«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңдеу өнеркәсібін өзектендіру – уақыт талабы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту шаралары қаралды. Сондай-ақ отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тәртібіне шықты.

Өндіріс дамуындағы оң динамика

Елімізде өңдеу өнеркəсібі өрісін кеңейтіп, өнім көлемін арттырып келеді. Өткен жылдың қорытын­ды­сына сəйкес еліміздің ішкі жалпы өні­мінің 13,4  пайызын осы сала құ­рапты. Сөйтіп экономикаға қосқан үлесі бойынша сауда жəне тау-кен өнеркəсібінен кейінгі үшінші көрсет­кішке қол жеткізді. Өндіріс көлемі бо­йынша оң динамика байқалады. Былтырғы жылы өндірілген өнім кө­лемі 21,1 трлн. теңгені құрап, бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артқан.

Өнеркəсіп жəне құрылыс ми­нистрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осылай деді. Сонымен қатар өң­деу өнеркəсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн. теңгені құрап, өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыс­тыр­ған­да 3,1 пайызға өсіпті. Сала­лар бойын­ша автокөлік құралдарын (+42,2 пайыз), машиналар мен жаб­дықтар­ды (+22,5 пайыз), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3 пайыз) шы­ғару есебінен машина жасау 28,1 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнеркəсіпте то­қыма бұйым­дары өндірісінің (+35,9 пайыз) да­муы есебінен өсім 19,8 пайызды құ­раған. Химия өнеркəсі­бінде өсім ам­мофос өндірісінің (+44,8 пайыз) жақ­сы көрсеткішінің есебінен 3,1 пайыз­ды құраған кө­рінеді. Министр бұл са­лада 613 мың­нан аса тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кəсіпорын жұмыс іс­тейтінін атап өтті.

Мемлекет басшысының Жол­дауында айтылған тапсырманы орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету жəне өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді, базалық инфрақұрылымды қа­лыптастыруды, ірі жəне стратегия­лық инвестициялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ нарықта жеңіл­дікті қаржыландырудың жеткілікті кө­лемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

Отырыста “Бəйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұр­болат Айдапкелов өңдеу өнер­кəсібін дамыту шаралары тура­лы баяндама жасады. Премьер-Министр биылғы 8 айдың қорытын­ды­сы бойынша Ақмола облысында өң­деу өнеркəсібіне тартылған ин­вес­тиция көлемі 70 пайызға, Ақтөбе жəне Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18 пайызға төмендегенін атап өтті. Өңір əкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров жəне Берік Əбдіғалиұлы мəселеге қатысты түсініктеме берді.

Баяндамашыларды тыңдаған Əлихан Смайылов Мемлекет бас­шы­сы Жолдауында еліміздің мықты өнеркəсіптік негізін қалыптасты­руды ең басты міндет ретінде айқын­дағанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономи­касында өңдеу өнеркəсібі ерекше орын алады. “Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнер­кəсібінде, құрылыс индустриясын­да, машина жасауда, металлур­гияда жəне басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл – шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді”, – деді Премьер-министр. Ол Прези­дент тапсырмасына сəйкес бірқатар басым бағытта жоғары деңгейде өң­делген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тіз­бесі дайындалып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда мұнай, газ жəне көмір химиясында, металды те­рең өңдеу, уран өнеркəсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайт­қыштар өндірісі жəне басқа салалар­да осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға жəне офф­тейк-келісім шарттар əлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады”, – деді ол.

Премьер-министр мəлім еткен­дей бутадиен жəне полиэтилен өн­діру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықара­лық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы əлемдік компа­ния­лардың өндірістерін локализа­циялау жəне технологиялар транс­ферті бойынша тиімді жұмыс жүргізі­ліп жатыр. Атап айтқанда, газ де­текторларын, насостарды жəне қы­сым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді. Оның айтуынша, қорғаныс өнеркəсіп кешені бойынша да жоға­ры локализация үлесі жəне зама­науи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кə­сіпорындарды қолдау үшін жыл со­ңына дейін арнайы қорғаныс-өнеркəсіп кешенін дамыту қоры құрылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы­ның тапсырмасы бойынша машина жасау саласын дамыту жөніндегі ке­шенді жоспардың жобасы дайында­лып жатыр. “Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі ка­питалға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бе­реді”, – деді Үкімет басшысы.

Биыл жеңіл өнеркəсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұ­мыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестиция­лық шығындарды өтеу, мемле­кеттік сатып алу барысында отан­дық өндірушілерді қолдау шара­ла­ры қарастырылады. “Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыт пен міндет белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асы­руды қамтамасыз ету қажет”, – деді Əлихан Смайылов.

Мас жүргізушіге – қатаң шара

Үкімет отырысында жол қозға­лы­сы қауіпсіздігін қамтамасыз ету ша­ралары күн тəртібіне шықты. Онда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көр­сеткіштерінің төмендегенін айтты. Жол-көлік оқиғалары – 13 пайызға, зардап шеккендер саны – 16 пайыз­ға, қаза тапқандар – 1 пайызға азай­ғанын айтты. Дегенмен жалпы оң ди­намикаға қарамастан, Алматы қала­сы мен облысында, Жамбыл, Түркі­стан, Жетісу өңірлерінде апаттар деңгейі əлі де жоғары екен. Соны­мен қатар биыл 5,5 млн.-нан аса жол қозғалысы ережесін бұзуға тос­қауыл қойылғаны, 15 мыңға жуық мас күйдегі жүргізуші ұсталғаны, 9 мың адамның көлік жүргізу құқығы­нан айырылғаны, тағы 15 мың адамның əкімшілік қамауға алынға­ны, сондай-ақ 215 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынғаны ата­лып өтті.

Баяндамашы ІІМ-нің емтихандар­ды қабылдау ережесіне өзгеріс­тер енгізгеніне де тоқталды. Енді ем­ти­хан тапсыру үдерісі онлайн-трансляция арқылы бақыланады, “Автомектеп” ақпараттық жүйесінде білім алушыларды міндетті тіркеу нор­масы енгізілді. Нəтижесінде, ті­зім­дерді түзету мүмкіндігі алынып тасталады. Қазіргі уақытта түзету­лердің екінші пакеті əзірленді. Дайын­дық курстарын аяқтау туралы куəліктерді жəне медициналық анықтамаларды электрондық ны­санға көшіру жоспарланған. Соны­мен қатар жүргізушілердің өз бетін­ше дайындалуын алып тастау мə­селесі пысықталмақ Бұдан бөлек əкімдіктердің қолдауы мен жол қоз­ғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдердің бел­сенді түрде енгізіліп жатқаны айтылды. Қазір жолдарда жол ере­жесін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера орнатыл­ған. Олардың көмегімен барлық заң жəне жол ережесін бұзушылықтың 50 пайызы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70 пайыз­ға дейін өсті. Мұндай жүйелерді өңірлерде енгізу жұмыстары жалға­сып жатыр. Сонымен қатар “Қорғау” бағдарламасы арқылы тұрақты түр­де тəртіп бұзатындарға шара қолда­нылады. Ол жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол ережесін бұзып, айыппұл тө­леуден жалтарған көлік жүргізуші­лерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шəріпханов пен Көлік министрінің міндетін атқару­шы Талғат Ластаев баяндама жаса­ды. Премьер-министр Алматы об­лы­сында жол үстіндегі өлім-жітім көр­сеткіші ең жоғары, Түркістан об­лысында жол-көлік оқиғалары, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артқанын, ал Абай облысында жалпы апат деңгейінің 2 есеге жуық өскенін атап өтті. Осы мəселелер бойынша облыс əкімдері Марат Сұл­танғазиев, Дархан Сатыбалды, Нұрлан Ұранхаев түсініктеме берді.

Үкімет басшысы биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендер­дің саны біршама төмендегенін на­зар­ға алды. Десе де жол үстінде кү­ніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. “Əлі күнге дейін елді мекендер­де жарығы, жаяу жүргіншілер өтетін жерлері мен бағдаршамдары жоқ жол учаскелері кездеседі. Осы­ның бəрі қайғылы жағдайларға, оның ішінде балалар арасындағы өлім-жітімге əкеліп соғуда. Сондық­тан жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды əзірлеу біздің басты міндетіміз”, – деді Əлихан Смайылов.

Осыған байланысты Үкімет бас­шысы əрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүр­гізуді жəне жол апаттары жиі бо­ла­тын учаскелерде жол қозғалысын қа­дағалауды күшейтуді тапсырды. “Сондай-ақ жүргізушілердің өз бетін­ше дайындалу мүмкіндігін алып тастау мəселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нəтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бір­ле­сіп, жүргізуші куəлігін алу емти­хандарының сапалы өткізілуін қам­та­масыз ету керек”, – деді ол.

Отырысты қорытындылай келе жекеменшік таксидің, əсіресе қала­аралық бағыттардағы такси қызме­тін реттеу жөнінде қосымша шара­лар қабылдауды, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапа­сын тиімді бақылау механизмін əзір­леуді, заң бұзушылықтарды тіркеу камераларының санын көбейту жəне трассалық медициналық құт­қа­ру пункттерін дамыту, оның ішін­де мобильді жылжымалы бригадалар құру жөнінде іс-шаралар қабылдауды тапсырды.

(“Egemen Qazaqstan”,

4 қазан 2023 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp