Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорынды аралап, жағдайды саралады.
Алдымен “Мұнаймаш” АҚ-ға ат басын тіреді. 138 адам еңбек ететін кәсіпорын мұнай-газ жабдықтарын шығарумен айналысады. Жұмысшылардың орташа жалақысы 370 мың теңгеге жуық. Жылына 6 миллиард теңгенің өнімі шығарылады. Зауыт ұңғымалық штангалық сорғылар мен олардың қосалқы бөлшектерін құрастыруға да маманданған. АҚ бас директорының орынбасары Федор Дмитриев жабдықтарды құрастыру барысымен таныстырып, дайын бұйымдарды көрсетті. Шетелдік қондырғылар “Өнімділік – 2020” өндірістік бағдарламасы аясында сатып алыныпты. Жылына 10 мыңдай сорғы шығарылып, ішкі нарыққа жөнелтіледі.
2021 жылы құрылған Солтүстік фанер комбинатында өңір басшысына ламинатталған өнім шығаратын озық технологиялар көрсетілді. Шикізаттың 70 пайызы көрші Ресейден жеткізіледі. Кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Инвесторлар келесі жылы жаңа желіні пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Өңір басшысы Петропавл ауыр машина жасау зауытындағы жағдаймен танысты. Кәсіпорынның бас директоры Арман Құлмағанбетов өндіріс ауқымын одан әрі кеңейту жоспарларымен бөлісті. Мұнай-газ компанияларымен келісімшарттар жасалған. Темір жол саласы үшін термос-вагондар, бөлшектер мен тораптар жасайды, сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындайды. Мұнда әлеуметтік осал азаматтарға түрлі материалдық көмектер көрсетіледі.
Бұдан соң Ғауез Нұрмұхамбетов С.М.Киров атындағы зауытқа барды. Кәсіпорын тау-кен, мұнай, темір жол, әскери және азаматтық сектор үшін өнім өндірумен айналысады. Әкім осында жасалған құрылғылармен, өндіру процесімен танысты. Лифт өндірісі де жоспарланған. Кәсіпорында 487 адам еңбек етеді. Қызметкерлердің орташа жалақысы – 240 мың теңге.
“Зауыттың бүкіл әлеуеті мен ішкі-сыртқы мүмкіншілігін ортақ мақсатқа бағыттай отырып, тапсырыстар портфелі қалыптастырылып, өнім нарығын қамту, ең бастысы, жоспардың орындалуын қадағалау қажет”, – деді өз сөзінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы студенттерге арналған жатақхана құрылысымен танысты. Бүгінде екі мың орын тапшы. Қазір 1750 орынды 3 жатақхана тұрғызылуда.
– Жыл соңына дейін екі жатақхана қолданысқа беріледі. Үшінші нысанның құрылысы 2024 жылы аяқталады. Осылайша жатақханалардағы орын тапшылығы айтарлықтай азаяды, – деді облыс әкімі жатақханалар құрылысын тексеру кезінде.
Алдияр АЙТПАЕВ.