Облыстық қуыршақ театрына Қорған қаласынан “Гулливер” қуыршақ театрының актерлері келді. Жыл сайынғы дәстүр бойынша жерлестеріміз қонақтарды қазақтың қара домбырасымен қарсы алды. Ыстық бауырсақтан дәм татқызып, шашуын шашты.
Қорғандық қуыршақ театры жас көрермендеріне танымал “Күлше қыз” ертегісін ала келген. Қоюшы режиссері – Томаш Алфери. Алена есімді қуыршақты басқаратын Анна Лазареваның айтуынша, басты рөлдегі кейіпкердің образы арқылы балалардың бойына мейірімділікті, шыншылдық пен еңбекқорлықты сіңіру қажет.Жалпы қуыршақ театры арқылы бала өнер әлемiн таниды және адамгершiлiк қасиеттерге үйренеді. Моральдік құндылықтарды түсіндіріп, достық, жақсылық, еңбекқорлыққа баулып, қиялды дамытады, көркемдiкке тәрбиелеп, көзқарасты кеңейтедi.
Бұл спектакль қос өнер ордасы ортасында бекітілген меморандум аясында қойылып отыр. Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі Айбол Қасымның айтуынша, былтырғы жылы жергілікті актерлар Қорған қаласына барып, өз өнерлерін паш еткен. Ал биыл олар бізге қонаққа келіп отыр. “Күлше қызды” көруге асыққан көрерменнің қарасы көп болды.
– Мен Петропавл қаласына жұмыс сапарымен бірінші рет келіп тұрмын. Бұл спектальді таңдаған себебіміз – оның декорациясын өзге өңірге жеткізу жеңіл. Көп әртісті қажет етпейді. Мұнда бір адам ғана ойнайды, – дейді “Гулливер” қуыршақ театрының актирасы Анна Лазарева.
Облыстық қуыршақ театрының ұжымы тәжірибе алмасу мақсатында қазан айында Шымкентте өтетін халықаралық фестивальге қатысуды жоспарлап отыр.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.