Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов жұмыс сапарымен Мамлют ауданына барды. Жергілікті жердің тыныс-тіршілігімен танысуды “Әйтеке би СК” ЖШС-ның Калугино ауылында салып жатқан сүт өнімдерін шығаратын зауытынан бастады.
Қазан айында іске қосылуы тиіс зауыт құрылысына тартылған инвестициялық қаржы – 2,3 млрд. теңге. Жылына 2700 тонна сүт өндірілмек. Сонымен қатар 600 бас ірі қара ұстамақ 15 адам жұмыс істейді. “Әйтеке Би СК” ЖШС-ның директоры Асқар Мәдиев атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы баяндады.
Өңір басшысы Мамлютка қаласындағы жылыту орталығының қазіргі жағдайымен танысып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге назар аударды. 2016 жылы құрылысы басталған жылыту орталығының іске қосылуын тұрғындар асыға күткен еді. Алайда құрылысы аяқталғанымен, іске қосылуы ұзаққа созылып кетті.
“Қыс қыр астында. Ал жылыту орталығында бітпеген шаруа көп. Бұл қалай? Алдағы күндері олқылықтар жойылып, жылыту орталығы 100 пайыз іске қосылатын болсын”, – деді Ғауез Торсанұлы. Жылыту орталығының мердігері “Алтын Солтүстік” ЖШС-ның директоры Руслан Құрмашев түйінді мәселелерді шешіп, қазандықты іске қосатынын жеткізді.
Облыс әкімі жөнделіп жатқан жолдардың құрылысымен танысып, қала тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар тарапынан айтылған көшелерді жарықтандыру, дәріхана ашу сынды ұсыныстар бойынша жауапты тұлғаларға тапсырма жүктелді. Ал Мамлютка қаласының ішіндегі жолдарды жөндеп жатқан “Гегарт” ЖШС-ның басшысы Андраник Сакунц қазан айының соңына дейін құрылысты аяқтауы тиіс. 7 шақырымдық жолды жөндеуге 83,7 млн. теңге бөлінген.
Осы күні өңір басшысы алқап басына да барды. “Хуландой” ЖШС-ның иелігінде 3074 гектар жер бар. Оның 2312 гектары егістік, қалғаны – мал жайылымы. Шаруа қожалығында 160 адамның үлесі бар. Жыл сайын алқапты өңдеуге 62 тонна тыңайтқыш қолданылады.
“Қожалықта – 10 комбайн, 10 трактор мен басқа да қажетті техникалар бар. Ұжымда 16 адам жұмыс істейді. Жұмысшылардың орташа жалақысы – 178 мың теңге көлемінде. Былтыр мемлекеттен 24 млн.теңге субсидия алдық”, – дейді серіктестік басшысы Небиюла Сағындықов. Мұнан кейін диқандармен тілдескен облыс басшысы кез келген проблеманы шешудің тиімді жолы қарастырылатынын айтты.
Өңір басшысының жұмыс сапары Новомихайловка ауылындағы сұйық тыңайтқыш шығару зауытында жалғасты. 2020 жылы іске қосылған зауыттың инвестициялық құны – 113,1 млн.теңгені құрайды. Жылына 1500 тонна аммиакті карбамид қоспасын шығаратын зауытта 4 адам жұмыс істейді. Зауыттың қазіргі кезде атқарып жатқан шаруаларына тоқталған “Новомихайловское – 2003” ЖШС-ның директоры Вячеслав Щеголев әр жұмысшының жалақысы 300 мың теңгенің көлемінде екенін айтты. Сонымен қатар осы ауылда серіктестіктің көмегімен спорт кешеніне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген. 2024 жылы қолдануға берілетін нысан құрылысына жұмсалатын қаржы көлемі – 50 млн. теңге.
Меңгесер ауылына барған Ғауез Нұрмұхамбетов бұл жердегі “Мәмбетов және К” командиттік серіктестігінің әлеуетімен танысты. Серіктестік 2019 жылы сүт фермасын ашқан. Фермадағы 2392 бас сиырдан жылына 3000 тоннадан астам сүт өндіріліп, нарыққа шығарылады. Ферманың инвестициялық құны – 2,3 млрд. теңге. Компания директоры Ойрат Нұрмағамбет ферма жұмысшыларына арнап баспана салып жатқанын айтты. Серіктестік бұл мақсатқа 98 млн.теңге көлемінде қаржы бөлген. Қазіргі таңда 7 үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Самат БАЙҒАЗЫ.