Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаев қаласында “Қарлығаш” әйелдер тігін клубы ашылды. Онда қыз-келіншектер тігіншіліктің қыр-сырымен танысады.
Тың жобаны өңірге танымал дизайнер Зарина Черняева қолға алған. Дизайнердің айтуынша, клуб әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Жаңа орталықта көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан қыз-келіншектер тігін ісін меңгереді.
Клубтың ашылуына облыс әкімі жанындағы және аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия қолдау білдірген.
– “Қарлығаш” клубына келем деушілердің барлығын шақырамыз. Көпбалалы аналар, жұмыссыз қалып, қиындыққа тап болған қыз-келіншектер келіп, кәсіп меңгереді. Оқыту тегін, – деді Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Елена Семидоцких.
Клубтың ашылуына өңірдің қоғам белсенділері, аудан басшылығы, меценаттар мен кәсіпкерлер қатысты. Қазақы дәстүрге сай шашу шашылып, ақсақалдар баталарын берді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.