Облысымызда жедел респираторлық вирустық инфекциямен өткен эпидемиологиялық маусымда 53 мыңнан астам адам ауырған. Бұл оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 1,7 есеге көп. Өңірде тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары басталды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, ЖРВИ-мен ауырғандардың 65 пайызы немесе 35 мыңға жуығы – 14 жасқа дейінгі бала.
“Қазан айынан ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық маусым басталды. Былтыр осы айда тұмау жұқтырудың алғашқы деректері тіркелді. Сырқаттанғандардың 90 пайызы В типті тұмаумен ауырса, H1N1 – 8 пайызында және H3N2 – 2 пайызында кездесті. Осы маусымда, Денсаулық сақтау министрлігінің болжамы бойынша, В вирусының қосылуымен АН1N1 және АH3N2 вирустары жүреді, соның ішінде АН1N1 вирусының басым болу ықтималдығы жоғары”, – дейді Арман Күшбасов.
Облыста ЖРВИ-ді жұқтырғандар саны артып келеді. Маман тұмаудың адамнан адамға оңай таралатын және өте жедел жұқпалы ауру екенін айтты. Әр адам тұмау вирустарына сезімтал келеді. Инфекцияны науқас адам таратады. “Әдетте дене қызуы кенеттен көтеріліп, жөтел пайда болады. Бас, бұлшықет пен буын ауырады, адамда әлсіздік болып, тамағы қырылдайды және мұрыннан су ағады. Жөтел 2 апта немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Ауру жеңіл де өтеді, ал кейде тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Жылда әлемде 3-5 млн. адамда тұмау ауыр өтсе, соның 290-650 мыңы респираторлық аурулардан қайтыс болады”, – дейді Арман Күшбасов.
Тұмаудың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакцина. Екпе аурудың асқынуынан және өлімнен қорғайды.
Облыста 1 қазаннан бастап тұмауға қарсы иммундау науқаны басталды. Препаратты тіркелген жері бойынша емханада қауіп тобына жататын адамдар: медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша 2-3 триместрдегі жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар адамдар, 65 жастан асқан жандар тегін қойдыра алады.
“Биыл облыста 60 мың адамды немесе тұрғындардың 11 пайызына тұмауға қарсы екпе салу жоспарланған. Ол үшін ресейлік үш валентті “Гриппол плюс” вакцинасы қолданылады. Бүгінде 714 адамға екпе салынды, басым бөлігі медицина қызметкерлері”, – дейді департамент басшысының орынбасары.
Маманның айтуынша, тұмауға қарсы вакцина ұжымдық иммунитет қалыптастырады және эпидемияның пайда болуына жол бермейді. Тұмауға қарсы вакцинациядан басқа, спецификалық емес профилактиканы да назардан тыс қалдырмау керек, яғни адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көліктерде жүрмеуге тырысу, бетперде қолдану, аурудың белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болмау маңызды.
“Тұмау вирусы ауа арқылы ғана емес, сонымен қатар лас қол, мұрынның, көздің, ауыздың шырышты қабаттарымен тұрмыстық заттар арқылы да жұғады. Мұрын қуысын шаюды әдетке айналдырған жөн. Бөлмені үнемі желдетіп, сулы шүберекпен жиі сүрту де артықтық етпейді. Құрамында С дәрумені бар тағамдарды мүмкіндігінше көп тұтынған дұрыс. Саламатты өмір салтын ұстану да өз нәтижесін бермек”, – дейді Арман Күшбасов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.