«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жан жарасы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бала күнгі досым – Ерсін қайырымдылықпен айналысады. Қайсыбір жылы екеуіміз Аққайың ауданына бардық. Аудан орталығы – Смирново ауылында қарттар үйінің бар екенін бұрыннан білетінбіз. Осы жолы қамқөңіл жандармен кездесіп, әңгімелесуді, апарған азын-аулақ сый-сияпатымызды үлестіріп беруді ойладық. Біз барғанда аға буын өкілдері есік алдында серуендеп жүр екен. Жүздерінен мұң байқалды. Ә дегеннен ашыла қойған жоқ. “Бұлар кім болды екен. Менің балам емес пе?” дегендей сұраулы жүзбен қарағандар да кездесті.

Қарсы алдымда жанарымен жер шұқып қазақтың қара шалы отырды. Дірілдеген ұзын саусақ­тары­нан, жырадай әжімдерінен өмірдің түрлі сынағын басынан кешіргені кө­рініп тұрды. Самайын ақ шалыпты. Иегіндегі титімдей сақалы да қы­рау­ланған. Сипап қояды. Халқымыз “Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” деген сөзді бекер айтпаған ғой. Бейтаныс қартты уақыттың қа­тал тезі тоздырғанымен, бір кезде екі иығына екі кісі мінгендей атпал аза­мат болғандығы аңғарылып-ақ тұр. Мекеме қызметкерлері ақсақал ке­зінде жақсы қызметтің тізгінін ұста­ғанын айтып қалды. Ауыл­дастары­ның қамқорына айналып, шаңырағын шаттыққа бөлеген сол азамат бү­гінде тағдырдың салған жүгін көтере алмай, еңкіш тартыпты. Еңсесінің тө­мен түскенін білдіргісі келмейді. Жа­нына жақын барып отыра бергенім сол еді, “Осы күніме шүкір”, – деді қат­қылдау үнмен. Неге бұлай айт­қанын түсінбедім. Өмірінің көбі кетіп, азы қалғанына шүкір етті ме екен? Кәрі қойдың жасындай жасы қалған­да жер басып тірі жүргеніне шүкір дей ме екен? Бір емес үш бірдей ұлы­ның әкелерін қарттар үйіне өткіз­гені­не налитын шығар. Бауыр еті бала­ла­рына деген өкпе-реніші еске түс­кен­де оларға айта­тын қарғысын алғыс­қа айнал­дыр­ғысы келер, бәлкім! Ақса­қалдың “осы күніме шүкір” деп айтқанының мәнін түсіне алмадық. Орынбай (есімі өзгертілді) қарттың ұлдарына деген өкпесі қара қазан­дай. Әсіресе, кенжесіне ренжиді. Зайыбы Күләй­шаның көзі тірі кезін­де өмірінің бұ­лай өзгерерін сезбе­ген. Үлкен екі ұлын үйлендіріп, жеке отау қылып шығарыпты. Олар қазір елор­дада тұрады екен. Көп өтпей кенже­ ұл да шаңырақ көтергісі ке­летінін айтқан. Бұл жаңалықты ес­тіген екеуі “қолымызды жылы суға ма­ламыз” деп қуанса керек. Іргесін абыз әкесі мен асыл анасы қалаған қарашаңырақ­тың қабырғасының беки түсетініне иланған. Қазақтың “кенже бала, үл­кен үй” дәстүрінің жал­ғасатынына сенген. Алайда, бәрі ке­рісінше бо­лып шықты. Кенжелері өзге этностан алған келіншегінің деге­ніне көніп, қайын жұртын жағалап кеткен кө­рі­неді. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Күләйша әжей қатты ауы­рып, дүние салған. Жападан жалғыз қалған Орын­бай қарт қора­да­ғы малды, үйін­дегі дүние-мүлікті Астанадағы қос перзенті мен жақын­дарына теңдей бөліп берген. Ақса­қал­дың еңкілдеп жылап отырып айтқан әңгі­месін тыңдап, жа­на­рыма жас үйірілді. Қазақтың әлім­сақ­тан келе жатқан кенже бала дәстүрінің ұмытылып бара жатқанына қатты алаңдадым. Кенже бала дәс­түрінің, қасиетті ұғымның оңбай ой­сыраға­нынан шығар-ау, қоғамда қар­тайған ата-анасын қарттар үйіне тап­сыру деректері жиілеп барады.

Жалпы кенже бала деген кім? Ол – отбасының ең кішісі. Ықылым заманнан бері шаңыраққа ие болып қалу, ата-ананы бағу осы кенже ба­ланың маңдайына жазылған парызы мен қарызы еді. Бүгінгі күні осы дәстүрдің пышақпен кескендей сап тыйылуы орны толмас өкінішке ұрындырып отыр. Халқымыз қара­шаңырақ деп қадірлеген үйлердің бір теңгедей құны қалмағаны қалай? Қарашаңырақты ата-әжелеріміз “үлкен үй” деп ерекше қадірлемеп пе еді? Университетте оқып жүргені­мізде ауылды қатты сағынатынбыз. Қысқы каникулда туған жерге бар­ғанда шешем ас-ауқатымды бер­мес­тен: “Үлкен үйге барып, атаң мен әжеңе сәлем беріп кел. Қарашаңы­рақтың киесі бар”, – дейтін. Біз үл­кен үйге имене кіретінбіз. Іші-сырты, көлемі даңғарадай болмаса да атамның атасы, анасы тұрған үй бізге үлкен болып елестейтін.

Қазіргі уақытта қарашаңырақтан да қадір кетіп бара жатқандай. “Қа­рашаңырағымды” қаңыратпаймын дейтін аға буын өкілдерінің де саны азаюда. Кенже балалардың өсіп жетілген ұясын тастап, үдере көшуі шаңырақтың ғана емес, ауылдың да қабырғасын қаусатып отыр. Кенже баланың қарашаңырақтан ат құйры­ғын үзіп кетуінің тағы бір себебі, келін мен ененің арасындағы қарым-қатынасқа тіреледі. Оның да себеп-салдары біздіңше тым әріде жатыр. Бағзы замандағыдай әр шаңырақ­тан әлденеше баланың өрбуі сирек көрініс. Қазір қалалық жерді былай қойып, ауылдың өзінде бір-екі бала­мен ғана шектеледі. Психолог ма­ман­дардың айтуына қарағанда, жал­ғыз-жарым өскен балалар өзімшіл. Тек өз қара басын ғана ойлайды. Ал ондай келіннің көпшілік ортаға, жаңа отба­сына сыйысуы мүлде қиын. Осының салдарынан Орынбай ақса­қал сияқты қаншама қарттарымыз боздап қалуда.

…Орынбай ақсақал ауылын, қар­шаңырағын сағынады екен. Бір ба­рып, туған топыраққа аунап-қуна­ғы­сы келеді. Мекеме қызметкерле­рінің рұқсатын алып, ат басын ауыл­ға бұ­ру­ға болар еді. Алайда, ол елді ме­кен­нің бүгінде жұрты ғана қалған. Қа­рашаңырақтар төмпешікке айна­лыпты.

Біз қартар үйінің “тұрғындары­­мен” кездесуде ән айттық, күй тарт­тық. Мен әдетімше ақындардың өлеңін оқыдым. Ақын Ержеңіс Әб­диев­тің:

Қасиетіңнен айналдым, қарашаңырақ!

Оңаша кейде аламын балаша жылап.

Жүрсем де бұл күн төрінде зәулім үйлердің,

Қарашаңырақ қасында  аласа бірақ.

Бала күнімнің қарасам терезесінен,

Сандығын көрем анамның кебежесі мен.

Анамның көзі деп оған шаң жуытпаймыз,

Бабамның өзі бекіткен ережесімен.

Ауылдағы үйім тұрғанда неден қиналам

Десем де, әке жайында елеңдей қалам.

Үстелі анау, түнімен есеп жазатын,

Үстінде мынау папкасы өлең жинаған.

Жол қып жүрсе де үй менен мектеп арасын,

Тастамады үйде қолынан кетпен-арасын.

Өзінің жасыл оюлы тақиясындай

Көрем алыстан әкемнің еккен ағашын.

Қарашаңырақ – үйімнен жырақтағы ұлмын.

Аңсаймын кейде, қайтейін, шыдап та жүрмін.

Сағынғанымда картадан тауып алам да,

Сипап қоямын бетінен смарт­фонымның…, деп өрілген өлеңі қазақтың кемпір-шалдарын бейжай қалдырмады. Орынбай ақсақалдың жылап отырғанын байқадым. Кетері­мізде қарт менің қолымды қысып, құ­лағыма “Оқыған өлеңің тамаша екен. Осыны кенже балама жібе­ресің бе? Мүмкін ойланар”, – деп қолыма теле­фон нөмірі жазылған бір жапырақ қағазды ұстатты.

Алпамыс ЕРНАЗАРОВ,

ерікті.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp