ҒЫЛЫМҒА АРҚА СҮЙЕМЕСЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

ауыл шаруашылығы алға баспайды

Қызылжар – түгін тартсаң майы шығатын қазыналы даласымен, қамба толы алтын астығымен танылған өңір. Әр көктем сайын жердің төсін емген шаруалар мыңдаған гектар алқапқа тұқым сеуіп, күзге дейін тыным таппайды. Егіннің бітік шығуына осындағы ағайын да алаңдап, диқандардың тілеуін тілеп отырады. Мұндағы әр егіс науқанының өз ерекшелігі бар. Табиғат тосын мінез көрсетпей, бәрі ойдағыдай өтсе елдің ырысы артып, егін мол жиылмақ. Ал енді қуаңшылық орнап я күзгі уақытта  жауын-шашын мол  жауса шаруалардың шығынға батуы да ғажап емес. Биылғы жылдың да жергілікті диқандар үшін тосынсыйы аз болған жоқ. Жауын салдарынан өсірген өнімін жия алмай жатқан шаруалардың әбігері әлі аяқталмады. Енді аздаған күндерден соң биылғы орақ науқанының нәтижесі шығарылмақ. Осы орайда өңіріміздегі жиын-терім жұмыстарының барысы және облыстың ауыл шаруашылығы саласының дамуы жайлы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің  доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Мұхтар  Әшірбековпен сұхбаттасқан едік.

-Мұхтар Жолдыбайұлы, биыл Қостанайда шегірткенің таралуы, Ақмолада киіктердің көбеюі фермерлерді біраз әбігерге салғаны рас. Ал осы жыл қызылжарлық диқандар үшін қаншалықты қолайлы болды?

-Биылғы көктем диқандар үшін жайлы болды деп айта аламыз. Егін егер кезде жердің ылғалдығы жеткілікті болды. Соның нәтижесінде еккен егін толық, бітік шықты. Маусым айы да жылдағыдай қалыпты өтті. Алайда шілденің ортасынан ауа күн қатты ысып, құрғақшылық орын алды. Жалпы Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстары – астық өсіруге қолайлы өңірлер. Бұл облыстар тәуекелділікті қажет ететін егіншілік аймаққа жатады. Егер күннің жылуы, топырақтың булануы,  атмосфералық жауын-шашын өз мөлшерінен асып кеткен жағдайда мұндай өңірлерді аридті аймақтар  деп атаймыз. 2013, 2019, 2021 жылдары өңірімізде құрғақшылық болды. Биылғы жаз былтырғыдай қолайлы басталып еді. Алайда тамыздағы жауын-шашын қалыпты нормадан асып кетті. Үш айлық жауын-шашынның бір айда жаууы шаруаларға қиындық тудырғаны рас. Астықты орып, енді бастырайын деп жатқанда жаңбырдың толассыз жаууы өнімнің сапасының төмендеуіне едәуір әсер етті. Кей жерлерде астық өніп кеткен. Дегенмен қол қусырып қарап отыруға болмайды. Ылғалды астықты кептіріп кәдеге жаратуға немесе мал азығына пайдалануға, тағы басқа жолдармен де керегімізге пайдалануға  мүмкіндік бар. Қазір астықтың бағасы да құбылып тұр. Әлемдік нарықта сұраныс жоғары болғанымен, тасымалдау жағы қиынға соғуда. Қазіргі көршілес мемлекеттердегі геосаяси жағдайлар да баға өзгерісіне әсерін тигізуде.

-Биылғы орақ науқаны қалай өтуде? Ауа райының күрт бұзылуынан қиналған шаруаларға тиісті қолдау көрсетіліп жатыр ма?

-Былтыр ел бойынша 15 млн. тонна асық жиналса, биыл бұл көрсеткіш 12 миллионға жетеді деген болжам бар. Бүгінде астықтың 70 пайызға жуығы жиналды. Гектарға шаққандағы түсім 9,5-10,5 центнердің айналасында. Ал өңіріміздегі өнімділік гектарына 10,5 центнерге жетті. Бүгінгідей жағдайда шаруалардың несиелері пайызсыз ұзартылуда. Сонымен қатар дала жұмыстарын тәулік бойы жүргізу үшін жеңілдетілген бағамен  жанар-жағармай берілуде. Мемлекет тарапынан шаруаларға басқа да көрсетіліп жатқан көмек түрлері бар. Біздің өңірде  жаңбыр егіннің вегетациялық пісіп-жетілу кезінде жауды. Өкінішке қарай табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра алмаймыз. Жылда диқандар тамыздың аяғы, қыркүйектің басында піскен егінді орып, оны кептіріп, жиып, бастыратын. Жаңбырдың салдарынан кей жерлерде гектарына 4-5 центнер ғана өнім алынды. Облысымыздың Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Аққайың аудандарында қолайсыз жағдайға қарамастан жоғары өнімділікке қол жеткізіп отырған серіктестіктер де бар.

-Жұртшылық бидай құнының құбылуы нан бағасына әсерін тигізе ме деп алаңдайды. Бұл жайында не айтасыз?

-Нарық біздің ырқымызға көне бермейді. Бірқатар облыстарда  ұн, нан өнімдері қымбаттағаны рас. Алайда мұның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Жиын-терім әлі жалғасуда. Мемлекет басшысы орақ науқанын жіті назарда ұстап отыр. Диқандарымыз 12 млн. тонна астық жинаған күннің өзінде ол ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге толық жеткілікті. Сондықтан да бағаның өсуіне еш негіз жоқ.

-Заманауи ғылымсыз ауыл шаруашылығының да алға баспайтыны белгілі. Біздегі диқандар жаңа инновацияларды, ғылымның соңғы жетістіктерін өз жұмысына қаншалықты енгізе алуда?

-Қазір инновациялық жетістіктерге арқа сүйеп жатқан шаруалар санаулы ғана. Өйткені көбі жоғары өнім алып, табыс табуды мақсат етеді. Диқандар астықтың қай түрінің бағасы жоғары болса, соны егеді. Қазір тек астық өсірумен ғана айналысатындар бар. Әртараптандыру, ауыспалы егістік ережелері сақтала бермейді. Бұрын қар тоқтату жұмыстары жүргізілетін. Бүгінде оны да артық шығын көретін болдық. Сорт алмастыру да баяу. Бізге шетелдік сорттарды әкелетіндер көп. Сондықтан да селекциялық жұмыстар жүргізіп, отандық тұқымның үлесін арттыру керек. Сырттан келетін сорттарға зертханалық талдау жасап, көбейтіп жатқандар аз. Ақмола облысында осы бағытта жұмыс істейтін А.И. Бараев атындағы ғылыми зерттеу орталығы бар. Ондағы мамандар жуырда жаздық бидайдың  “Таймас” сортын шығарды. Оны еккен қарағандылық шаруалар биыл гектарына 24-25 центнерге дейін астық бастырды. Сол сияқты қостанайлық ғалымдардың да өнертабыстары көңіл қуантады.  «Айна», «Таймас» сияқты сорттарды тек көбейту мақсатында егіп, элиталық тұқымдар алсақ, жоғары жетістікке жетуге болады.  Топырақты сақтау, құнарлылығын арттыру жұмыстары да сылбыр. Бір дақылды жылда еге беру топырақ деградациясына, астық түсімінің азаюына әкеліп соқтырады. Ондай алқаптарда сол өсімдікке тән зиянкестер мен аурулар да көбейе береді. Біздегі мал бордақылау кешендерінің органикалық тыңайтқыш шығаратын мүмкіндігі де бар. Алайда оны пайдаланып жатқандар саны көңіл көншітпейді. Субсидияланатын минералды тыңайтқыштар да аз себіледі. Ғылымның мүмкіндігі шексіз.

-Алқап басындағыларға осының бәрін айтып түсіндіретін білікті мамандар жеткілікті ме?

-Әр шаруашылықтың өз агроном мамандары болады. Меніңше олар қыс айларында құр жатпай түрлі курстарды оқып, білім жиюы керек. Қазір ондай мүмкіндік мол. Әр аймақтың климат жағдайына қарай қандай дақылдар сеуіп, одан қалай өнім алу жөнінде кеңес бере алатын білікті мамандар аз емес. Тұқым шаруашылығы, органикалық егіншілік, дәлме-дәл егіншілік, топырақты тыңайту, топырақ мелиорациясы, мал азығын өсіру салалары бойынша білгені көп ғалымдар бар. Алматы, Көшетау, елордадағы университеттерде де білікті кадрлар көп. Шаруалар өңіріміздегі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарынан да кеңес ала алады. Өзім де былтыр бірқатар серіктестік өкілдерімен кездесіп, ұсыныстарымды жеткіздім. Алдымнан білім алып, қазір алқаптарда тер төгіп жүрген түлектерге де кеңес беріп тұрамын. Сол талаптарды сақтағандар былтыр жоғары өнімділікке қол жеткізді.

Тағы бір айтарым, бізге мал азықтық дақылдардың үлесін арттыру керек. Өйткені өңірімізде көптеген мал бордақылау кешендері, тауарлы-сүт  фермалары бар. Одан бөлек Солтүстік Қазақстан картоп, сәбіз егуге өте қолайлы. Даламыз сүрлемдік жүгеріге де жайлы. Аймақтың климатына жерсінетін вегетациялық мерзімі қысқа, тез пісетін дақыл түрлерін егу қажет.  Тайынша ауданында жылыжайда көкөніс өсіріп жатқандар бар. Мұндағы жылыжайлардың көпшілігі қысқы және көктемгі уақытта жұмыс істейді.  Өйткені күзде нарықта қолжетімді бағадағы өзге өңірлерден келетін көкөніс жеткілікті болады.

-Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Диас АЯҒАН,“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp