Қазіргі уақытта білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік.
Сабақ мұғалімнің емес, оқушының іс-әрекетімен бағаланады. Қазіргі заманда нені оқыту емес, қалай оқыту маңыздырақ болып отыр. Сабақ барысында оқушының із-денуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыра отырып, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында қолданылатын технологиялар баршылық.
Қазіргі қоғамда ерекше ойлайтын, белсенді, шығармашыл, қойылған мақсаттарға жете алатын адамдарға қажеттілік артып келеді. Сондықтан қазіргі білім беруде оқу-тәрбие үдерісінің сапасын арттыру үшін жағдай жасау мәселесі кеңінен талқылануда. Білім беру жүйесінде оқу-зерттеу қызметі ерекше орын алады. Себебі оқушыны зерттеу жұмысына араластыру – бұл мәселені шешудің маңызды жолдарының бірі. Оқушыларды “зерттеуші” позициясына қоятын мұндай әрекет қазіргі заманғы білім беру жүйелерінде жетекші орын алады. Сондықтан қазіргі уақытта әрбір педагог жаңа білім берудің тәсілдерін дұрыс жүйеге келтіріп, негіздеуге тиіс.
Мектеп оқушыларының зерттеу әрекеті нені білдіреді? Оқушылардың зерттеу әрекеті – бұл мектеп оқушысының ақпаратты өз бетімен іздестіру және талдау, жаңа білімдерді меңгеру және тәжірибеде қолданатын дағдыларын дамыту әрекеті.
Мектеп оқушылары арасында зерттеу жұмыстарын жүргізудің мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен зерттеушілік дағдыларын дамыту, алғырлыққа тәрбиелеу. Іздену және зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында баланың сараптамалық, логикалық және сыни ойлауы дамып, өзінің келешектегі жоспарына ықпалы тиеді деген тұжырымға келдік.
Зерттеумен айналысу – бұл баланың жасына байланысты туындайтын қажеттілік. Осыдан “Не себепті оқушыларымыз оқу мақсатына толық жете алмайды?”, “Неліктен оқушыларымыздың зерттеушілік дағдысын дамыту қиын?” деген сұрақтар туындайды. Осы сұрақтарға жауап іздейтін болсақ, әрбір педагог өзінің оқыту тәжірибесінде мақсаттылық, жүйелілік, мотивация, жас ерекшеліктерін ескеру, психологиялық жайлылық, шығармашыл орта қалыптастырудың оңтайлы жолдарын қарастыру тиіс деген тұжырымға келдік.
Қазіргі мұғалімдердің міндеті – қоғамдағы жаңа бағыттарға жауап беру үшін проблемаларды зерттей және оны талдай алатын, сыни тұрғыда ойлай алатын, мәселелерді шеше алатын оқушыларды тәрбиелеу.
Гүлзат ӘЛЖАНОВА ,
“Өрлеу” БАҰО” АҚ “СҚО бойынша КДИ” аға оқытушысы.