«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Пәтер құны неге қымбат?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында пәтер жалдау мен сатып алу құны жыл­дан-жылға қымбаттап барады. Риелторлар баспана құны еліміздің мега­полис­те­ріндегі пәтер бағасынан қымбат болмаса, арзан емесін айтады.

Астана, Алматы, Шымкент қала­ла­рындағыдай миллиондаған тұр­ғы­­ны болмаса да, Петропавлда үй ба­ғасы шарықтап тұр. Былтыр көр­шілес Ресей еліндегі жағдайға бай­ланысты шекарадан бері ағыл­ған халықтың сұранысы пәтер жал­дау құ­нын аспандатып жіберген еді. Алайда арада бір жыл өтіп, жағдай тұрақталғанына қарамастан, баға сол күйі өзгеріссіз қалды. Керісінше күн санап қымбаттап барады. Петро­павлда пәтерді жалға берумен айна­лысатын Юлия Новикова сұранысқа қарай бағаның да көтерілетінін айтты.

“Бұрындары мамыр-тамыз айла­­рында пәтерді жалға алу құны арзан­дайтын. Себебі бұл уақытта сұра­ныс төмендейді. Ал соңғы 2-3 жыл­да сұраныс жоғары, осыған сәйкес ба­ға­сы да қымбаттады”, – дейді ол. Әсі­ре­се тәуліктік пәтер жал­дауға деген сұ­раныс өте жоғары екен. Ескі үйлердің жоғары қабатын­дағы бір бөлмелі шағын пәтердің тәу­ліктік жалдау ақысы – 8-9 мың теңге­ден басталады. Ал ортаңғы және тө­менгі қабаттағы дәл сондай пәтерді 10-12 мың теңгеге жалға береді.

“Үйдің орналасқан аймағына қа­рай баға өзгеріп отырады. Мысалы, қаланың орталығынан 10-12 мың тең­геге тәуліктік пәтер жалдай ал­майсыз. Ең арзаны 13-14 мың тең­ге”, – де­ген риелтор Оксана Заикина соң­ғы екі айда пәтер жалдау құны­ның күрт артқанын, ал оған өзге ай­мақтардан студенттердің келуі се­беп болғанын жасырмайды.

Жалдамалы пәтерлерге жарна­ма жасайтын әлеуметтік желілер мен сайттарды сүзіп шығып, бірне­шеуіне арнайы хабарластық. Алды­мен тәу­ліктік пәтерді жалға беру­шілерге қо­ңырау шалдық. Жарнама сайтында көрсетілген тәулігіне 6500 теңгелік пәтер иесі ә дегеннен ондай бағаның бүкіл қалада жоғын алға тартып: “Сайт­тағы ескі жарнама. Ме­нің екі пәтерім бар. “Есіл” мейрам­ханасына жа­қын маңдағы 1 бөлмелі, үшінші қа­баттағы пәтерімді тәулігіне 13 мың тең­геге беремін. Ал “Тайга” дүкені маңындағы 2-ші қабаттағы 2 бөлмелі пә­терімді 15 мың теңгеге бе­ремін. Се­бебі ол пәтерде ыдыстан бастап, үтік­ке дейін бәрі бар. Со­ны­мен қатар аптаның сәрсенбі күніне дейін ғана осы бағамен беремін. Аптаның соңы­на қарай баға көтеріле­ді”, – деді. Ке­ле­сі қоңырауымызға жауап берген Еле­на Никитина бір тәулікке беретін пәтеріне екі тәу­ліктің құнын ал­дын ала алатынын айтты. Мұнысын сақтық үшін деп тү­сіндірді. Пәтер берушілерге кезекпен хабарласа оты­рып түсінгеніміз, жарнама сайтта­рындағы бағалардың жартысынан көбі жалған екен. Шынайы бағаны арнайы ха­барласып қана анықтай аласыз.

Әлемнің кез келген еліне барған адам арзан жатын орынды сол жер­дегі хостелдерден табатыны белгілі. Сондай хостелдер біздің елімізде де бар. Мәселен, Астана, Алматы қала­ларындағы хостелде бір кісілік жатын орынның тәуліктік бағасы 800-1000 теңгеден басталады. Ең қым­баты – 3-4 мың теңге. Ал Петропавл­дағы хостелдерде дәл сондай бір кі­сілік кереуеттің бағасы 5000 теңгеден басталады.

Тәуліктік пәтер жалдау құнының қымбат болуы анда-санда келетін қо­нақтардың арқасында мейлінше ақша тауып қалайық деген риелтор­лардың ішкі есебі болар деп болжа­дық. Бәлкім Петропавлда пәтерді бір айға жалға алу тиімдірек болар де­ген оймен тағы біраз кісіге телефон шал­дық. Жарнама сайтындағы ең арзан деген пәтерді жалға беруші риел­торға хабарласып: “Береке” ша­ғынауданындағы бір бөлмелі, бесін­ші қабаттағы пә­тер­ді 130 мың тең­геге жалға беремін. Пәтердің ішінде бір киім шкафынан басқа ештеңе жоқ. Төсеніш, кір жуғыш машинасы, тоңазытқыш жоқ. Жал­дау құнынан бөлек, коммуналдық қыз­мет ақысы үшін алдын ала 15000 тең­ге, сақтық депозитіне – 30 мың теңге, менің қыз­мет ақым үшін 35 мың теңге төлейсіз”,– деген жауап алдық. Әлі қызметін тұтынбаған газ, су, электр үшін неге алдын ала 15000 теңге ала­тынын сұрағанымызда, “төлемей қа­шып кетпеу үшін” екенін алға тартты. Тәуліктік пәтерге 10-15 мың тең­гені қымбатсынған адамға пәтерді бір айға жалдау да арзанға түспейді екен. Себебі бір айға арзан деген 130 мың теңгелік пәтерді жалға алу үшін қалтаңызда кемінде 200-250 мың теңгеңіз болуға тиіс. Алайда бұл сома ең арзан пәтер үшін екенін ес­керсек, айлық жалдау құны 250-300 мың теңгелік пәтерді жалдауға әмияныңызда кем дегенде 400-450 мың теңгеңіз болуы керек.

Қызылжар өңірі “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” атты ұлт­тық жобаға қатысушы аймақ екені бел­гілі. Сол жоба бойынша еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірлері­нен бұл жаққа қоныс аударып ке­лушілер де аз емес. Көшіп келгендердің ең ал­дымен табан тірейтіні де Петропавл қаласы болатынын ескерсек, келген­дер ас-суынан бө­лек, бірер күнге қалу үшін тәуліктік пә­терге 20-30 мың теңге төлеуге мәжбүр. Осындай жағдайды басы­нан өткерген Алматы облысынан қоныс аударған Нағима Бек­талы екі апта бойы жалға беріле­тін пәтер іздеген. Осы уақыт бойы тәуліктік пәтерді жалдауға мәжбүр болған.

“Өткен аптада ғана “Айсберг” сауда үйі маңындағы ескі үй­лердің бірінде 4-ші қабаттағы 2 бөл­мелі пәтерді 160 мың теңгеге жалда­дық. Айта кетейін, тәуліктік пәтерді жалдау үшін әр күн 9000 теңгеден 126 мың теңге шығынға баттық. Ал пәтерді айына жалдаудың жалпы құны – 245 мың теңгеге шықты. Риел­торға 35 мың теңге, депозитке 35 мың теңге, алдын ала коммуналдық қызметке деп 15 мың теңге бердік. Енді ай сайын 160 мың теңге жалдау құ­нын және қосымша тұтынған ком­му­налды қызмет ақысын төлеп оты­ра­мыз. Алматы, Астанада пәтердің ішінде ең болмаса ескі кілемдері мен шкаф, жатын орын, кір жуатын машина мен то­ңазытқыш міндетті түрде болады. Ал мұнда бос тұрған пә­терді 150-200 мың теңгеге береді. Ба­ғасына лайық пәтер табу өте қиын. Алатын жала­қым – 70 мың теңге. Жұбайымның та­бысы – 80 мың теңге. Күнкөрісі­міз­ге ақша қал­майын деп тұр”, – дейді На­ғима Бек­талы.

Петропавл – еліміздегі жалақы көр­сеткіші төмен аймақтардың қатары­на кіреді. Соған қарамастан қаладағы жалға берілетін пәтер құны мен са­тылымдағы пәтер бағасы удай қым­­бат. Пәтерін риелторсыз өзі жалға беретін Ольга Павлова: “Пә­терімді жалға бермесем, бір ғана жалақы­мен өмір сүру өте қиын. Шетелде оқитын екі баламның шығындары ме­нің мойнымда. Сол себепті бос тұр­ған екінші пәтерімді 140 мың теңгеге жалға беремін. Коммуналдық шығын үшін алдын ала 15 мың теңге ала­мын. Себебі талай рет пә­тер жал­дағандар соңғы айының ком­мунал­дық шығынын төлемей, тере­зе жақ­тауын сындырып кеткен бола­тын. Сол себепті сақтық үшін депозитке және коммуналдық шығынға деп ал­дын ала ақша аламын”, – дейді.

Жалпы пәтерді жалға беру құны­на әсер ететін бірнеше фактор бар. Ол – берілетін пәтердің орналасқан жері, туристік аймақпен бай­ланысы, пәтер берілетін өңір халқы­ның өмір сүру деңгейі. Осы фактор­лардың қай­сысы Пет­ропавл қаласындағы пә­терді жалға беру құнының өсуіне түрткі болып отырғанын дөп басып айту қиын.

Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp