Облысымызда “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы ұсынған “Мен – кәсіпкермін” жобасы бойынша кәсібін дөңгелетіп отырған жерлестеріміздің қатары көбеюде. Мәселен, биылдың өзінде “Әйелдер кәсіпкерлігін” дамыту бойынша 130-ға жуық қыз-келіншек тегін курста оқып, сертификат алды.
Қазір шаштараздар курсын өтіп жатыр. Онда қыз-келіншектер шаш күтімі, шаш қию түрлері мен әдістерін үйренеді.
– Теориялық сабақтарды аяқтадық. Енді қыздар өз білімдерін тәжірибе жүзінде қолданып, қолдарын жаттықтырады. Курстағы 15 қыздың арасынан 2-3 қатысушыны жұмысқа шақырдым, – дейді курс мұғалімі Татьяна Клабукова.
Курсқа қатысушы Матана Байбурина шаштараз мамандығы бойынша білім алған. Алайда тәжірибесін жетілдіру үшін қайтадан курстан өтуді жөн көріпті. Өз шеберлігін көрсете білген бойжеткенді тәлімгері жұмысқа шақырған.
Биыл “Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағыты” бойынша өткен оқу курстары толығымен аяқталды. Қазір келер жылы оқытылатын мамандық тізімін бекіту үшін өтініштер қабылданып жатыр.
Меруерт КЕҢЕСБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.