Облыстық полиция департаменті «Пагонды журналист» атты жобаны қолға алды. Оның аясында өңіріміздегі газеттер мен телеарналардың тілшілері департаменттің түрлі бөліністерінде қызмет атқарып жүрген мамандардың жұмысымен танысып, кезекшілік атқаруда. Мен өз кезегімде учаскелік полиция инспекторының формасын киіп, тұрғындармен тілдестім, алаяқтық фактілерінің қалай әшкере болатынына қанықтым.
Қоғам тыныштығын күзету үшін уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген учаскелік инспекторларды осы саланың ауыр жүгін арқалаған қара нар десек артық айтқандығымыз болмас. Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың белортасында жүретін олар – әмбебап мамандар. Өйткені өзі жауапты аумақта қылмыс тіркелсе, бірінші болып жететін олар криминалист, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып жүреді. Қоғамдық тәртiптi темірдей қатаң ұстайтын, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алатын, профилактика жөнiндегi жұмыстарды жақсартатын да учаскелік полиция инспекторлары.
Қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, оларға таяқ та бірінші тиеді, алғыс та арқалап жатады. Полицияға сын мен мін тағылса да, соның көбі осы қызмет өкілдеріне қарата айтылады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына куә болып жүретіндер де, ішімдікке салынып, шаңырағының берекесін алған маскүнеммен, есірткіге есі кеткен нашақормен, отбасының ойранын шығарып жүрген жанжанқоймен, түзеу мекемесінен шықса да түзу жолға түсе қоймаған есерсоқпен де бетпе-бет келетіндер осылар. Сырт көзге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің жұртшылыққа біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы жетіп артылады. Мұның сыртында күнделікті жұмысында сан қилы адаммен жолықтыратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар.
«Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көпфункциялы институт. Мәселен, олар қылмыстың 12 құрамы бойынша іс жүргізсе, әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамын қарап, жаза қолдана алады. Азаматтардың құқықтарын қорғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, құқықтық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жалғаса береді. Бұл тізімде кәмелетке толмаған жеткіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болмауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азаматтардың тәртібін қадағалау міндеті де жүктелген», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Марат Жұмалиев.
Мен жарты күн бойы тәртіп сақшыларымен бірге учаскелік полиция инспекторы ретінде арнайы әзірленген бағыттар бойынша көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындармен кездесіп, интернеттегі алаяқтық жөнінде профилактикалық жұмыстар жүргіздім. Бұрын ата-бабаларымыз «Қорадағы малым жоғалды!» деп шағымданған болса, қазіргілер «шоттағы қаржым тоналды!» дегенді жиі айтып, полицияға шағымданады. Сан мың айласы бар алаяқтарға алданғандардың сан соққанын қанша мәрте естісек те, өз басымызға іс түскенше оған бейжай қарайтынымыз жалған емес. Қарапайым ғана мысал келтірейін.
Ютубтан «Келінжан» телехикаясының кезекті бөлімін көріп отырғаныңызда телефоныңыз шыр ете түседі. Ойыңызда ештеңе жоқ. Бейтаныс нөмір.
– Алло!
– Алло! Бұл кім?
– Бұл Гүлнұр Әбілханқызы ма?
– Иә. Тыныштық па?
– Бейуақытта мазалағаным үшін кешіріңіз. Ұлыңыз жол апатына ұшырады.
– Ойбай, не дейсіз? Мүмкін емес.
– Бейнет табан астынан емес пе. Бүгін сау отырмын деуге болмайды. Балаңыз көп қан жоғалтқан. Шұғыл түрде ота жасау қажет. Тез арада қомақты қаражат керек.
– Мен үшін баламның саулығы маңызды. Есепшотыңыз осы нөмірде ме?
– Иә. Жылдамдатыңыз. Ұлыңыз өмір мен өлімнің ортасында жатыр. Екі минутқа созылған диалог осымен тамам. Көз алдында дүниенің астан-кестені шығып жатқан әлгі адам жылап отырып бейтаныс жанның шотына бәленбай мың теңгені қалай аударғанын да білмей қалады.
Арада жарты сағат өтер-өтпестен пәтеріңіздің домофоны шырылдайды. Аштыңыз. Есіктің алдында «ажалмен арпалысып» жатқан балаңыз тұр. Алаяқтың құрығына түскеніңізді сонда ғана білесіз. Жіберген ақшаны кері қайтару оңай шаруа емес.
«Халқымыздың «Сабыр түбі – сары алтын!» деген мақаланың мәні зор. Мен тұрғындарға кез келген жағдайда сабыр сақтаудың маңызды екенін айтқым келеді. Қаскөй қоңырау шалды ма, ә дегеннен шотыңыздағы қаржыны тиын-тебеніне дейін аудара салмай, бірнеше секунд сабыр сақтаңыз да, әңгімеңізді әрі қарай жалғастырыңыз. Бейтаныс жанның есімін, қайдан қоңырау шалып тұрғанын сұрау артықтық етпейді. Бұл сауалдарға күмілжи жауап берсе, оған полицияға хабарлайтыныңызды жеткізіңіз. Сол кезде сіз алаяқтардың арам әрекетінен аман қаласыз», – дейді қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің аға учаскелік полиция инспекторы Бейбіт Әлімжанов.
Тәртіп сақшыларына қылмыскерді табудың жеңіл емес екенін айтып өттік. Түрлі техникалардың, құрал-жабдықтардың көмегімен іздеп жатыр. Алаяқ қоңырау шалған телефон нөмірі жұмыс істемейді, есепшоты бұғатталған. Сіздің берген ақшаңыздың азғантай ғана бөлігіне басқа симкарта сатып алып, өзге жандарды алдауға көшкен болар. Оған күмәніміз жоқ. Бөтен адамға «сенгіш» тұрғындар осылайша қаланың шеткері аймағында орналасқан шағынауданның тыныштығын қадағалап жүрген тәртіп сақшысына «қосымша» жұмыс тауып береді.
Учаскелік полиция инспекторларының жұмысы қызу. Әлгінде ғана тіркелген алаяқтық фактісін ашуды ойлап отырған ол бейнекамералардың бірінен заңбұзушылықтың орын алғанын байқап қалды. Екі бозбала шыныдан жасалған аялдамаларды сындыруда. Дереу көлігіне отырып, көшедегі камералар арқылы олардың қайда бет алғандарын анықтауға аттанды. Ішімдікке сылқия тойып алған екі жеткіншекті ұстап, жауап алу үшін басқармаға алып келгені сол еді қаланың орталығындағы пәтерлердің бірінен шақырту түседі. Шағым түсірген мекенжайға бардық, егде тартқан ағамыз жеңгемізді жұдырықтың астына алып, көк ала қойдай етіп сабаған екен. Оны 15 тәулікке уақытша ұстау изоляторына қамап, жұмыс орнына бара жатқанда қала көшелерінің бірінде арлы-берлі жүйткітіп жүрген көлік жүргізушісін көзіміз шалып қалды… Учаскелік полиция инспекторының таң атқаннан кеш қарайғанға дейінгі жұмыс кестесі осылай өріледі.
Жергілікті халықты қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысуға тартатын, тоқсанына кемінде бір рет халықпен есептік кездесулер өткізетін, күн сайын әкімшілік учаскені аралау арқылы маңызды ақпарат жинауды жүзеге асырып, оның барысында: криминогендік орындарды анықтайтын, әкімшілік учаскенің аумақтық ерекшеліктерін, патрульдеу бағыттарының болуын, әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдардың орналасуын зерделейтін, дербес деректерді жинауды және өңдеуді орындап, өзінің визит карточкаларын таратып, тұрғындарға проблемалық мәселелердің, шағымдардың болуы туралы ауызша сауалнама, қажет болған жағдайда профилактикалық әңгіме жүргізетін, қоғамдық орындарда өзінің деректері, байланыс телефондары және учаскелік полиция пунктінің орналасқан жері туралы ақпараттық парақтарды іліп қоятын, алынған ақпарат тиісті шаралар қабылдау үшін жұмыс дәптерінде көрсетілетін қызметкердің күн тәртібі адам баласын қызықтырмай қоймайды. Оның ауыртпалығын тек қана осы салада жүргендер ғана сезеді.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», – деп халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай, адамның өмір сүру салтының ұстынына айналған заң талаптарын сақтау арқылы біз құқықтық мәдениеттің жоғары сатысына көтеріле береміз. Бір күн учаскелік полиция инспекторының жанында жүріп түйгенім осы…
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Солтүстік Қазақстан».