«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сапалы білім кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жаңаша ойлау, зерттеу – бүгінгі заман талабы. Қазіргі таңда білім қызметкерлерінің кәсіби құзіреттілігіне қойылатын талап осындай. Өзінің әр қадамына сыни көзбен қарай алатындар ғана өз құзіреттілігін шыңдай алады. Кәсіби дағдысы жоғары болғанда ғана абыройы биік, ұстанымы мықты болады. Жаңа форматтағы мұғалім – тың технологияны меңгерген, күнделікті біліктілігін арттыруға құмар, әдеби кітаптарды көп оқып, рухани байлығын байытып отыратын, бәсекеге қабілетті, мамандығын сүйетін, ізденімпаз, өзекті мәселені шеше алатын, әдістемелік қырлары шексіз, дарынды оқушыны дамытатын, үлгерімі төмен оқушыны жетілдіретін тұлға. Мұғалімнің кәсіби стандарты осыған сай болғаны жөн. Зерттеу жұмысын жүргізе алатын, оқушыларын Мерсердің зерттеушілік әңгімесімен қанаттандыратын, креативті мұғалімдер ғана бәсекеге қабілетті. Жаңа бағдарламамен қаруланған мұғалім зерттеуші, тренер, көшбасшы, әдіскер, білікті маман болса, оқушысы сапалы білім алған, санасы биік болатынын мектеп тәжірибесінен көріп жүрмін. Қазіргі таңда ұлттың құндылықты бойына сіңірген, елім-жерім дейтін ұрпақ тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Білімін өмірде қолдана алатын, ұлттық ділін қадірлейтін, патриоттық сезімі жоғары ұрпақты тәрбиелей алатынымызға көзім жетті. Болашақта ұрпағымыз табысты болуы үшін бойына осы құндылықты сіңіру керек деп ойлаймын.

Менің ойымша, жас ұрпақты тәрбиелеу үшін оның отбасының да өмірге деген көзқарасын өзгерту керек. Ол үшін ата-ана мектебі құрылса, артықтық етпейді.  Бір уақыт ата-аналармен коучинг, тренингтер   өткізіп тұрған жөн. Осындай сабақтар мұғалімдерге де тиімді болады. Оқушының іс-әрекетін дамыту үшін болашаққа дұрыс бағыт бере білу керек. Болашақ мамандығын отбасында анықтап, сол бағытта мектеппен байланыста болған жөн. Оқушының жан-жақты функционалды сауаттылығын арттыру – өмірге бейімдеу маңызды. Бұл жаңа білім беру бағдарламасын меңгерген қызметкер үшін қиын емес. “Жаңа формацияда дайын тұлға қалыптастыру үшін, мектепішілік кәсіби даму курсының білім беру бағдарламасын” меңгерген мұғалімдер болашаққа нақты бағыт беруде адаспайды. Мектеп тәжірибесінде әдістеме қадамдарын қолданып, кәсіби шеберлік және кәсіби дамуын дер кезінде бағыттай білгенде ғана, тиімді оқытуға арналған жоспарлау өз нәтижесін береді. Барлық оқушыларды жұмысқа тарту, оларға жеке тапсырма беру, сабақ барысында кері байланыс орнату, нақты бағдар беріп отыру, оқушының өмірге деген көзқарасын өзгертеді.

Қазір мектепте өзгеріс бар. Өзгерістің нәтижесін көру үшін уақыт керек.  Жаңа білім жүйесі өте қарапайым. Жаңа форматтың ерекшелігі – өзіңді-өзің дұрыс бағамдау. Әсірелеп мақтау, мадақтау нәтиже бермейтінін түсіндіреді. Мәселен бір оқушыны ерекшелеп, оны жөн-жосықсыз мадақтау пайдасыз, бос нәрсе екенін айқындап берді.

Сенбе жұртқа,тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген Абай Құнанбайұлының бұл ойы әлі де өзекті.  Болашақта өз орныңды табу үшін күрес, жұртқа алданба, сыни тұрғыдан ойлан деген өсиет – бүгінгінің азығы. Бос мақтаудан енді ғана арылып келеміз. Жаңа форматты мұғалім болашақ тұлғаны орнымен мадақтауы тиіс. Соның нәтижесінде еркін, өзіндік дәлел-уәждерін сенімді жеткізе білетін, ынталы, сыни көзқарастары жүйелі дамыған, терең ойлы тұлға өсіреміз.

Жаңа форматты мұғалімнің ұстанымы мен білімінің жиынтығы жоғары болуы керек. Себебі мұғалімнің алдына оқушының жан дүниесін жақсы түсіне білетін, нақты бағыт беретін міндеттер қойылған. Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырып мәнін өз бетінше меңгеруін түсінуі мен бағалауы болып табылады. Оқушы мақсатына жету үшін өзі ұмтылады. Оқушыны сыни тұрғыда ойлануға үйрету, бақылау, толғану, ой жүгірту нәтижесінде мәліметтерді түсіну, бағалау, талдау, жинақтауда қолданылатын әдіс екенін практикада анықтадық, үйрендік. Оны сабақта қолданып жүрміз. Сын тұрғысынан ойлау дағдысы алдымен мұғалімде қалыптасу керек. Сонда ғана болашақ тұлғаға нақты бағыт бере алады. Бұл дағды –  мәселені анықтау, оны шешу жолдарын айқындау. Осы қадамдарды нақты орындаған кезде ғана жаңа форматты мұғалім өз мақсатына жетеді. Бұл қадам дарынды оқушыны анықтауда, үлгерімі төмен баламен жұмыс жүргізуде жақсы нәтиже берді. Оқушы жаттанды тапсырмалардан аулақ болады, ойлау қабілеті дамиды, өз бетімен жұмыс істеуге қызығушылығы артады.

Осындай әдістерді меңгерген мұғалім ғана білімді ұрпақ тәрбиелейді.  Жаңаша ойлау,  тың іс бастау, іздену – жарқын болашақтың белгісі. Бойында адамгершілігі мол  талғамы жоғары оқушыны жаңа форматтағы мұғалім тәрбиелейді.

Алтын ДҮЙСЕНБАЕВА,

  Көбенсай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің педагог-зерттеуші мұғалімі,

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp