Облыс орталығында пәтер жалдау мен сатып алу құны жылдан-жылға қымбаттап барады. Риелторлар баспана құны еліміздің мегаполистеріндегі пәтер бағасынан қымбат болмаса, арзан емесін айтады.
Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағыдай миллиондаған тұрғыны болмаса да, Петропавлда үй бағасы шарықтап тұр. Былтыр көршілес Ресей еліндегі жағдайға байланысты шекарадан бері ағылған халықтың сұранысы пәтер жалдау құнын аспандатып жіберген еді. Алайда арада бір жыл өтіп, жағдай тұрақталғанына қарамастан, баға сол күйі өзгеріссіз қалды. Керісінше күн санап қымбаттап барады. Петропавлда пәтерді жалға берумен айналысатын Юлия Новикова сұранысқа қарай бағаның да көтерілетінін айтты.
“Бұрындары мамыр-тамыз айларында пәтерді жалға алу құны арзандайтын. Себебі бұл уақытта сұраныс төмендейді. Ал соңғы 2-3 жылда сұраныс жоғары, осыған сәйкес бағасы да қымбаттады”, – дейді ол. Әсіресе тәуліктік пәтер жалдауға деген сұраныс өте жоғары екен. Ескі үйлердің жоғары қабатындағы бір бөлмелі шағын пәтердің тәуліктік жалдау ақысы – 8-9 мың теңгеден басталады. Ал ортаңғы және төменгі қабаттағы дәл сондай пәтерді 10-12 мың теңгеге жалға береді.
“Үйдің орналасқан аймағына қарай баға өзгеріп отырады. Мысалы, қаланың орталығынан 10-12 мың теңгеге тәуліктік пәтер жалдай алмайсыз. Ең арзаны 13-14 мың теңге”, – деген риелтор Оксана Заикина соңғы екі айда пәтер жалдау құнының күрт артқанын, ал оған өзге аймақтардан студенттердің келуі себеп болғанын жасырмайды.
Жалдамалы пәтерлерге жарнама жасайтын әлеуметтік желілер мен сайттарды сүзіп шығып, бірнешеуіне арнайы хабарластық. Алдымен тәуліктік пәтерді жалға берушілерге қоңырау шалдық. Жарнама сайтында көрсетілген тәулігіне 6500 теңгелік пәтер иесі ә дегеннен ондай бағаның бүкіл қалада жоғын алға тартып: “Сайттағы ескі жарнама. Менің екі пәтерім бар. “Есіл” мейрамханасына жақын маңдағы 1 бөлмелі, үшінші қабаттағы пәтерімді тәулігіне 13 мың теңгеге беремін. Ал “Тайга” дүкені маңындағы 2-ші қабаттағы 2 бөлмелі пәтерімді 15 мың теңгеге беремін. Себебі ол пәтерде ыдыстан бастап, үтікке дейін бәрі бар. Сонымен қатар аптаның сәрсенбі күніне дейін ғана осы бағамен беремін. Аптаның соңына қарай баға көтеріледі”, – деді. Келесі қоңырауымызға жауап берген Елена Никитина бір тәулікке беретін пәтеріне екі тәуліктің құнын алдын ала алатынын айтты. Мұнысын сақтық үшін деп түсіндірді. Пәтер берушілерге кезекпен хабарласа отырып түсінгеніміз, жарнама сайттарындағы бағалардың жартысынан көбі жалған екен. Шынайы бағаны арнайы хабарласып қана анықтай аласыз.
Әлемнің кез келген еліне барған адам арзан жатын орынды сол жердегі хостелдерден табатыны белгілі. Сондай хостелдер біздің елімізде де бар. Мәселен, Астана, Алматы қалаларындағы хостелде бір кісілік жатын орынның тәуліктік бағасы 800-1000 теңгеден басталады. Ең қымбаты – 3-4 мың теңге. Ал Петропавлдағы хостелдерде дәл сондай бір кісілік кереуеттің бағасы 5000 теңгеден басталады.
Тәуліктік пәтер жалдау құнының қымбат болуы анда-санда келетін қонақтардың арқасында мейлінше ақша тауып қалайық деген риелторлардың ішкі есебі болар деп болжадық. Бәлкім Петропавлда пәтерді бір айға жалға алу тиімдірек болар деген оймен тағы біраз кісіге телефон шалдық. Жарнама сайтындағы ең арзан деген пәтерді жалға беруші риелторға хабарласып: “Береке” шағынауданындағы бір бөлмелі, бесінші қабаттағы пәтерді 130 мың теңгеге жалға беремін. Пәтердің ішінде бір киім шкафынан басқа ештеңе жоқ. Төсеніш, кір жуғыш машинасы, тоңазытқыш жоқ. Жалдау құнынан бөлек, коммуналдық қызмет ақысы үшін алдын ала 15000 теңге, сақтық депозитіне – 30 мың теңге, менің қызмет ақым үшін 35 мың теңге төлейсіз”,– деген жауап алдық. Әлі қызметін тұтынбаған газ, су, электр үшін неге алдын ала 15000 теңге алатынын сұрағанымызда, “төлемей қашып кетпеу үшін” екенін алға тартты. Тәуліктік пәтерге 10-15 мың теңгені қымбатсынған адамға пәтерді бір айға жалдау да арзанға түспейді екен. Себебі бір айға арзан деген 130 мың теңгелік пәтерді жалға алу үшін қалтаңызда кемінде 200-250 мың теңгеңіз болуға тиіс. Алайда бұл сома ең арзан пәтер үшін екенін ескерсек, айлық жалдау құны 250-300 мың теңгелік пәтерді жалдауға әмияныңызда кем дегенде 400-450 мың теңгеңіз болуы керек.
Қызылжар өңірі “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” атты ұлттық жобаға қатысушы аймақ екені белгілі. Сол жоба бойынша еліміздің халқы тығыз орналасқан өңірлерінен бұл жаққа қоныс аударып келушілер де аз емес. Көшіп келгендердің ең алдымен табан тірейтіні де Петропавл қаласы болатынын ескерсек, келгендер ас-суынан бөлек, бірер күнге қалу үшін тәуліктік пәтерге 20-30 мың теңге төлеуге мәжбүр. Осындай жағдайды басынан өткерген Алматы облысынан қоныс аударған Нағима Бекталы екі апта бойы жалға берілетін пәтер іздеген. Осы уақыт бойы тәуліктік пәтерді жалдауға мәжбүр болған.
“Өткен аптада ғана “Айсберг” сауда үйі маңындағы ескі үйлердің бірінде 4-ші қабаттағы 2 бөлмелі пәтерді 160 мың теңгеге жалдадық. Айта кетейін, тәуліктік пәтерді жалдау үшін әр күн 9000 теңгеден 126 мың теңге шығынға баттық. Ал пәтерді айына жалдаудың жалпы құны – 245 мың теңгеге шықты. Риелторға 35 мың теңге, депозитке 35 мың теңге, алдын ала коммуналдық қызметке деп 15 мың теңге бердік. Енді ай сайын 160 мың теңге жалдау құнын және қосымша тұтынған коммуналды қызмет ақысын төлеп отырамыз. Алматы, Астанада пәтердің ішінде ең болмаса ескі кілемдері мен шкаф, жатын орын, кір жуатын машина мен тоңазытқыш міндетті түрде болады. Ал мұнда бос тұрған пәтерді 150-200 мың теңгеге береді. Бағасына лайық пәтер табу өте қиын. Алатын жалақым – 70 мың теңге. Жұбайымның табысы – 80 мың теңге. Күнкөрісімізге ақша қалмайын деп тұр”, – дейді Нағима Бекталы.
Петропавл – еліміздегі жалақы көрсеткіші төмен аймақтардың қатарына кіреді. Соған қарамастан қаладағы жалға берілетін пәтер құны мен сатылымдағы пәтер бағасы удай қымбат. Пәтерін риелторсыз өзі жалға беретін Ольга Павлова: “Пәтерімді жалға бермесем, бір ғана жалақымен өмір сүру өте қиын. Шетелде оқитын екі баламның шығындары менің мойнымда. Сол себепті бос тұрған екінші пәтерімді 140 мың теңгеге жалға беремін. Коммуналдық шығын үшін алдын ала 15 мың теңге аламын. Себебі талай рет пәтер жалдағандар соңғы айының коммуналдық шығынын төлемей, терезе жақтауын сындырып кеткен болатын. Сол себепті сақтық үшін депозитке және коммуналдық шығынға деп алдын ала ақша аламын”, – дейді.
Жалпы пәтерді жалға беру құнына әсер ететін бірнеше фактор бар. Ол – берілетін пәтердің орналасқан жері, туристік аймақпен байланысы, пәтер берілетін өңір халқының өмір сүру деңгейі. Осы факторлардың қайсысы Петропавл қаласындағы пәтерді жалға беру құнының өсуіне түрткі болып отырғанын дөп басып айту қиын.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.