Достық үйінде Республика күніне арналған іс-шаралар аясында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың “Көп этностық Қазақстан: ұлттық бірліктің қалыптасу жағдайындағы этномәдени генезис” атты өңірлік конференция өтті. Конференция жұмысына А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің ғылыми мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Қапышев, халықаралық қатынастар, тарих және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушысы А. Свинарчук қатысты.
Топтың төрайымы Гүлбақша Мұсабаева іс-шараның мақсаты – өңірдің көп этностық құрамына құрметпен қарауды нығайту екенін атап өтті. Конференцияға қатысушылар қазақстандық бірліктің негізгі аспектілері жайында пікірлерін айтып, өңірде жүргізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысымен танысты. Сауалнамаға 800-ге жуық адам тартылған.
Облыстық этномәдени бірлестіктердің этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту жөніндегі жұмысы туралы “Қазақстанның орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тамара Родная, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының журналистер клубының төрайымы, “Коперник” поляк мәдени ұйымы төрағасының орынбасары Валентина Корнеева баяндады.
Ғылыми-сараптамалық топтың отырысына бірқатар аудандық мұражайлардың басшылары шақырылды. Оның өзіндік себебі бар. Өңірде Шал ақын мен Мағжан Жұмабаевтың мерейтойлары кеңінен атап өтілді. Шал ақын, Мағжан Жұмабаев және Жамбыл аудандық мұражайларының директорлары Маржан Таушарова, Серік Жұмағұлов, Данияр Мәкенов этномәдени орталықтармен ынтымақтастық орнату тәжірибелерімен бөлісті.
Конференцияға қатысушылар көп этносты Қазақстан мен этномәдени генезистің негізгі проблемалары мен мәселелерін талқылай келіп, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанындағы “Қазақстан халқы ассамблеясы” кафедрасымен бірлесіп, “Облыс этностары атласын” әзірлеу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ алдағы қызметтің жаңа бағыты айқындалды.
Ғылыми-сараптамалық топтың белсенді мүшелеріне естелік сыйлықтар мен “Қоғамдық келісім” мекемесінің алғыс хаттары тапсырылды.
Болат БАЗАРБАЕВ,
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының журналистер клубының мүшесі.