Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту шаралары қаралды. Сондай-ақ отырыста жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тәртібіне шықты.
Өндіріс дамуындағы оң динамика
Елімізде өңдеу өнеркəсібі өрісін кеңейтіп, өнім көлемін арттырып келеді. Өткен жылдың қорытындысына сəйкес еліміздің ішкі жалпы өнімінің 13,4 пайызын осы сала құрапты. Сөйтіп экономикаға қосқан үлесі бойынша сауда жəне тау-кен өнеркəсібінен кейінгі үшінші көрсеткішке қол жеткізді. Өндіріс көлемі бойынша оң динамика байқалады. Былтырғы жылы өндірілген өнім көлемі 21,1 трлн. теңгені құрап, бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есеге артқан.
Өнеркəсіп жəне құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында осылай деді. Сонымен қатар өңдеу өнеркəсібінің өндіріс көлемі 8 ай ішінде 14 трлн. теңгені құрап, өткен жылдың сəйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға өсіпті. Салалар бойынша автокөлік құралдарын (+42,2 пайыз), машиналар мен жабдықтарды (+22,5 пайыз), сондай-ақ электр жабдықтарын (+34,3 пайыз) шығару есебінен машина жасау 28,1 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсеткен. Жеңіл өнеркəсіпте тоқыма бұйымдары өндірісінің (+35,9 пайыз) дамуы есебінен өсім 19,8 пайызды құраған. Химия өнеркəсібінде өсім аммофос өндірісінің (+44,8 пайыз) жақсы көрсеткішінің есебінен 3,1 пайызды құраған көрінеді. Министр бұл салада 613 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кəсіпорын жұмыс істейтінін атап өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырманы орындау шеңберінде өңдеуді тереңдету жəне өңдеу өнеркəсібі кəсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуді, базалық инфрақұрылымды қалыптастыруды, ірі жəне стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ нарықта жеңілдікті қаржыландырудың жеткілікті көлемімен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.
Отырыста “Бəйтерек” ұлттық басқарушы холдингі” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрболат Айдапкелов өңдеу өнеркəсібін дамыту шаралары туралы баяндама жасады. Премьер-Министр биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Ақмола облысында өңдеу өнеркəсібіне тартылған инвестиция көлемі 70 пайызға, Ақтөбе жəне Ұлытау облыстарында өндіріс көлемінің 18 пайызға төмендегенін атап өтті. Өңір əкімдері Марат Ахметжанов, Асхат Шахаров жəне Берік Əбдіғалиұлы мəселеге қатысты түсініктеме берді.
Баяндамашыларды тыңдаған Əлихан Смайылов Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің мықты өнеркəсіптік негізін қалыптастыруды ең басты міндет ретінде айқындағанын еске салды. Бұл ретте кез келген мемлекеттің экономикасында өңдеу өнеркəсібі ерекше орын алады. “Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркəсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда жəне басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған. Бұл – шамамен 12,5 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді”, – деді Премьер-министр. Ол Президент тапсырмасына сəйкес бірқатар басым бағытта жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалып жатқанын атап өтті. Нақты айтқанда мұнай, газ жəне көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркəсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі жəне басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға жəне оффтейк-келісім шарттар əлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады”, – деді ол.
Премьер-министр мəлім еткендей бутадиен жəне полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында тұр. Сонымен қатар Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы əлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау жəне технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, газ детекторларын, насостарды жəне қысым датчиктерін шығару бойынша бірқатар жаңа жоба пайдалануға берілді. Оның айтуынша, қорғаныс өнеркəсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі жəне заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Бұл ретте кəсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы қорғаныс-өнеркəсіп кешенін дамыту қоры құрылады. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалып жатыр. “Оны іске асыру осы саладағы өндірісті 2 еседен аса, экспорт көлемін 3 есеге, негізгі капиталға салынатын инвестицияны 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді”, – деді Үкімет басшысы.
Биыл жеңіл өнеркəсіпті дамытудың жол картасын өзектендіру жұмыстары аяқталады. Онда тоқыма өндірістерін құру кезінде инвестициялық шығындарды өтеу, мемлекеттік сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдау шаралары қарастырылады. “Жалпы өңдеу секторын дамыту бойынша барлық негізгі бағыт пен міндет белгіленді. Енді оларды белсенді түрде іске асыруды қамтамасыз ету қажет”, – деді Əлихан Смайылов.
Мас жүргізушіге – қатаң шара
Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күн тəртібіне шықты. Онда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев биыл жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштерінің төмендегенін айтты. Жол-көлік оқиғалары – 13 пайызға, зардап шеккендер саны – 16 пайызға, қаза тапқандар – 1 пайызға азайғанын айтты. Дегенмен жалпы оң динамикаға қарамастан, Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл, Түркістан, Жетісу өңірлерінде апаттар деңгейі əлі де жоғары екен. Сонымен қатар биыл 5,5 млн.-нан аса жол қозғалысы ережесін бұзуға тосқауыл қойылғаны, 15 мыңға жуық мас күйдегі жүргізуші ұсталғаны, 9 мың адамның көлік жүргізу құқығынан айырылғаны, тағы 15 мың адамның əкімшілік қамауға алынғаны, сондай-ақ 215 мыңнан аса жаяу жүргіншіге айыппұл салынғаны аталып өтті.
Баяндамашы ІІМ-нің емтихандарды қабылдау ережесіне өзгерістер енгізгеніне де тоқталды. Енді емтихан тапсыру үдерісі онлайн-трансляция арқылы бақыланады, “Автомектеп” ақпараттық жүйесінде білім алушыларды міндетті тіркеу нормасы енгізілді. Нəтижесінде, тізімдерді түзету мүмкіндігі алынып тасталады. Қазіргі уақытта түзетулердің екінші пакеті əзірленді. Дайындық курстарын аяқтау туралы куəліктерді жəне медициналық анықтамаларды электрондық нысанға көшіру жоспарланған. Сонымен қатар жүргізушілердің өз бетінше дайындалуын алып тастау мəселесі пысықталмақ Бұдан бөлек əкімдіктердің қолдауы мен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына цифрлық шешімдердің белсенді түрде енгізіліп жатқаны айтылды. Қазір жолдарда жол ережесін бұзғандарды автоматты түрде тіркейтін 22 мың камера орнатылған. Олардың көмегімен барлық заң жəне жол ережесін бұзушылықтың 50 пайызы тіркеледі. Астана мен Шымкентте бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін өсті. Мұндай жүйелерді өңірлерде енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар “Қорғау” бағдарламасы арқылы тұрақты түрде тəртіп бұзатындарға шара қолданылады. Ол жалған нөмірлі, сақтандырусыз, іздеуде жүрген немесе жол ережесін бұзып, айыппұл төлеуден жалтарған көлік жүргізушілерін автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шəріпханов пен Көлік министрінің міндетін атқарушы Талғат Ластаев баяндама жасады. Премьер-министр Алматы облысында жол үстіндегі өлім-жітім көрсеткіші ең жоғары, Түркістан облысында жол-көлік оқиғалары, қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны артқанын, ал Абай облысында жалпы апат деңгейінің 2 есеге жуық өскенін атап өтті. Осы мəселелер бойынша облыс əкімдері Марат Сұлтанғазиев, Дархан Сатыбалды, Нұрлан Ұранхаев түсініктеме берді.
Үкімет басшысы биыл жол-көлік оқиғалары мен зардап шеккендердің саны біршама төмендегенін назарға алды. Десе де жол үстінде күніне орта есеппен 5-6 адам қаза табады. “Əлі күнге дейін елді мекендерде жарығы, жаяу жүргіншілер өтетін жерлері мен бағдаршамдары жоқ жол учаскелері кездеседі. Осының бəрі қайғылы жағдайларға, оның ішінде балалар арасындағы өлім-жітімге əкеліп соғуда. Сондықтан жол қауіпсіздігін арттыру, жол апаттары мен өлім-жітім деңгейін азайту жөніндегі жүйелі шараларды əзірлеу біздің басты міндетіміз”, – деді Əлихан Смайылов.
Осыған байланысты Үкімет басшысы əрбір өңір бөлінісінде жол апаттарына жан-жақты талдау жүргізуді жəне жол апаттары жиі болатын учаскелерде жол қозғалысын қадағалауды күшейтуді тапсырды. “Сондай-ақ жүргізушілердің өз бетінше дайындалу мүмкіндігін алып тастау мəселесін пысықтау қажет. Бұл қадам тиісті нəтиже берген жоқ. Цифрландыру министрлігімен бірлесіп, жүргізуші куəлігін алу емтихандарының сапалы өткізілуін қамтамасыз ету керек”, – деді ол.
Отырысты қорытындылай келе жекеменшік таксидің, əсіресе қалааралық бағыттардағы такси қызметін реттеу жөнінде қосымша шаралар қабылдауды, көлік құралдарын техникалық тексеруден өткізу сапасын тиімді бақылау механизмін əзірлеуді, заң бұзушылықтарды тіркеу камераларының санын көбейту жəне трассалық медициналық құтқару пункттерін дамыту, оның ішінде мобильді жылжымалы бригадалар құру жөнінде іс-шаралар қабылдауды тапсырды.
(“Egemen Qazaqstan”,
4 қазан 2023 жыл).