Президент “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында кәсіпкерлік субъектілерінің назарын мемлекеттік кірістер органдарының салық төлеушілермен өзара іс-қимылының қолданыстағы моделін өзгертуге мүмкіндік беретін және мәжбүрлеп салықтық әкімшілендіруден оның профилактикалық сипаттағы қызмет етуіне көшуге ықпал ететін адалдық пен заңға мойынсұнушылық қағидаттарына аударды. Конституцияның 35 бабына сәйкес заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әр азаматтың бұлжымас борышы болып табылады. Мұның өзі мемлекеттік бюджетті толықтыруға және қалыптастыруға зор ықпал етеді.
Алайда барлық кәсіпкерлік субъектілері өздеріне заңмен жүктелген талаптарды тиісті деңгейде орындай бермейтінін қолдағы деректер айғақтайды. Мемлекеттік кірістер органдары жыл басынан бері салық жеңілдіктерін алу және салық төлемдерін азайту мақсатында салық төлеушілер жасаған мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы 111 талап арыз берді. 2022 жылға қарағанда талап арыздар саны 7 пайызға азайғанымен, жағдай көңіл көншітпейді. Талап арыздардың 43 пайызы бойынша өтініштер қанағаттандырылды, қалған мәмілелер сот өндірісінде қаралуда.
Мемлекеттік кіріс органдарының талап арыздары бойынша соттар шығарған шешімдерді талдау барысы кәсіпкерлік субъектілерінің даулы мәмілелер жасауының негізгі себептерін анықтап берді. Атап айтқанда, салық салынатын базаны (қаражат айналымының) жасанды түрде азайту, бюджетке төленуі тиіс салық мөлшерін заңсыз төмендету, не белгілі бір преференциялар алуға (төлеуден босату, субсидиялар алу) әкеп соғатын жосықсыздықтар және тағы басқалар. Осыған байланысты мемлекеттік кіріс органдары сот актілері негізінде жасырын салықтарды қосымша есептеу және өндіріп алу жөнінде нақты шаралар қабылдады.
Облыстық прокуратура кәсіпкерлік субъектілерін салықтарды, алымдарды және бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді уақытылы және толық төлеу жөніндегі талаптарды мүлтіксіз орындауға шақырады.
Майрамгүл ЖҮНІСОВА,
облыстық прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасы, сотта мемлекет мүдделерін білдірудің және атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын қадағалау тобының аға прокуроры.