ТОЗҒАН ҚҰБЫРЛАР – АПАТҚА СЕБЕП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы  Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы су кәсіпорындарын аралап,  алдымен әлеуметтік маңызды нысандардың бірі – «Қызылжар су» ЖШС-нің қазіргі  ахуалымен танысты.

Сондай–ақ «Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» мен  «Есіл су» мекемелерінде болып,  проблемалық мәселелерді ортаға салды.

“Қызылжар су” ЖШС ұйымы халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді және ағынды суларды қабылдауды жүзеге асырады. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 344, кәріз желісі 258 шақырым. Серіктестіктің бас директоры Жеңіс Сұлтанов  атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.

«Соңғы сегіз жыл ішінде 102 шақырым су құбыры, 60 шақырым кәріз жүйесі ауыстырылды. Десек те, шешімін күтіп тұрған  проблемалар  баршылық. Кәріз және су құбырларының тиісінше 62 және 59 пайызы тозған. 10 жыл бұрын бұл көрсеткіштер 73 және 68 пайыз болатын»,деген  мекеме жетекшісі жылына кем дегенде 10 шақырым желіні жаңарту  қажеттігін атап өтті. Техникалар да ескірген. Жергілікті биотоғанды тазартуға хлорелла микроорганизмін қолдану  күкіртсутектің жағымсыз иісінен арылуға септігін тигізген. Бұл инновациялық жоба  М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті және «Су» ғылыми- технологиялық орталығымен бірлесе қолға алынып, 1,6 млрд. теңге бағытталған.  Озық тәжірибе  Қостанай облысына таратылып, шымкенттіктер мен  көкшетаулықтар да қызығушылық танытып отыр.

«Тазарту, су бұру және су өткізу құрылыстары» кәсіпорнының басшылығы  облыс әкімін Солнечный 2, 20-шы  шағын аудан және Жұмысшы кентінде суағар желілерін салу бойынша 3 жобаның жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті.

Бұдан соң өңір басшысы 229 елді  мекенде тұратын 200 мыңға жуық тұрғынды тіршілік көзімен қамтамасыз ететін Соколов өндірістік учаскесіне барды.  Оның құрамында 4 өндірістік бөлімше бар.

«Нұра» топтық су құбыры» РМК «Есіл су» филиалының директоры Қанат Асқаровтың айтуынша, су құбырларының бір мың шақырымнан астамы  өткен ғасырдың 60-шы жылдары пайдалануға берілген.  Есіл топтық су  құбыры  Қостанай облысының 19 ауылдық округіне  дейін  тартылған.

Су шаруашылығы мамандары  облыс әкімінен Есіл топтық су құбырының бас құрылыстары кешенін ауқымды жобалар аясында қайта жаңартуға ықпал жасауын өтінді. Апаттық жағдайлардың жиі кездесуіне байланысты тіпті кей учаскелерде төтенше жағдай режімін енгізу жоспарланыпты.

«Инженерлік жүйенің әбден тозғанына көз жеткізіп отырмын.  Бас нысанда жағдай күрделі  болса, қалғандарын сөз етудің өзі артық. Нақты ұсыныстарыңызды айтыңыздар.  Бәлкім, республикалық деңгейдегі ведомстволар атына  арнайы хат дайындау керек шығар?»   деп өз ойымен бөліскен Ғауез Торсанұлы мәселенің арнайы талқыланатынын жеткізді.

Иә, бұл бағытта атқарылатын шаруалар қыруар.  Магистральдық су құбырларының қызмет көрсетіп жатқанына жарты ғасырдан асқан. Осы себепті 3 мың шақырымнан астам желінің үштен бірі қалпына келтіру қажет етеді. 12-ге жуық қайта құру жобасы 2025 жылға дейін  сәтті іске асырылса, тығырықтан шығуға жәрдемдесері  анық.

Қазір су құбырларында  күн сайын 20-25 апат орын алатынын ескерсек,  жағдай мүшкіл  екенін аңғарамыз.

                                                                                      

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp