ҚАМДАНҒАН ҚАПЫ ҚАЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов  Петропавл № 2  жылу-электр орталығында болып, штабтың жедел кеңесін өткізді.  Онда қыстан қысылмай шығудың жолдары талқыланып, бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Облыс әкімі жаңа темір-бетон түтін мұржасының құрылысымен танысып,  өндірістік цехтарды аралады. Бұдан кейін алдағы жылыту маусымына тікелей жауап беретін басшылардың есебі тыңдалып, нақты жағдайлар жан-жақты сараланды.

Орталық Азия  электрэнергетикалық корпорациясы құрамына кіретін  «Севказэнерго» компаниясы облысты энергиямен қамтамасыз етудің барлық  саласын (энергоресурстарды өндіру, тасымалдау және өткізу)  біріктіретін бірегей құрылым саналады. Оған «Петропавл жылу желілері», «Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату»,  «Севказэнергосбыт» серіктестіктері, Петропавл № 2  жылу-электр орталығы қарайды.

Компанияның бас директоры Анатолий  Казановский  қайта құру нәтижесінде  акционерлік қоғамның  ұйымдастырушылық-құқықтық формасы кеңейтіліп, өз құқықтары мен міндеттерін талапқа сай жалғастырып келе жатқанын жеткізді. Акционерлік қоғам  өзі өндіріп шығаратын электр энергиясын  екіжүз мыңға жуық  тұтынушылар мен  5,5 мыңдай  өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы құрылымдарына жеткізеді. Сондай-ақ Қазақстанның өзге аймақтарына және республикадан тыс жерлерге де тасымалданады. Компанияның  электр энергиясын тасымалдау желілерінің ұзындығы 13 мың шақырымға, жылу желілерінің ұзындығы 233 шақырымға жуық.  Соңғы кездері  корпоративтік басқару тәсілдері енгізіліп, бизнес-үдерістер   оңтайландырылды, халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс тәжірибесі белсенді жүргізіліп келеді. Былтыр № 2 түтін мұржасы қалпына келтірілсе, биыл  № 3 түтін  мұржасына күрделі жөндеу жүргізілмек. Бұл мақсаттар үшін 11,5 млрд. теңге қарастырылған.

Анатолий Антонович  жиналғандарды  жылыту маусымы штаттық режімде өтетінін, бақылау қатаң сақталатынын, бүгінге дейін 12 қазандық агрегатының 10-ы дайындық сапына қойылғанын  айтты. Тұрғындар қажеттілігін өтеуге 9 қазандық жеткілікті. Бұдан бөлек, қазандықтың біреуі жаңартылуда, екіншісіне күрделі жөндеу жүргізілуде.

Жедел штабтың жұмыс кеңесіне төрағалық еткен Ғауез  Нұрмұхамбетов жылыту маусымына әзірлік ең басты міндеттердің бірі саналатынын, оның талапқа сай ұйымдастырылуы «Севказэнерго» компаниясына үлкен жауапкершілік жүктейтінін айрықша атап,   былтыр 20 наурызда опырылып түскен түтін мұржасының орнына салынып жатқан жаңа обьектінің сапалық деңгейін, сонымен бірге қатты отынмен қамтылу жайын сұрастырды. Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарын тексеру кезінде ақау білінісімен мұржа құрылысы тоқтатылған, мамандар мен арнайы комиссия  құбыр осінің жобалық жағдайдан ауытқуын анықтап, бұзушылықты тез арада түзеткен. Кемшіліктер  обьект сапасына нұқсан келтірмейді, графиктен кешіктірілмейді. Келесі жылы жазда толық пайдалануға беріледі. Құрылысты одан әрі жалғастыру мақсатымен  авторлық және техникалық қадағалау куәліктері алынған. Келтірілген залал мердігерлердің есебінен өтеледі.

Петропавл № 2 жылу-электр орталығы 1961 жылдан бері  үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Электр қуаттылығы 541 МВТ-қа, жылу қуаттылығы  713 Гкал-ға тең. Қазандық агрегаты–12, тұрбаагрегаты–7. 505 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға биыл 7618164 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде «Тарифтерді инвестицияға айырбастау» жобасы  жарты млрд. теңгені құрайды. Осы кезең ішінде 7 іс-шара толық орындалған. Жылу энергиясы бойынша–1253 млн., электр энергиясы бойынша 2703 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары атқарылған. Бүгінде мұнда 162945 тонна көмір, 300 тонна мазут қоры жинақталған.

«Петропавл жылыту жүйесі» ЖШС-нің жобалық сағаттық қуаттылығы 810 Гкал-ға тең.  Мұнда еңбек ететін 200 адам  51 насос станциясы мен 229 шақырым магистралдық  жүйенің қалыпты жұмыс істеуін қадағалайды. Инвестициялық бағдарламаға 886,5 млн. теңге құйылып, 559 млн. теңгенің қалпына келтіру шаралары жүргізілген. 6 шақырым жылу желілері ауыстырылған.  Республикалық қаражат есебінен екі жоба қолға алынған. Мұның өзі жылу шығындарын 24,9 пайыздан  22,34 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Солтүстік Қазақстан электр желілерін тарату» ЖШС-нің негізгі қызметі–Петропавл қаласы мен 8 ауданға электр энергиясын бөлу және тарату. Жұмысшылар саны–965. Жыл аяғына дейін 1723504 млн. теңгенің инвестициялық бағдарламасы атқарылмақ. Жабдықтар жеткізу және  құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін 142286 млн. теңгенің келісімшарты жасалған.

Жедел штаб отырысында өңір басшысы білікті мамандардың, тәжірибелі жұмысшылардың жетіспейтініне  де баса назар аударды. Энергетиктердің айтуынша, жарты мыңдай штат бос тұр. Басты себеп, еңбекақының төмендігі. Биыл 8 айда 313 адам еңбек шартын бұзып, кетуге мәжбүр болған. Облыс бойынша екінші тоқсанда  орташа айлық еңбекақы 273814 теңге болса, компания құрылымдарында 197981–178790 теңгеден ғана айналған.  Аққайың ауданында–27, Есіл ауданында–20, М. Жұмабаев ауданында  15  штаттың орны бос тұр. Құрал-жабдықтар да әбден ескіріп, тозған. Оларды түгел жаңаламай болмайды. Мәселен, Петропавл № 2 жылу-электр орталығында  негізгі жабдықтардың тозуы 53,53 пайызға жеткен. «Петропавл жылыту жүйелері» ЖШС-де–74,65, ал  «Солтүстік Қазақстан  электр желілерін тарату» ЖШС-де – 95 пайыз!

Штаб отырысын қорытындылаған өңір басшысы қала әкімдігіне, энергетика, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына, табиғи монополияларды реттеу департаментіне, басқа да мүдделі құрылымдарға «Севказэнерго» компаниясымен ынтымақтаса жұмыс істеп,  кемшіліктердің алдын алуды, болдырмауды,  жаңа түтін мұржасының құрылысын ұдайы қадағалауды, оны іске қосуды графиктен кешіктірмей тапсыруды міндеттеді.

«Компания басшылығы жұмысшы-қызметкерлерді тұрақтандырудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруы қажет. Нысандарды сенімді басқаруға алған екен, мердігерлік нысандардың өзара іс-қимылын ұштастыруға, сапаға қызмет етуге міндетті. Барлық күш-жігер қыстан қысылмай шығуға жұмылдырылуы тиіс», –  деді сөзін түйіндеген  облыс  әкімі Ғауез  Торсанұлы.

                                                                                                                               Өмір ЕСҚАЛИ,

                                                                                                                    «Soltustik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp