«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Құнды карта

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – “қырғыз аймағының картасы”. Бұл жәдігерді мәдениет ошағына географ, зерттеуші Александр Седельников тапсырған.

Қазақтың Алтайдан Атырауға дейін созылған ұлан-байтақ жерін зерттеген ғалымдар аз болмаған. Олардың алғы шебінде Александр Никитичтің тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Географ бұл туындысы арқылы халқымыздың (ХХ ғасырдың басында) барлық өңірлерін, өзен-көлдерін, қырат-ойпаттарын карта бетіне бедерлеуге тырысқан. “Қырғыз аймағының картасы” Санкт-Петербургте шығарылған “Біздің Отанымыздың толық географиялық сипаттамасы” атты еңбектің XVIII томында жарияланған.

Тарихшы, этнограф, Батыс-Сібір мен Шығыс Қазақстанды зерттеуші, орыс география қоғамының Батыс-Сібір бөлімшесінің мүшесі А.Седельников 1876-1919 жылдар аралығында ғұмыр кешкен. 1897-1919 жылдар аралығында Алтайға 12 рет саяхат ұйымдастырған, осы өлкенің өзен-көлдерін зерттеген. “Зайсан” көлі кітабы үшін оған орыс география қоғамының кіші алтын медалі берілген. Қазақ даласына бірнеше рет саяхат жасап, жергілікті халықтан қазақ ертегілері мен аңыздарын жазып алып, Шығыс Қазақстанның өсімдік және жануарлар дүниесін зерттеді. Солардың негізінде 21 ғылыми еңбек жазды. Кітабының XVIII томындағы қазақтар туралы тарауды Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановпен бірге жазып, Абайдың ақындық таланты жайлы орыс ғалымдары арасында тұңғыш рет сөз қозғап, жоғары баға берді. Ол туған інісі Николаймен бірлесіп, қазақ ауыз әдебиетін насихаттауға, Абай шығармаларын орыс тіліне аударуға көп күш-жігерін жұмсады.

“Бар ғұмырын қазақ тарихын зерделеуге арнаған ғалымның артына қалдырған мұрасы мол. Оның Қазақстанның географиясы, ботаникасы, зоологиясы, геологиясы, археологиясы этнографиясы туралы ғылыми еңбектері тарихшылар үшін әдістемелік құрал іспеттес. Музейге өз қолымен сыйға тартқан “Қырғыз аймағының картасынан” көп дүниелерді: жер-су атауларын кездестіруге болады”, – дейді тарихшы Мұңайтпас Дүкенбаев.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp