауылдық квота бойынша грантқа түскен. Бекітілген ережеге байланысты ол университетті тамамдаған соң мемлекеттік қаражатты өтеу ретінде ауылда біраз уақыт жұмыс істеуге міндетті.

Біраз уақыттан кейін еңбекақының төмен және еңбек жағдайының нашар болуына байланысты мен Петропавлдың коммуналдық кәсіпорындарының біріне жұмысқа  орналастым. Кейін менің  ол жерге жұмысқа орналасуға құқығым жоқ екені белгілі болды. Мен келісімге сәйкес ауылда жұмыс істеуім керек еді. Алайда, шартта мұндай шара жазылмаған. Соған қарамастан сот мені барлық оқу шығындарын өтеуге міндеттеді, – деді Кристина Эрейзер.

Бүгінге дейін  ол  оқу шығынының миллион теңгеден астамын төлегенімен, сот шешімімен келіспей отыр. «Құқықтық көмек» жобасы аясында «Халықаралық медиация орталығы»  РҚБ өкілі Алтын би Бесембаева, облыстық мәслихат депутаты Юлия Пронина және заңгер Наталья Гакельберг жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты істі қайта бастау туралы прокуратураға өтініш жазуға көмектесті.

Осы күні қабылдауға немересінің жалғыз қамқоршысы болып табылатын әже де келді. Немересі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен. Алайда оны заң жүзінде дәлелдей алмай келеді. Қабылдау барысында зейнеткерге Петропавл қаласының полиция бөліміне өтініш жазу керектігі түсіндіріліп, құқықтық көмек көрсетілді.

 Сонымен қатар, өтініштер арасында зейнетақыны қайта есептеу, жалақы төлемеу және еңбек дауларын шешу мәселелері болды.

–Қабылдау барысында азаматтарды қандай мәселелер толғандыратынын  білдік.  Мысалы, жалақыны уақтылы бермеу және есепке алынбаған жұмыс өтілі – азаматтар жиі көтерген мәселе. Халық мұндай әділетсіздікпен қалай күресуге болатынын білгісі келеді. Біз оларға кеңес береміз, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін түсіндіреміз, – деп атап өтті «Amanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Жеңіс Асанов.

Аталған жоба аясында жыл соңына дейін еліміз бойынша  1000-нан астам қабылдау өткізіп, оның ішінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін 350-ге жуық шалғайдағы ауылдық елдімекенді қамту жоспарланған.

Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp