«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛАҒАТТЫ ЖАН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаздық –  жер бетіндегі ең көне мамандықтардың бірі. Нағыз ұстаз деген сабырлық пен мейірімділікті, талапшылдық пен жұмсақтықты қатар алып жүрген, өз ісін сүйіп таңдаған таудай тұлға. Осындай жандардың бірі –  Тимирязев ауданында тұратын педагогикалық еңбек ардагері Фатима Нұрышева.

Бойындағы асыл мінезді әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманнан сіңірген. Фатима Құрманқызы 11 жасқа келгенде анасы қайтыс болып, кішкентай сіңлісі мен інісіне қамқор болып, үй шаруасына ерте араласады. Қаршадай бала сол бір жылдары қиындыққа мойымай, отбасына тіреу бола білді.

Қайсар қыз 1961 жылы техникумға оқуға түсіп, 3 жылдан соң Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылына кітапханашы болып жұ-мысқа орналасады. Уақыт өте келе облыстық кітапхананың әдіскері болып ауысады. 1970 жылы Благовещенка ауылында “Знания” қоғамының жауапты хатшысы болады. Өмірі кітап арасында өткен ол, түн жарымына дейін қазақ, орыс, шетел әдебиетін оқиды.

Білім қуған жас Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсіп, оны үздік тамамдайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң Жамбыл аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, одан соң бастауыш сынып мұғалімі болады, тарих пәнінен сабақ береді, мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді.

Фатима Құрманқызы қай жерде жұмыс істесе де, мұғалімдік пен әдістемелік жұмысты шебер үйлестіре отырып, қызметін адал атқарды. Ешқашан қиындыққа мойымады. 1990 жылдан 2003 жылға дейін Тимирязев ауданындағы Есіл орта мектебінің директоры болып қызмет етті. Осы жылдар ішінде мектеп білім сапасы бойынша Қазақстандағы ең үздік 100 мектептің қатарына енді.

2003 жылдан бастап Степной орта мектебінде қызмет еткен оны ата-аналар да, оқушылар да жанашыр ұстаз ретінде сыйлайды. Шәкірттерінің ғана емес, өз замандастарының, ұжымының құрметіне бөленіп жүр.

Білім беру саласындағы көп жылғы еңбегі үшін Оқу-ағарту министрлігінің, облыстың білім басқармасының, аудан әкімінің Құрмет грамоталарына ие болды, “Педагогикалық еңбек ардагері” және “Тимирязев ауданына 50 жыл” төсбелгілерімен марапатталды.

Бүгінгі таңда шәкірттері өмірде өз орындарын тауып, бір-бір мамандық иесі атанып, талай жетістіктерге жетті. “Мектеп – менің үйім. Өмірімнің барлық кезеңі мектепте өтті”, – дейді еңбек ардагері.

Валентина КУДРЯВЦЕВА,

Белоградов орта мектебінің орыс тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp